Өмірі өнеге болған азамат
Өмірі өнеге болған азамат
Оған менің онымен бірге істеген жылдары көзім жетті. Біз, достары Қалдықұлды, Қалдан деп атап кеткенбіз. Мен Қалданды осы ауданға келіп жұмыс істей бастаған кезімнен білемін. Ол 1978 жыл еді. Ол кезде мен Луговой аудандық байланыс торабының бастығы қызметінде болсам, Қалдан Абай атындағы ұжымшардың партия комитетінің хатшысы қызметінде екен. Сол жылдары біз Ұлы Отан соғысы ардагерлерін телефонмен қамтамасыз ету мәселесімен жиі кездесіп тұрдық. Содан беріде өткен ширек ғасырдан аса уақытта ауданда біз бірге жұмыс істеп келеміз. 1990 жылы компартия биліктен кетіп, ауданды аудандық кеңес дейтін жаңа үлгідегі құрылым басқарған кезде менің осы азаматпен сол жаңа құрылған мекемеде бірге істеудің сәті түсті. Қалдан сол кезде Халық депутаттары Луговой аудандық кеңесі аппаратының ұйымдастыру – кеңес жұмысы бөлімінің меңгерушісі қызметінде екен. Мен инструктор – консультант қызметіне қабылдандым. Аудандық кеңестің аппарат қызметкерлері тұрақты комиссиялардың, президиумның қарауына мәселе дайындауда оларға көп көмек көрсетті. Сол жылдары тіліміздің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілуі үшін Қалданның еткен еңбегі ереше болды. Бүкіл депутаттарға қажетті материалдар екі тілде дайындалып, қазақ депутаттарына тек қазақ тіліндегі материалдар берілетін. Ана тілімізді жеткілікті білмейтін қандас депутаттарымыз ұялғаннан тілді шындап үйренуге сол кезден ден қоя бастаған еді. Басқарудың кеңестік түрі құрдымға кетіп, әкімдік жүйе өмірге келгенде мен аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы, ал ол Жаңатұрмыс ауыл әкімі қызметтеріне тағайындалдық. Содан үш жылдай уақыт өткен соң, Қалдан мен істеп жүрген мекемеге балалар жәрдемақысын тағайындау бөліміне бөлімше бастығы қызметіне ауысып келді. Сол кезде мен Қалданмен бірге жұмыс істей жүріп, оның тұрмыс тауқыметін тартып, жаны қиналған жандарға бірінші болып қол созатын адамгершілігі мол азамат екенінің талай рет куәсі болдым. Бірде желтоқсан айының ызғарлы күндерінің бірінде жұпыны киінген жас келіншекті менің қабылдауыма кіргізді. Кірген бетте ол бірден күйеуінің өзін жас баласымен тастап кеткендігін, үйде ауру әкесімен бірге тұрып жатқандығын, үйінде не жарықтың жоқтығы (электр энергиясына қарыз болғандықтан электр желісін тоқтан ажыратқан), не отынның жоқтығын, тіпті тамаққа да зәру екендігін,тал-дарақтардың кепкен бұтақтарын отынға жинау үшін жас баласын қарайтын адам болмағандықтан, әкесінің жанындағы төсекке байлап кеткендігін қинала отырып айтқан еді. Содан мен, бірден ауыл әкімдігімен хабарласып, олардың қызметкеріне өзімізден бір маманды қосып, анықтауға жібердік те, Қалдан екеуміз, РЭС-тің бастығын, аудандық денсаулық бөлімінің бастығын ілестіріп барып көздерін жеткіздік. РЭС-тің бастығы Нұрдос Қалдыбалин деген азаматқа рақмет, олардың жағдайына түсіністікпен қарап, өз есебінен электр энергиясы үшін берешегін өтеп қана қоймай, азық-түлікпен де көмектесті. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Бейсен Теңелбаев деген азамат та дәрі-дәрмек алуына ақшалай көмек көрсетті. 1998-1990 жылдары еңбек ұжымдары бірінен кейін бірі банкрот болып, қызметтерін тоқтатқанда, олардың кезінде төлеуге тиіс, бірақ төленбей қордаланып қалған балалар жәрдемақысын төлеп беруді үкімет өз мойнына алды. Сол кезде еңбек ұжымдарынан балалар жәрдемақысына қатысты құжаттар қабылдау кезінде Қалдан әрбір қабылданған құжатты тексеріп, заңсыз тағайындалған жәрдемақының төленбеуіне жол бермеді. Ең қызығы, жәрдемақысы төленбегендер мекемеге, немесе осы тексеріс жүргізген Қалдан бауырымызға реніш білдірмей, үкімет төлейді деген соң құжат өткізгендерін айтып ақталып жатты. Осындай тексерістің нәтижесінде 22 миллион теңгеден аса сомаға тағайындалған жәрдемақысының төленбеуіне жол берілмеді. Кейін бұл жағдай біздің облыстық басқармаға дейін жетіп, облыстық басқарма Қалданның жұмысын басқаларға үлгі етіп, талай мақтағанын біз әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Қалдан 1990-1994 жылдары ауданда алғаш құрылған «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымының бастығы болды. Және де 1991 жылы аудандық Кеңесінің депутаттығына сайланып, сайлаушылар аманатын орындауда белсенділік танытып жүрді. 2013 жылдың қаңтар айында зейнеткерлікке шыққаннан кейін, ол ауданда «Азамат» атты қоғамдық бірлестік құрып, оның директоры қызметінде болды. Сол кезде ол аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің өткізген конкурстарына қатысып, 2014-2016 жылдары аудан тұрғындары арасында «Діни экстремизм және терроризмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндіру іс-шараларын өткізу» және «Құқықбұзушылық пен нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыру» жөнінде жұмыстар жүргізген. 2017-2021 жылдары ол Луговой ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүрді. Сонымен қатар, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі болып, аудан әкімдігінің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге және талқылауға қатысты. Қалдан 2022 жылдың желтоқсан айының 9-ы күні ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды. Оның өмірден өтуі оны білетін, онымен бірге жұмыс істеген достары үшін өте ауыр тиді. Біз сені ұмытпаймыз, Қалдан. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болуға бір Алла өзі нәсіп етсін.
Мұқатай СЕКЕЕВ,
Жамбыл облысының Құрметті ардагері.