Әрбір азамат білуге міндетті
Әрбір азамат білуге міндетті
Дегенмен, ел дамуының ажырамас бөлігіне айналған нышандарды пайдалану стандарттарын дұрыс қолданбайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, мемлекеттік Тудың ластануы, байрақ ілінген жерде тәуліктің қараңғы уақытында жарықтың болмауы, сондай-ақ елтаңбадағы кирилл қаріпінде жазылған «Qazaqstan» латын графикасына өзгертілмеген жазу жиі кездесетін бұзушылықтар. Кейбір мекеме басшыларының жұмыс кабинетіне рәміздер дұрыс қойылмайды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мәліметінше, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің, сондай-ақ, білім беру орындары басшыларының қызмет бөлмесінде Мемлекеттік Елтаңба лауазымды тұлғаның жұмыс орнының артқы жағындағы қабырғаға орналастыру керек. Ал, мемлекеттік Ту 1х2 метр өлшеммен лауазымды тұлғалардың кабинеттерінде Елтаңбаның сол жағына қойылады. Егер байрақ пен Елтаңба ғимараттың сыртында немесе кіреберіске тұрақты орналастырылған болса, онда қараңғы уақытта рәміздерге жарық түсіп тұруы тиіс. Ал, жалпы білім беретін орта, бастауыш, кәсіптік орта және жоғары білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында көрнекті орындарға Ту тігіледі, Елтаңба, не олардың бейнесі, Әнұранның мемлекеттік тілдегі мәтіні орналастырылады. Мемлекеттік рәміздер орналасуы: Ту, Елтаңба, Гимн ретімен бірдей көлемде болуы керек. Сондай-ақ, Елтаңба мемлекеттік органдардың, ұйымдардың веб-сайтында, мөрлері мен құжат бланкісінде, маңдайша атауында, қызметтік куәліктерде міндетті түрде орналастырылуы қажет. Ал, елімізде Әнұран мемлекеттік мерекелерде, сондай-ақ, өзге де іс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжілістердің салтанатты ашылу кезінде, спорттық іс-шараларда, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсімдері кезінде орындалады. Сондай-ақ, Мемлекеттік Туды салтанатты жағдайда көтергенде Гимн орындалады. Бүгінде көк байрақты жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, тұрғын үйлерде, тұрғын емес үй-жайларда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда пайдалануға мүмкіндік берілген. Ал, адамға немесе затқа құрмет белгісі ретінде жалауды төмендетуге, апат сигналын беруді қоспағанда, басқа уақытта оны төмен қоюға, тудың бағанын көлденеңінен көтеруге және оны орналастырған кезде зақымдануына немесе кірлеуіне рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, байрақты орналастыру кезінде оның аумағында орналасқан заттарға, яғни жерге, еденге, суға туды тигізетіндей етіп орнатуға, туға жазуға және сурет салуға, жалаумен бір нәрсені орауға, оның бейнесін бір рет пайдаланылатын майлықтарға, қораптарға және басқа заттарға басып шығаруға тыйым салынады. Ұлттық нышандар Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы болғандықтан, мемлекеттік рәміздерді пайдалануды кеңейтуді көздейтін заңнама мен нормативтік актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, Мемлекеттік Елтаңбаның түсіне қойылатын талаптары қайта қаралып, оны жасау кезінде, өлшеміне, түсіне келтірілген кемшіліктерді ескере отырып, ауытқу шегі енгізілді. Стандартталған бақылау тәсілдері анықталған. Бұл Елтаңба жасаушылардың өндірісін, стандарттарда көрсетілген талаптарын, параметрлерін бақылауға және де даулы сұрақтар туындағанда стандартқа сәйкестігін анықтауға мүмкіндігін ашады. Мемлекеттік Елтаңба өндірушілердің сапалы өнім өндіру үшін оны қолдануға кепілдік мерзімі 3 жыл етіп енгізілді. Мемлекеттiк рәміздер – Туды, Елтаңбаны дайындау, пайдалану, қолдану, орналастыру, орнатуда, Қазақстан Республикасының рәміздер туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде шаралар қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 418-бабына сай, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын дайындаған кәсіпорындарға жиырма бес айлық есептік көрсеткіштен екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңнамасын бұза отырып, рәміздерді пайдаланған мемлекеттік мекемелерге ескерту жасауға бес және отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» 2007 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабына өзгеріс енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасында бейнеленген «Қазақстан» жазуы латын графикасындағы «Qazaqstan» жазуына ауыстырылған болатын. Бұл шешім Техникалық реттеу және метрология комитетінің Техникалық реттеу және метрология саласындағы ғылыми-техникалық комиссиясы отырысының 2018 жылғы 12 қыркүйектегі хаттамалық шешімімен мақұлданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптар» ұлттық стандартына №1 өзгеріс 2018 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді. Осылайша, Елтаңбадағы «Қазақстан» сөзі латын графикасында «Qazaqstan» болып стандарттың барлық мәтіні бойынша енгізілді. Қазіргі уақытта аймақта облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Комиссияның тапсырмасы бойынша құрылған инспекциялық топ өңірдегі мемлекеттік органдар, кәсіпорындар мен ұйымдарда Тудың, Елтаңбаның түсі, мөлшері, символизм элементтерінің пішіні мен бейнесі, Ту төсемінің тұтастығын бұзу, сондай-ақ оларды орналастыру бойынша бұзушылықтар ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келмейтінін анықтап, мемлекеттік рәміздер бойынша түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізеді. Осыған орай, жуырда облыс әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның қатысуымен Талас және Сарысу аудандарында рәміздерді заңнама талаптары аясында пайдалану және қолдану бойынша семинар өтті. Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының бас маманы Шынар Қашқынбек мемлекеттік ұйымдар мен құқық қорғау органдарында бірінші басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру, Мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану және қолдану бойынша жұмыс тәжірибесімен бөлісіп, әдістемелік көмек көрсетті. Түсіндіру жұмыстары барысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңы, «ҚР Қылмыстық кодексінің» 372-бабына енгізілген өзгерістер, сондай-ақ, латын графикасындағы Елтаңбаға көшу жұмыстары туралы түсіндіріліп, тыңдаушылардың сұрақтарына жауаптар берілді. Семинарға бөлім және мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, құқық қорғау органдарының өкілдерінен 100-ден аса адам қатысты. Еліміздің нышандарын – Ту, Елтаңбасын және олардын бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимнін Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып пайдалану және осы мемлекеттік рәміздерді қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады. Сондықтан, «Мемлекеттік Рәміздер» конституциялық заңына сәйкес, ұлттық стандарт талаптарын әрбір азамат орындауға міндетті.
Назерке СӘНДІБЕК