Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!
Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!
Жаңа Қазақстан – ел дамуының айғағы. Еліміз ашық аспан астында тату-тәтті өмір кешуде. Мен өз еліммен мақтанамын. Президентімізбен, елдің қамын жеп, талай сын сағаттарда аянбай еңбек еткен жандарды мақтан етемін. Еркіндіктің байрағы желбіреген кең-байтақ елімнің бұл сипаты – Тәуелсіздіктің арқасы. Біз, қазақ халқы талай тарихи оқиғаларды бастан кешіп, көкке өрмелеген биік-биік таулар мен ұшы-қиыры жоқ жазира жазық далада еркін өскен халықпыз. Атамекенімізде Тәуелсіздік туы бейбіт күннің шуағымен желбіреп тұр. Осыдан кейін «бақытсызбын» деген ой маған қайдан келсін. Бүгін, міне, биыл Тәуелсіздігіміздің 32 жылдығын тойлағалы отырмыз. 32 жыл біреуге аз, біреуге көп болып көрінуі мүмкін. Алайда, бұл мереке – ата-бабамның сан ғасырлар бойы көздеген мұраты еді. Отанның азаттығынан, тәуелсіздігінен асқан дәулет жоқ шығар, сірә. Мен халықты білім нәрімен сусындататын, әлемнің бар асыл қазынасы жинақталған қара шаңырақ – киелі кітапхана қызметкерімін. Өзімнің адал жұмысым арқылы тәуелсіз қазақ еліме қызмет етудемін. Кітапханада халықты рухани байлықпен, ақпаратпен сусындатып қана қоймай, түрлі іс- шаралар өткізіп, танымдық, ақпараттық кештер өткіземіз. Кітапханамызда тәуелсіздік мерекесіне орай түрлі іс-шаралар өтеді. Күні кеше «Тербет елді, Тәуелсіздік ұланы!» атты дөңгелек үстеліміз өтті. Кітапханамызда оқырман қауымға арналған оқу залы бөлімінде тәуелсіздік жайлы кітаптардан топтастырылған көрме бұрышы бар. Мұның барлығы халықтың, оның ішінде жастардың игілігіне арнап жасалды. Бірлігі бар елдің іргесінің берік боларын ілгері заманнан көрдік, көңілге түйдік деп ойлаймын. Қай халыққа болмасын, ең бірінші ауызбіршілік керек. Себебі, ішкі тыныштық үлкен байлық, ырыс-береке. Болашақ несібенің бәрі осыдан бастау алады. Егемендік бүгін – аш, ертең – тоқ жағдайға қатысты ұғым емес. Оның бәрі ішкі шаруа, өзіміз түзей алатын іс. Ал, келешек – шексіз. Сол келешектегі ұрпақты бақытпен тербететін ол – Тәуелсіздік! Ал, Тәуелсіздігімізді сақтай алсақ, ол бізге мәңгі бақыт! Еліміздің қаймағы бұзылмасын. Бүтін, тыныш, бірлігі сақталған ел болсын!
Венера ТАСТАМБАЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы оқу залы секторының меңгерушісі.