Ізгілікке көңіл толған күн
Ізгілікке көңіл толған күн
Менің ұлым Марат Кокушев денсаулығына байланысты сол мекемеден әлеуметтік қызмет алушы. Жасы 33-тен асты. Қай жерде жүрсе де ана шіркіннің бүкіл тілегі баласымен бірге ғой. Мен де осы баламды үнемі ойлаумен жүремін. Іс-шараға арнайы шақыру алған соң, бойымда толқу да болды. Жиынға келген басқа ата-аналардың алдынан да қуана құшақ жая қарсы алған мекеме қызметкерлерінің жайдары жүздерін көргенде көңіліміз орнына түскендей болды. Орталық директоры Жалын Баймаханов кішіпейіл, үлкенді сыйлай білетін азамат. Орталықтың әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Эльзира Сарымбекова қай кезде барсам да, қабағын шытпай, ұлымның жағдайын айтып, түсіндіріп беруден жалықпайды. Іс-шарада аталған орталықтың директоры Жалын Ғалымжанұлы кіріспе сөз сөйлеп, мекеменің атқарып отырған қызметі туралы көптеген сұрақтарға жауап берді. Ол «Орталық ашылғанына 2 жылдай ғана уақыт өтті. Осы жылдар ішінде денсаулық жағдайына, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған 200 қызмет алушыға шынайы қамқорлық көрсетіліп, жанашырлық танытылып келеді. Біз бұл іс-шараны қызмет алушыларға нақты қандай қызмет көрсетіліп отырғандығынан хабардар ету үшін және ата-аналардың жүрек жылуын жеткізу үшін ұйымдастырдық», – деді. Бұл күні ата-аналардың өз ойларын айтып, пікір білдіруіне де мүмкіндік берілді. Еркін сұхбаттастық. Заманауи медициналық жабдықтардың, бүйрекке, тіс емдеуге, уқалауға арналған заманауи медициналық аппараттардың көптігі қуантты. Қызмет алушылар жататын бөлмелер жарық, таза, жылы. Мекеме қызметкерлері мен әлеуметтік мамандар қызмет алушылардың қабілет-қарымына қарай енбекке үйретеді екен. Түрлі аутотренингтерге қызмет алушылардың зор ынтамен қатысып жатқандығы да ұнады. Кеш барысында қызмет алушыларға арналған «Сыйлығыңды тап», ата- аналарға арналған «Шаттық шеңбері» ойындары да көңілімізден шықты. Сонымен бірге еңбекке баулитын ойындар да өте әсерлі, мазмұнды болды. Қызмет алушылар мен қызметкерлердің «Қайырымды жүрек қартаймайды» атты концерттік бағдарламасы да көңілімізден шықты. Қорыта айтқанда, №6 Талас аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының қызмет алушыларға сіңіріп отырған еңбектері өте үлкен екеніне көзім жетті.
Алима ЖҰМАБАЕВА,
қызмет алушының анасы.
Талас ауданы