Басты жаңалық

Мамандығымен мерейін өсірген

Мамандығымен мерейін өсірген

Дәрігер Еркінтай Сауранбаев туралы әңгімеАдам – қоғамның басты байлығы. Сол адамның өміріндегі ең бағалы дүние не деп ойлайсыз? Қымбат көлік, бағалы дүние, кең сарайдай зәулім үй, ақша, өмір бойы қалталы азамат болып өту, мүмкін, мансап шығар... Жоқ, қателесесіз, адам өміріндегі басты байлық – оның өмірі мен денсаулығы. Өміріңді қалдырып, денсаулығыңды алса, адам болудан қаласың. Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты екен. Ал, оның сақшылары – дәрігерлер.

  Дәрігер мамандығы сонау көне Мысыр мен көне Қытайда, Грекияда пайда болған байырғы кәсіптің бірі. Сол шақтан бері дәрігер мамандығының маңызы артпаса, кеми қойған жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Себебі, олар ғаламшардың ең құнды ресурсы – адам өмірін сақтауда аса маңызды рөл атқарады. Дәрігер мамандығы – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. «Дәрігер – арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек» деген ата-бабамыздың айтқан ұлы да ұлағатты сөздері бар. Арыстандай еш нәрседен қорықпайтын, өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, қыздай өз ісіне байыппен, өз ісіне сеніммен қарай білетін, науқастарға анасындай мейірімін төге білетін, науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жан болуы тиіс. Міне, осындай түйдек-түйдек, қатпар-қатпар ойлар көптен сыйласатын әріптесім, Тараздағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Еркінтай Аштайұлымен кездесіп, бірер сәт әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасқаннан кейін ой-санама салмақ салды. Иә, несін жасырамыз, 2020-2022 жылдары бүкіл әлемді дүрліктіріп, адамзатқа қауіп төндіріп келген коронавирус инфекциясының зардабын көрмеген отбасы бірен-саран десек, қателеспейміз. Қасіретке толы пандемияның бетін қайтаруға медицина қызметкерлерінің үлесі зор болды. Пандемия дәрігерлердің, медицина мамандарының қандай ауыр қызмет атқарып жүргенін еш боямасыз көрсетті. Адам баласының болашағы таразы басында тұрған шақта олар қара басының қамын күйттемей, белгісіз вирусқа төтеп беруден аянып қалған жоқ. Тіпті, сол жұмбаққа толы ауыр вирустық инфекциямен күресіп жүріп, оны абайсызда өздеріне жұқтырып, соның салдарынан көз жұмғандары да болды. Жантүршігерлік пандемияны жеңу оңай болмады. Ол жолда медицина мамандарының қанша еңбегі, күресі мен ерлігі жатыр. Бұл расында да бас иіп, құрмет көрсетуге тұрарлық мамандық иелері. Олар өмір мен өлімнің түрлі бейнесін күн сайын көріп, сонда да мұқалмай келе жатқан қайсар жандар. Адам өмірі үшін араша түскен дәрігерлердің ерен еңбегі жайлы қалай айтсақ та жарасады, шексіз мадақтай беруге болады. Сөзден сөз туындап, әңгіме ауаны биылғы елді алаңдатып отырған қызылша ауруына ауды. – Елімізде кең тарап отырған қызылша ауруы инфекционистер мен эпидемиологтарды қатты әбігерге салуда. Әсіресе, күз айларында ауырғандар саны күрт өсті. Қазір елімізде бұл аурумен тіркелгендер саны 17 мыңнан асыпты. Олардың 82 пайызы – балалар. Дерті асқынып, реанимацияға түсіп жатқандары да бар. Біздің облыс та одан тыс қалып отырған жоқ. Бүгінгі таңда қызылшамен ауырғандар саны 2398 болса, олардың 80 пайызы дер кезінде екпе алмағандар. Қала орталығындағы емдеу орнына аурулар симай, жақын маңдағы үш аудандық инфекциялық ауруханаларға жіберуге мәжбүр болудамыз. Қызылшаның елімізде күрт өсуі әртүрлі себептермен (ата-аналарының түсінбеушілігінен, діни сенімдердің жетегінде кеткендер және т.б.) қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартқан балалар болуда. Егер халықтың 95 пайызы екпе салғызып, иммундалмаса, ауру қаупі жалғаса беретінін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәлімдеп отыр. Сондықтан, жұқпалы ауруларға қарсы екпе жүйелі түрде өткізілуі керек. Әйтпесе, жұқпалы аурулар санын азайтамыз, жоямыз деген бос сөз, – деп, қазіргі орын алып отырған жұқпалы қызылша ауруы жайлы ойын жеткізді Еркінтай Аштайұлы. – Инфекциялық аурулардың түрі аз емес. Әрі ол қысы-жазы еш толастамайды, «қалғымайды», «ұйықтамайды». Мысалы, жаз айларында дизентерия, салманеллез, вирустық гепатит, Қырым-Конго қан безгегі, іш сүзегі сияқты жұқпалы аурулар бас көтерсе, қысқа қарай тұмау (грипп), пневмония, менингит және т.с.с. аурулары жиі ұшырасады. Сол себептен аурулар саны жылдың қай мезгілі болмасын толастамайды. Әсіресе, инфекциялық түрлі ауруға шалдыққан жас балалар көп түседі. Біздің ауруханада еңбек ететін медицина қызметкерлері күн сайын аурудан әбден титықтаған адам өміріне араша түседі. Өмірді сақтау үшін қас-қағым сәт қана болатынын дәрігерлерден артық түсінетін ешкім жоқ шығар, сірә. Біздің мамандық күн сайын, сәт сайын ерлікті талап етеді. Бұл еңбек көп адамның көзіне түсе бермесе де, адамдарды қалай құтқарып жатқаны өздеріне жақсы мәлім. Олардың әр күні адам өмірі үшін күресумен өтеді. Бұл қаншалықты жүйкеге ауыр, жүрекке салмақ салатын болса да, дәрігерлер күн сайын ақ халатын киіп, адам өмірі үшін сақадай сай тұрады. Өмірлік тәжірибемнен көріп жүрмін, дәрігер болу жеңіл емес, біз Құдай емеспіз, кейде қателесеміз, сүрінеміз, өкінеміз, қайғырамыз. Медицинада бәрін білу мүмкін емес, бірақ, соған байланысты қате жібермеуге әруақытта тырысу керек, білімділігіңді арттыру, шаршамай іздену – парыз. Жақсы дәрігер еш уақытта жеткен дәрежесінде тоқталып қалмауы қажет. Дәрігер емдеудің кешенді әдістерін игеріп және дəлелденген медицина негіздерін ұстанып, озық əдістерді қолданып, жақсы зерттелген жəне медициналық тәжірибеде тиімділігі маңызды зерттеулермен дәлелденген препараттарды тағайындауы керек. Дәрігер науқасқа диагнозды кездейсоқ түрде анықтап қоймай немесе «жай ғана ем» жүргізе салуға жол бермегені дұрыс. Дана халқымыз «Жақсы дәрігер ауруды жазады, жаман дәрігер ауруға ауру қосады» деп те айтады. Медицинаның атасы Ибн Синаның: «Дәрігердің үш қаруы бар: бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – жылы сөз» деген екен. Осындай игі қасиеттер бойынан табылатын дәрігер ғана халықтың сүйіктісіне айналмақ. Сол себепті де дәрігерлік – жауапты мамандықтың бірі. Олар үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс, – деп толғанады бас дәрігер Е.Сауранбаев дәрігерлердің еңбегі, оның басқа мамандықтан ерекшелігі, олардан қазіргі күндері талап етілетін мәселелер туралы ойларымен бөлісіп. Қырық жылға жуық медицина саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі дәрігер Еркінтай Сауранбаевтың әрбір сөзінен адалдықтың, сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің нышанын ұғасың. Оның еңбек жолына зер салып, дәрігерлік мамандыққа алып барған қандай күш, осы жаупкершілігі мол мамандықты таңдағанына өкінбейді ме екен деген ой мені қызықтыра түсті. Ойыма түскен сұрақтарға жауап іздеп суыртпақтап оны сөзге тарттым. – Менің кіндік қаным тамған жерім – Талас ауданындағы Бостандық ауылы. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан, орта арнайы білімі бар, кеңшарда әр жылдары агроном, ферма меңгерушісі болып еңбек еткен шаруа кісі еді. Шешеміз Гүлзада Әбітайқызы көпбалалы ана болғандықтан (бір құрсақтан 7 ұл, 3 қыз дүниеге келдік) отбасы тірлігімен, біздерді тәрбиелеумен айналысты. Еңбекке ерте араластық, әке-шешеміз жастайымыздан еңбекке баулыды. Ес білгеннен қой бағып, қозы қайырдық, шөп шауып, бақша ектік, саз балшықтан қыш-кесек құйдық, қора тазалап, көң ойдық. Одан жамандық көрмедік, өмір-өзенге ерте араласып, адал еңбектің, маңдай тердің қадірін біліп өстік. Әлі есімнен кетпейді, менің 11-12 жастағы кезім болу керек, ауылдың жекеменшік малын кезекпен бағамыз. Бірде әкем «Балам, ертең қойдың кезегі екен. Анау боз айғырды таңертең ерттеп қоямын, қойдың кезегін бағып келесің» деп тапсырма берді. Ертеңіне таңсәріден тұрып, анамның маған дайындап қойған бір таба ыстық наны мен айран салған дорбасын алып, оларға қоса балық аулайтын қармағымды қолыма іліп атқа қондым. Ауылдың бар малын жиып алып, өзен бойына қарай жайғанды жөн көрдім. Жасыл құрақ шөпке енген қой-ешкілер мамыражай жайылып жүр. Асығатын олар жоқ. Ерке самал жел жүзіңді қытықтайды. Тыныштықты көз жетпес көкте ән салған бозторғай шырылы дала симфониясына бөлеп тұр. Осы кезді пайдаланып, қармағымды өзеннің мына иіріміне салып көрейін, балық ілініп жатса үйдегілерді бір таңғалдырайын, шешемді қуантайын деген оймен аттың аяғын шідерлеп, балық аулауға кірістім. Балықтың көп жиылған жеріне тап болдым ба қайдам, бірінен соң бірі жарыса қармағымды қауып, қысқа уақытта-ақ біраз балық аулап алдым. Балық аулауға қызыққаным соншама, алдымдағы малдар ұмыт қалыпты. Біраз уақыт өткенде ғана мал бағып жүргенім есіме түсіп, жүгіріп қырға шықтым. Ой, тоба! Мал тым ұзап кетіпті. Атым да соларға ілесіп кеткенін көрдім. Ұстаған балықтарымды апыл-ғұпыл дорбаға салып, мал соңынан жүгірдім. Қара терге малынып жеткенімше мал көрші қойшының малына қосылып кетіпті. Не істеймін? Сасқанымнан атыма мініп ауылға қарай шаптым. Құдай сақтап әкем үйде жоқ екен, шешеме болған оқиғаны айттым. «Бетім-ау, не істейміз енді? Ауылдан ұят болды ғой...» деп шешем қиналып, малдарын қосқан ауылдастарына хабар жеткізді. Күні бойы қой бөлісумен уақытымыз өтті. Кешке әкем «Әй, балам-ау! Сен ер жетті, малға ие болады деп сенім білдіріп едім. Сен бірақ, шалалығыңды көрсеттің. Алдыңдағы малды жая білмедің, елдің алдында мені жерге қараттың, оған қоса аттың ертоқымын жоғалттың. Не болар екенсің?» деп ренжігені күні кешегідей есімде. Міне, содан бастап мен өзімді ұқыптылыққа, жауапкершілікке тәрбиеледім. Сол бала кезден «Адамдардың денсаулығына қарайтын, ауруын емдейтін дәрігер боламын» деп алдыма арман-мақсат қойып, кітапханадан дәрігерлер туралы, медицина тақырыбында жазылған кітаптарды іздеп жүріп оқи бастадым. Сол кезден-ақ қазіргі мамандығыма қызығушылық пайда болды, өзімді болашақта тек дәрігер ретінде көргім келді. Мектепті жақсы бітірсем де, отбасымыздағы қиындықтарға байланысты (әкем 1977 жылы өмірден өтті, мен онда 15 жаста болатынмын) бір жыл ауылдың құрылыс мекемесінде еңбек етіп, шамалы қаржы жинап, алға қойған мақсатыма, арман-қиялыма қол жеткізу үшін Алматы емес, Қарағанды емес, алдымдағы ағаларымның кеңесімен Целиноград (қазіргі Астана) қаласына жол тартып, медицина институтына құжаттарымды тапсырдым. Құдай қолдап, жолым болып, конкурстан сүрінбей өтіп, студент атандым. Алты жыл Сарыарқаның бет қаритын, сүйекке өтер суығына шыдап, жазда маса-шыбынына таланып жүріп, замандастарымнан қалыспай, терең, тиянақты білім алуға тырысып бақтым. 1986 жылы дәрігерлік диплом қолға тигеннен кейін «Қайда барам?» деген ой менде болған жоқ. Өскен өңіріме – Жамбылға оралып, анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша бір жылдық интернатурадан өтіп, Талас ауданының сол кездегі орталығы – Ақкөлге қызметке келдім. Аудандық аурухана мамандар тапшылығынан арыла қоймаған кезең екен. Жас мамандар тым ұзақ тұрақтамайды, әупірімдеп 2-3 жыл еңбек етіп, ары қарай «жылы орын» іздеп кетіп қалады екен. Сол бір қиын кезеңге біз тап болдық. Ауруханада тек жеңіл-желпі хирургиялық оталар жасалады. Наркоз дегенің әлі практикаға енгізілмеген екен. «Жас келсе – іске!» деген ұстаныммен еңбек майданына араласып кеттік, наркоз мәселесін қысқа мерзімде шешіп, 3 төсектік интенсивтік терапия палатасын аштық. Қан құю кабинетін ұйымдастырып, донорлықты енгіздік. Расын айтуымыз керек, алғашқы кезде ауыр болды. Қиналған сәттерде көмекке облыс орталығының мамандарын шақыруға, солардың көмегіне жүгінуімізге тура келді. Автотрасса бойында жол-көлік оқиғалары болып, жарақат алғандар жиі түсіп жатады. Оларға дер кезінде көмек керек. «Көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, оларға оталар жасадық, іздендік, үйрендік. Келе-келе наркозбен күрделі хирургиялық, гинекологиялық, травматологиялық, тіпті нейрохирургиялық оталар жасалды. Сол жылдары еңбекке ынталы жас дәрігерлер – хирург Тілеухан Әбілдаев, акушер-гинеколог Гүлнар Әлиева, балалар дәрігері Күлшахира Байкелдиева және басқалар жұмыла еңбек етіп, күн демей, түн демей халыққа қажетті медициналық жәрдемді дер кезінде ұйымдастырып, дәрігерлік көмекті өз дәрежесінде көрсете білдік. Бірте-бірте жергілікті тұрғындар жас дәрігерлердің ынта-талаптарын, ерен еңбегін көріп, сенім білдіре бастады, халық арасында дәрігерлердің беделі өсіп, мерейлері көтеріліп, сыйластықтары артты. Сол еңбек майданында қалай 7-8 жыл сырғып өте шыққанын да байқамаппын, бір күні аудан басшысы Ералы ағай Дадабаев кабинетіне шақырып, хал-жағдайымды сұрап, қалтқысыз еңбегіме жоғары баға беріп, аудандық аурухананың бас дәрігерінің емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне ұсынды. Көп уақыт өтпей аудандық депутаттар кеңесінің сайлауына түсіп, көпшіліктің қалауымен депутат болдым, сәл кейінірек облыстық мәслихаттың депутаты етіп сайлады. Оларына рақмет, таластық жерлестерімнің менің қарапайым еңбегімді бағалағандарына шексіз ризамын. 1996 жылы Жамбыл ауданының орталық ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалдым. Ол қызметтегі еңбегім еш кетпегенін, әріптестерімнің орынды бағалағанын түсіндім. Көптеген жаңалықтар енгіздік, профилактикалық жұмыстарды, емдеу ісін талапқа сай жақсы жолға қойдық. Аудан көлемінде денсаулық сақтау ісін біраз тәртіпке келтіріп, елдің ойынан шыға бастадық. Адал еңбек адамның мәртебесін өсіріп, биікке қол жеткізетініне көз жеткіздім. 2004 жылы облыстық психо-неврологиялық диспансеріне бас дәрігер болып қызметке келдім. Бұрын-соңды бұл салада еңбек етпегенімді ұғып, психиатриядан білімімді жетілдіру мақсатымен Алматыға дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына үш айлық оқуға барып, психиатрияның қыры мен сырын біліп қайттым. Уақыт талабына сай жаңалықтар енгізіп, саланың құлдырамауына әріптестеріммен бірге аянбай тер төктік. Республика бойынша алдыңғы қатарлы емдеу орны болуға қол жеткіздік. Байқауда 2020 жылы «психо-неврология саласы бойынша ең үздік емдеу орны» атандық. Әрине, ол тек жалғыз менің емес, қажырлы еңбегі, ұжымның бірін-бірі қолдауы, өзара түсіністіктерінің молдығы. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп қазақ атам бекер айтпаған екен. 2022 жылдың басынан бері осы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының басшысы болып еңбек етіп келемін. Бұл саланың да өз қиындығы, ерекшелігі жеткілікті. Талай қиындықтарды бастан өткердік. Ұжым қызметкерлеріне шексіз ризамын. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бар қиындықтарды жеңу мақсатында біріге қызмет атқаруда, – деді Еркінтай Сауранбаев өзінің еңбек жолына қысқаша шолу жасап. Иә, Еркінтай Аштайұлы бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтау ісіне арнап, оған өз үлесін қосу жолында аянбай тер төгіп, абыроймен еңбек етіп келе жатқан әріптестеріміздің бірі. Ол өмірге әркез сабырмен, дұрыс, зерттей, зерделей қарайды, уақытын бос өткізбейді, ой-сезімі, түйсігі ерекше, ізденпаз жан. Ол түзу жүріп, атқарып жүрген қызметіне аса жауапкершілікпен қарап, елге жасап жатқан еңбегінен ләззат алады, одан жан рахатын сезінеді. Тәубе, халық денсаулығын сақтау ісіне қосқан сүбелі еңбегі орынды бағаланып, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, бірнеше мемлекеттік медальдармен, Алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталған. «Жамбыл ауданының Құрметті азаматы» деген атағы тағы бар. «Адам өзін бақытты сезіну үшін онда үш нәрсе болу керек. Мерейін өсіретін мамандығы, оны түсіне білетін, үнемі қолдап жүретін сүйікті жары, өмірін жалғастыратын саналы ұрпағы». Осы талаптардың барлығы бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, мамандығымен мерейі өсіп жүрген дәрігер Еркінтай Сауранбаевта бар десек, қателеспейміз. Өмірлік серігі дәрігер-педиатр Күлшахира Әбдібекқызы екеуі қол ұстасып жүріп бір ұл, екі қыз өсіріп, тәрбие-білім беріп, өмірге қанаттандырды. Ұлдары Еркебұлан – жоғары білімді заң қызметкері Алматыда қызметте болса, үлкен қызы Ботагөз – Астанада дәрігер, ультрадыбыспен зерттеу маманы, кенже қыздары Ұлжан Алматыдағы клиникалардың бірінде дәрігер-психиатр болып қызмет етуде. Көз қуанышы немерелері де жас құрақтай жарыса өсіп келеді. Жұбайы – Күлшахира Байкелдиева қала маңындағы Шайқорық ауылында медициналық орталық ашып, жергілікті халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етіп отыр.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы