Жаңалықтар

Тәуелсіздік жастарға не берді?

Тәуелсіздік жастарға не берді?

Кез келген елді дамытушы негізгі күш – жастар екені белгілі. Қазақ халқы мұны «Жас келсе – іске» деп бағзы замандардан айтып келеді. Адам жас кезінде алғыр, ізденімпаз, жаңашыл, қайсар, жігерлі болады. Сондықтан жастарға дер кезінде жақсы білім, тәрбие беріп, дұрыс бағыттау қажет. Сонда ғана олардың жастық жігері еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бүгінгі жастарымыз тәуелсіздік жылдары өмірге келіп, білім мен тәлім-тәрбие алуда. Еліміздің тәуелсіздігі қазақстандық жастарға не берді? Тәуелсіздік құндылықтарын жастарымыз қалай пайдалануда? Осы бағытта Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті Махметғали Сарыбеков өз сұхбатында әңгімелейді.– Махметғали Нұрғалиұлы, сіз 2009-2012 жылдары Білім және ғылым министрінің орынбасары болып, республикамыздағы мемлекеттік жастар саясатына жауапты болдыңыз. Бүгінгі жастар саясатына қандай баға бере аласыз?

– Әлемдік тәжірибені алсақ, бүгін жастар саясатын ұйымдастыруда негізгі 3 модель дамып келеді: либералдық, континенталдық, азиаттық. Либералдық модельде жастар саясаты жеке сала ретінде қаралмайды. Ол негізінен азаматтық қоғам арқылы іске асады. Бұл саясат жекеменшік компаниялар және жеке адамдармен, спонсорлармен қаржыландырылады. Континенталдық модель бойынша жастар саясаты жеке сала ретінде қарастырылады. Ол арнайы мемлекеттік органмен ұйымдастырылады. Қаржыландыру мемлекет тарапынан жасалады. Саяси партиялар жастар саясатына араласпайды. Азиаттық модельде жастармен жүргізілетін жұмыс мемлекеттік саясаттың жетекші бағыты ретінде алынады. Бұл жұмыспен жеке мемлекеттік орган айналысады. Қазақстандық модель континенталдық және азиаттық жүйелердің негізгі элементтерін пайдаланған. Республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін 1999 жылы жастар саясатының Тұжырымдамасы қабылданып, ол 2012 жылға дейін қолданыста болды. Бұл құжат өз міндеттерін орындады және қазіргі күн талаптарына сай келмей қалды. Негізінен 1999 жылғы Тұжырымдама оқушы және студент жастарға арналған болатын. Ал, олар жалпы жастардың тек жартысын құрайды. Сонымен қатар, екінші жартысы бұрынғы Тұжырымдамада ескерілген жоқ. Олар жұмысшы жастар, ауыл жастары, өзін-өзі ұйымдастырған жастар, маргиналдық жастар және тағы басқалары. Сол себептен 2012 жылы «2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы «Қазақстан 2020: келешекке жол» деп аталатын жаңа Тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдаманың негізгі ерекшелігі – ол жастардың барлық категорияларын қамтыды. Осы Тұжырымдаманың негізінде 2015 жылы еліміздің «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заң дайындалып, қабылданды. – Жастар саясатында қандай мәселелерді қазіргі кезеңде өте өзекті деп санайсыз? – Мұндай мәселелер аз емес. Біріншіден, қоғамдағы жастар саясатына деген көзқарасты өзгерту керек. Жастар саясатын бір күндік акцияларға, шулы пиар-компанияларға айналдыруға болмайды. Қазіргі кезде күнделікті, жүйелі және кешенді негізде нақты жұмыстарды іске асыру қажет. Сонда ғана жастар саясатында кездейсоқ, фрагментарлық іс-шаралар қысқарады. Сонымен қатар, сан жағынан неғұрлым көп және жастардың барлық категориялары қамтылатын болады. Биыл «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде жастардың орта жасы 35-ке дейін ұлғайтылды. Яғни, елімізде жастардың үлесі 6 миллионнан асты. Әрине, бүгінде жастар саясаты саласындағы жұмыстар қайта жаңғыртылуда. Қазіргі таңда «жастар үшін» қағидатынан гөрі «жастармен бірге» қағидаты маңызды рөлге ие. Екіншіден, жастарды қолдау мақсатымен «әлеуметтік лифтілерді» құру қажет. Оның мысалы ретінде қабілетті жастарды мемлекеттік қызметке тарту және жастардың волонтерлік орталықтарын құруға байланысты жобалар іске асты. Ендігі кезде әр аймақта «әлеуметтік лифтілерді» қалай құрамыз және оның нақты механизмі қандай болады деген мәселені шешу қажет. Бұл мәселе бүгінге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Үшіншіден, жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар кадрлық резерві», «Мемлекеттік қызмет мектебі», «Жастар – Отанға» жобалары бар. Бірақ, бүгін жастардың барлық категорияларын қамтып, оларды біріктіретін жаңа жобалар қажет. Төртіншіден, әлеуметтік жаңару бағдарламалары іске асуда. Атап айтқанда, «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қолжетімді тұрғын үй». Жаңа мемлекеттік жастар саясатын осы әлеуметтік бағдарламалармен дұрыс ұштастыру қажет. Бесіншіден, бүгін жастардың әр категориясына (мысалы, қалалық және ауылдық жастарына, жастардың этникалық топтарына, формалдық емес көшбасшыларына) нақты адрестік тәсілдерді пайдалану қажет. Алтыншыдан, жастардың бойында кәсіпкерлік мәдениетті қалыптастыру қажет. Қазақстандық қоғамда өзіне лайықты орынды табу үшін жастарды мектеп, колледж, университет қабырғасынан бастап шағын және орта бизнеспен айналысуға дайындаған дұрыс болады. Мен бірнеше жыл Жамбыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанынан құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 миллион теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі қарапайым сұрақтарға жауап беруге қиналды. Яғни, олардың кәсіпкерлік білімі, мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан, жастарды кәсіпкерлікке дайындау қажет. Польшада Краков ұлттық техникалық университетінде болғанымда, кіреберістің қабырғасында үлкен әріптермен мынандай сөздер жазылған екен: «Біз бизнестің экономистерін емес, бизнестің инженерлерін дайындаймыз». Өкінішке қарай, бізде кәсіпкер болу үшін экономикалық білім қажет деген пікір қалыптасқан. Ал, әлемге әйгілі бизнесмендер техникалық білім алған азаматтар. Жалпы, бүгінгі жастарды мамандығына қарамай шағын және орта бизнеске бейімдеу керек. Мен жастармен кездескенде бір мәселені жиі айтамын. Қазақ халқының «адам өмірі қамшының сабындай қысқа» деген теңеуі бар. Ал, жастық жылдары одан да қысқа. Осы жылдарды біздің жастарымыз өздері үшін тиімді пайдаланулары тиіс. «Бүгін болмаса, ертең болады» деген жастардың арасында жайбасарлық көзқарас болмау керек. Жастарға жайбасарлық жараспайды. Барлық нәрсені – оқу, ғылыммен айналысу, спортпен шұғылдану, қоғамдық жұмысқа белсене қатысудың бәрін бірдей жақсы жасай алмас. Бірақ, бір нәрсені басқалардан жақсы жасаймын деген жастарда ұмтылыс болу қажет. Қазақ жастарының арасында дарынды және талантты, қабілетті және қасиетті, кеудесінде тұнып тұрған шығармашылық потенциалы бар ұлдары мен қыздарымыз көп. Сол потенциалды сыртқа шығару үшін, халыққа паш ету үшін жастарға қажетті жағдайлар жасау қажет. – Ал, сіздің ойыңызша еліміздің тәуелсіздігі бүгінгі жастарға не берді? –Тәуелсіздіктің арқасында жастарымыз көптеген құндылықтарға ие болды. Мысалы, біз басқа саяси жүйеде тәрбиелендік. Көп мәселелер Орталыққа Мәскеуге қарап шешілетін. Кеңес Одағы кезіндегі қазақ жастарының бойында басқа ұлттарға жалтақтау психологиясы, «не болса да, халықпен бірге көреміз» деген менталитет қалыптасты. Құдайға шүкір, тәуелсіздік жылдары жастарға деген қамқорлық саясатының негізінде бүгінгі жастарымыз ондай көзқарастан арылды. Бүгінгі жастарымыз алғыр, келешекке үлкен үмітпен қарайды. Осы құндылықтардың барлығын жастарымызға тәуелсіздік беріп отыр. Жалпы, жастық – ол ізденістің бастауы, осы кезеңде ғана адам өзінің күшіне сеніп, тауды да қопарып тастайтындай болып көрінеді. Сондықтан, қанатын қаққан жастардың талапты талпыныстарына жол ашылып, білім, ғылым саласында көшбасшылық танытуларына мол мүмкіндіктер жасалуда. Бүгінгі күннің жалындаған кемел жастары қатарынан озып шығып, биіктерден көрініп жүруіне тілектеспін. – Рақмет!  

Сұхбаттасқан Нұржан ӘЛІШ.