Саясат

Сайлауалды бағдарлама бойынша есеп берді

Сайлауалды бағдарлама бойынша есеп берді

– Облыс әкімдігі Amanat партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының жол картасын өңірде іске асыру бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді. Барлық іс-шаралар экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, өңір тұрғындарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Мәселен, жалпы өңірлік өнім жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындысымен 1,3 триллион теңгені құрап, 6,1 пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібі секторындағы басты міндет – облыстың мықты өнеркәсіптік негізін жедел дамыту және қалыптастыру болып қала бермек. Өңір экономикасындағы өнеркәсіптің үлесі 22 пайызды құрайды. Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 768,3 миллиард теңгеге дейін жеткізілді. Тау-кен өндіру саласының көлемі 21,6 пайызға ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі саласына 88 миллиард теңге инвестиция тартылып, экспорт көлемі 121 миллион АҚШ долларын құрады.

Шағын және орта бизнесті қолдау тұрғындардың жұмыспен қамтылуының және табысының артуының негізгі көзі. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруда 4,5 миллиард теңгеге 2,1 мың жоба қолдау тапты. Инвестиция тарту жұмыстары да жалғасуда. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 572 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бүгінге облыстың инвестициялық портфелі 2,3 триллион теңге болатын 69 жобаны қамтиды. Бұл жобаларды 2026 жылға дейін іске асыру жоспарлануда. Оларды іске асыру қосымша 5,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Облыс тәжірибесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру өзінің қажеттілігін дәлелдеді. 2019-2022 жылдары 18,3 миллиард теңгеге 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылса, биыл он ауданның 38 округіне 24 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде 18,9 миллиард теңгеге 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылып отыр. Өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамыту – басым бағыттардың бірі. Саланы алдағы уақытта да дамыту мақсатында ет, сүт өнімдерімен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді де дамыту жоспарда бар. Биыл агроөнеркәсіп саласында 8,6 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылып, 159 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 535 миллиард теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Өңірде су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасының мәселесі өзекті болып қалуда. Облыстың трансшекаралық су пайдалануға тәуелділігін төмендету мақсатында су жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, – деген Нұржан Сәбитұлы өңірдегі жаңартылған энергия нысандарының жұмысы, тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау, елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен, табиғи газбен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік салалардағы жұмыстардың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Жиында баяндамашыға сауалдарын қойған фракция мүшелері Керімқұл Бегалиев құрылыстағы мердігерлердің жауапкершілігі мен Жуалы ауданының орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салу қажеттігін көтерсе, Жұмахан Тәңкебаев сайлаушылардың Қаратау қаласындағы Пушкин атындағы мектептің жөндеу жұмысына қаржы бөлу мәселесін шешу туралы өтінішін жеткізді. Ал, фракция мүшесі Оралхан Дәуіт кеңейтілген отырыста облыс әкімінің өзі есеп беруі тиіс болғанын, аймақ басшысы белгілі себептермен жиынға қатыса алмаған жағдайда, фракция отырысын кейінге қалдыру керектігін айтып, пікірін білдірді.  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП