Білімді ұрпақ – ұлт болашағы
Білімді ұрпақ – ұлт болашағы
«Сапалы ортада білім алу – әрбір баланың құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – сапа», – деген Президент ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілетіндігін атап өтті. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандардың жетіспеушілігін алға тартып, «Осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн» деді. «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет», – деп қорытты. Білім беру ісіне сандық емес, сапалық көзқарасты қалыптастыруға бағытталып, ел Президентінің жоғарыдағы ой мен ұсынысын, алға қойған міндеттерін жергілікті жерде шешудің айқын жолы деп айтуға тұрарлық іс-шара М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің акт залында болып өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған ауыл мектептеріне арналған республикалық пәндік олимпиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі Жорабек Баубеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбаева, аталған мектеп-лицейдің директоры Нұрилә Қойшыманова, аудан ұстаздары мен олимпиадада бақ пен баптарын сынаушы аудан оқушылары қатысты. Мектеп әкімшілігі келген қонақтарды әлемдік дәрежедегі классик-жазушы Мұхтар Әуезовтің есімін иеленіп, айтулы тұлғаның рухын аласартпау жолында еселі еңбегімен көрініп жүрген мектеп-лицейдің тыныс-тіршілігімен таныстырып, педагогикалық жоспар аясында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Еліміздің басты стратегиялық мақсаты – Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру, жасанды интеллектіні дамыту мен инновациялық жолмен даму, сонымен қатар, таза энергетика – «жасыл» экономикаға көшу сияқты барынша тиімді саясатпен ұштасып жатқаны белгілі. – Жастардың өз дәрежесінде жақсы білім алуына барлық мүмкіндіктер бар. Себебі, білімсіз күн жарық болмай, әлемді түнек, сананы күңгірттік пен солғындық басады. Осы ретте мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінген білім саласының қайтарымын көріп қуанып тұрмын. Біздің меркілік білімгерлер де республикалық, қала берді халықаралық дәрежедегі түрлі олимпиадаларда топ жарып жүр. Бұл жетістіктер біздің педагогтердің өлшеусіз еңбегінің арқасы. Оны атап өту керек. Жастар қауымы, естеріңізде болсын, тек білім мен ғылым ғана жаңарған Әділетті Қазақстанды дамытады, қоғамды қозғай алады. Сіздердің үнемі ізденісте болып, білімділікке талпынып, даналыққа жетулеріңізді қалаймын. Ендеше, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығатын білім олимпиадасында баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Жорабек Баубеков. Салтанатты жиынның келесі бөлігі мектептің домбырашылар оркестрінің орындауындағы күмбірлеген күй мен бишілер тобының мың бұралған биіне, концерттік бағдарламаға ұласты. Одан кейін осы оқу жылында түрлі республикалық байқауларда жеңімпаз атанып, ауданның білім саласындағы жетістігін елімізге паш еткен М.Әуезов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Вероника Иванченко мен А.Асқаров атындағы мектептің 11-сынып білімгері Зейнап Аскарова ортаға шығып, олимпиада жұмысының ойдағыдай өтуіне тілек білдірді. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық- гуманитарлық бағыттар, барлығы 13 пән бойынша 9 күн бойы өтетін олимпиаданың I кезеңінің кешенді тестілеуі «1 парта, 1 қатысушы, 1 компьютер» қағидасын сақтай отырып, тұрақты интернет байланыс желісіне қосылған дербес компьютерлермен жабдықталған орындарда онлайн платформада өтпек. I кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған қатысушылардың жалпы санының 35 пайызы олимпиаданың ІІ кезеңіне қатысуға жіберіледі. Ал, олимпиаданың II кезеңінің (іріктеу кезеңі) тапсырмалары дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде ұсынылады және онлайн-платформада көрсетіліп, шешімдер қағаз жүзінде жүзеге асырылады. III кезең келер жылдың қаңтар айында Астана қаласында оффлайн форматта ұйымдастырылып, жоғарыда айтылған екі бағыт бойынша өткізіледі. Білім сайысына серпін беріп, жеңімпаз атанатын оқушылардың есімі жария болатын күндер де алыс емес. Бір ғана айнымас ақиқат бар, ол – білімді ұрпақ қана еліміздің ертеңін ертегідегідей құлпыртып, ұлт болашағын айқындай алады. Біз өз кезегінде жас өрендерге сәттілік серік болып, білім деген белестің биігіне шығуларына тілектеспіз!
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист.
Меркі ауданы