Жаңалықтар

Тәуелсіздік құрдастары

Тәуелсіздік құрдастары

Тəуелсіздіктің қабырғасы қаланған тұста дүниеге келгендер биыл 32 жаста. Бұл – өмір алдындағы міндеттің жүгін сезініп, салмағын терең түсінер уақыт. Осы орайда, біз бүгінде «Кім, қайда, не істеп жүр?» деген сұрақты алға тартып, Тәуелсіздік құрдастарымен тілдескен едік.

 Әулиеата үміті

Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында дүниеге келген Жанғазы Ахмет өз жұмыс тәжірибесін облыстық «Ақ жол» газетінде тілші қызметінен бастаған. Облыстық жас дарындарға арналған «Әулиеата үміті» сыйлығының лауреаты. – Бала күнімнен әдебиетті сүйдім, өлең жаздым. Екі баланың әкесімін. Ұлдарымды да «сөз қадірін ұғып өссін» деген ниетпен поэзияға баулыдым. Өзім біршама облыстық, республикалық мүшайралардың жүлдегері атандым. «Мен сондаймын!» атты жеке жыр жинағым жарық көрді. Енді міне, күні кеше ғана облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі болып тағайындалдым. Ел үшін еңбек етіп, нағыз жұмыс істейтін уақыт жетті деп ойлаймын. Ізің түзу болсын десең, бағытыңның қисық болмауын бақылауда ұстау – аса маңызды. Алла абыройлы еңбек етуді жазсын! – дейді Жанғазы Сембайұлы.

 width=

Биші қыз

 Мәдениет саласының үздігі Айжан Қонарбаева Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Облыс жұртшылығы Айжанды «Биші қыз» атап кеткен. Өз еңбек жолын «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінде бишіден бастаған. Бүгінде өнер айдынында біраз жетістікке қол жеткізген биші қыз облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының» қоюшы балетмейстері. – Түрлі фестиваль, байқауларға қатысып, би өнерін дәріптеп жүрмін. «Алтын медальдан» бастап, түрлі Алғыс хат, жүлделермен марапатталдым. Өнерімнің арқасында түрлі шет мемлекеттерде болып, халықаралық сайыстарда да бақ сынадым. Мен Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде өзімнің әрбір жетістігімді елімнің құрметіне арнадым. Айдынға қонған аққудай самғатқан өнер биігінде қалықтап, Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде қосар үлесіміз әлі бітпегей деп тілеймін, – дейді Айжан Санатқызы.

 width=

Бақыт кілті

Нұргүл Сағатбекова Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында дүниеге келген. «Бақыт кілті» енелер мен келіндер облыстық форумының «Бақыт кілті» символының иегері. Бүгінде Тараздағы А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Жасөспірімдерге қызмет көрсету» бөлімінің кітапханашы қызметін атқаруда. – 1997 жылы Алматы қаласы, Алмалы ауданындағы №128 Мұхтар Әуезов атындағы мектептің табалдырығын аттап, 2008 жылы аталған мектепті тәмамдадым. Бүгінде жеткен ең үлкен жетістігім – төрт перзенттің анасы атанғаным. Отбасымның ынтымағының беріктігі арқасында байқауларға қатысып, үлгілі отбасы атанып жүрміз. Балалар кітапханасында еңбек еткен соң, өзіңді түрлі ертегілер әлемінде ғұмыр кешкендей сезінесің. Бала – біздің болашағымыз. Оларға көрсеткен қызметім елімнің ертеңіне елеулі үлес қосқаным деп білемін, – дейді Нұргүл Ермекқызы.

 width=

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ