IT секторды дамытудың айқын жолы қандай?
IT секторды дамытудың айқын жолы қандай?
Президент елдегі ең өзекті мәселе болып отырған инфрақұрылымды дамыту барысында да IT-өнім әзірлеушілердің қажеттілігі әрдайым алдын ала ескерілуге тиіс екенін нақты атап өтті. IT саласының маманы Тимур Бектұр елімізде жасанды интеллектке басымдық берілуі жаңа жетістіктерді бағындыруға мол мүмкіндік деп санайды. – Біздің мемлекетіміз IT экспортын 500 миллион доллар бола ма, миллиард доллар бола ма, қанша болса да экспорт жасауға қауқарлы деп ойлаймын. Бірақ, оның соммасына аса тоқталып қажеті жоқ. Себебі, бұл көздеп отырған бір ғана меже емес және әдеттегі мақсат күйінде деп айтуға болады. Яғни, біз одан асып та кетуіміз әбден мүмкін. Осы тұста IT экспорты жағынан АҚШ мемлекеті, Еуропа немесе Оңтүстік Шығыс Азия елдері біз үшін жақсы перспектива деп ойлаймыз. Сондықтан да Мемлекет басшысының бұл бастамасы, әрине құптарлық. Өйткені, стартап дегеніміз – бұл ешқашанда нақты бір елді мекенге немесе локацияға шектеліп қалмайды. Стартаптың дәстүрлі бизнестен айырмашылығы да сол, ол масштабталуға өте керемет бизнес моделі. АҚШ-тың Бостон қаласы әлемге әуелден стартапқа жайлы экожүйесімен танымал. Мұнда IT саласын дамытуға, қолдауға атақты жоғары оқу орындары үнемі белсенді атсалысып отырады. Күнделікті әлеужелілерден ел-жұрт көріп жүрген сөйлейтін, билейтін кәдуілгі роботтарды Бостонда 30-40 жылдан бері жасап келе жатыр. Мол тәжірибесімен де бұл жақ стартаптарды қолдауға келгенде көш басында. Жасанды интеллектпен жұмыс жасау да бұл жақтағы ғалымдар үшін жаңалық емес. Бізде қазақстандық церебра деген медициналық стартап бар. Ол жасанды интеллект арқылы рентген түсірілімдеріне анализ жасап, адамның диагнозын ерте бастан анықтауға көмектесетін бірегей бастама. Ол қазір АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында акселерациядан өтіп жатыр. Сол секілді бірнеше IT стартаптар немесе IT технологиялық компаниялар Қазақстанның деңгейінен шығып осындай әлемдік деңгейге көтерілу жолында Мемлекет басшысының немесе Үкіметтің алға қойып отырған осындай жоспарлары біз үшін тиімді болады деген ойдамын. Қазір бірнеше қазақстандық IT мамандары АҚШ-та жүрген жастардың стартап ашуға қандай да бір көмегіміз тиер деген мақсатта стартап қауымдастығын ашуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Кембридж қаласында Venture Cafе деген жер бар. Ол жерде әлемнің стартап компаниялары жиі бас қосып тұрады. Өткен аптада Германиядан, алдыңғы аптада Жапониядан инвесторлар келді. Олар жергілікті стартап шараларын өткізіп тұрады. Оған қатысу толығымен тегін. Ол шараларға инвесторлар, стартап қауымдастықтары тұрақты қатысады. Осындай мүмкіндікті біздің қазақ жастары да пайдаланып, сол арқылы өз идеяларын жүзеге асырса деген ойымыз бар. Әрине, қазақтың білімді, оқыған, қолынан іс келетін жастары шетелге кетсе не болады деген сұрақ көп туындайды. Мұның екінші жағы бар. Әлемдік үрдістерге қосылмайтын болсақ, әлемдік тәжірибеге атсалыспайтын болсақ және өзімізде бар нәрсені экспорт жасамайтын болсақ, онда кері эффект болады. Мәселен, қазір Қазақстанда жалғыз монополия жасап тұрған бір ғана такси қызметі бар. Ол шетелден келген. Қазақстанда монополия жасап тұрған әлеуметтік желілер бар. Біз оларға толықтай тәуелдіміз. Егер мемлекет тарапынан ондай желілерге бұғат салынатын болса, қазақстандықтардың байланыссыз қалуы мүмкін. Былайша айтқанда, сауда-саттық саласында да шетелдік компаниялардың өнімдеріне мұқтажбыз. Ал, ондай өнімдерді үлкен деңгейде жасау үшін қазақстандық компаниялар бірінші әлемдік деңгейге шығып алуы керек. Сол кезде барып инвестиция көбейеді. Жан-жақты деңгейде тұтынушыларын тарта алады, – дейді бұл тұрғыда белгілі IT ағартушы, сала білгірі Тимур Бектұр. Сонымен қатар, қазіргі таңда отандық IT саласын АҚШ-тың озық тәжірибесімен толықтырып жүрген Тимур еліміздегі стартаптардың жүзеге асып, жарыққа шығуына инвестициямен қатар, ең алдымен жеделдік жетіспейтінін айтып отыр. Яғни, қандай тың бастама болса да, ол өз уақытында нарыққа шықпаса, өзектілігі де жойылмақ. – Қазақстанда 100 мың доллар стартапқа инвестиция алу өте қиын жұмыс. Ал АҚШ-та 1-2 миллион долларлық стартаптар бірден басталып кете береді. Мұнда стартапқа ең алғашқы деңгейінде инвестиция құйған инвесторды «бизнес періште» дейді. Бұл жақта профессорлар, зертханада жүрген адамдар ондай ақшаны сала алады. Бастысы, стартаптың дамуына қатты көмектесетін метрика бар, оны – Time-To-Market деп атайды. Бұл – нарыққа жеделдетіп шығу деген сөз. Бұл стартап үшін өте өзекті. Мысалға, Қазақстанда IT саласына қатысты керемет идеяңыз болса сіз оны ертең шығаруыңыз керек. Олай болмаса қытайлық немесе америкалық стартап компания мезетте 30-100 миллион аудиторияны жинап алып, идеяңызды жоққа шығара салады. Сондықтан, Қазақстанда 100 мың доллар қашан бөлінеді деп күтіп жүре бергенше, осында келіп, ойды жүзеге асырып, сосын барып елге оралғанның нәтижесі мол болады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының экспорт жасауымыз керек дегенінің астарында да осындай ой жатыр. Әлемдік дамыған елдермен тәжірибе алмасу арқылы IT секторын дамыту, нарыққа жедел шығу еліміздегі монополияға мұқтаждықтан түбегейлі арылуға, инвестицияны игілікке айналдыруға сеп болары сөзсіз, – дейді Т.Бектұр. Қазір шетелде білімін жетілдіріп жүрген қазақстандық жастардың дені IT саласындағы жаңашылдықтарды жетік меңгеріп қана қоймай, өз мүмкіндіктерін де жүзеге асыруда. Бостон университетінің түлегі, қазақстандық Бейсенбай Дәулетбаев қазір халықаралық электрондық саудамен айналысатын алып компания Amazon-ның қызмет сапасын арттыратын жаңа жүйені ойлап тауып, іске қосып отыр. Ол тапсырысты жеткізушіге ең тиімді әрі жедел жолдарды тауып берумен қатар, инфрақұрылымы жоқ аумақтарға дрон арқылы тасымалдауды қолға алған. – Әлемге әйгілі сауда-саттық компаниялары тапсырысты көбіне жүк көліктерімен жеткізеді. Біз сол жүк көліктерінің үстіне дрон қостық. Яғни жүк көлігі бір уақытта тұтынушыға затын алып бара жатқан сәтте оның үстіндегі дрондар сол бағыттағы басқа да тұтынушылардың тапсырысын жеткізіп жүре береді. Сонда уақыт үнемделеді. Бір жолда кемінде оншақты тапсырысты діттеген жеріне жеткізе аламыз. Оған қоса, біздің жүйеде тұтынушыға алып баратын төте жолдардың алгоритмі жасанды интеллект арқылы анықталады. Инфрақұрылымы жоқ елді мекендерге де дрон таптырмайтын тасымал құралы. Біздің дрондық тасымал қызметіне қазір әлемнің әр еліндегі медицина саласы, үлкен ауруханалар сұраныс білдіріп отыр. Себебі, науқастарға дәріні санаулы уақытта жеткізу – басты міндеттің бірі. Алдағы уақытта мұндай жүйені елімізде де жүзеге асыру жоспарымызда, – дейді қазақстандық IT маманы Бейсенбай Дәулетбаев. Миллиондаған тұрғыны бар АҚШ-тың алып шаһарлары халықтың қалыпты тіршілігіне барынша қолайлы жоспарланған. Мұнда тұрғындар жол мен электр жарығының жоқтығы, судың жетіспеушілігі секілді мәселелерге аса қатты бас ауырта бермейді. Құрылыс инженерия маманы Ердәулет Тастанбек ел ішіндегі қалалардың болашағына алаңдаушылық танытып, қазіргі таңда АҚШ-та білімін жетілдіріп жүр. Айтуынша, алдымен инфрақұрылымды жолға қоятын америкалық мердігерлердің тұрғындармен санасуы қалалық қызметтер жұмысының тиімділігін арттыруға септігін тигізуде. – Соңғы 20 жылда бүкіл әлем бойынша қаладағы адамдардың саны едәуір артқан. Халық саны көбейген сайын қалалық транспорттар, ауруханалар, балабақшалар, мектептер тағы да сондай сияқты әлеуметтік нысандар жетіспей жатыр. Болашақта Қазақстанда да бұл үлкен мәселе болуы мүмкін. Біз қаланы жоспарлау кезінде осындай кедергілер болмас үшін жасанды интеллект арқылы шаһардың алгоритмін жасайтын жүйені ойлап тауып, қазір сынақтан өткізіп жатырмыз. Қала жоспары дұрыс болса тіпті күнделікті кептелістердің мәселесін де оң шешуге болады. Жалпы, қаланы жоспарлау оңай шаруа емес. Оған мердігерлер, құрылысшылармен қатар, IT саласының білікті мамандары бірлесіп атсалыспаса, оң шешу мүмкін емес. Мәселен, Америкада Community Engagement деген бар. Ол дегеніміз – қоғаммен байланыс. Мысалы, қаланы жоспарлаған кезде қай көшеге дүкен салып жатса да олар сол қаланың тұрғындарынан сұрайды. Егер мердігерлер тұрғындар тарапынан қолдау тапса, сол салынған дүкеннен жергілікті тұрғындарға айтарлықтай жеңілдіктер болады. Сол секілді тұрғын үй кешенін салатын болса да сол маңдағы тұрғындар үшін үй алуға 20-30 пайыздай жеңілдік беріледі. Осындай халықпен байланыс бізде қазірде жетіспейді. Одан бөлек тағы бір мәселе, біздің еліміздегі құрылыс стандарттары әбден ескірген. Тәуелсіздік алғанға дейінгі және кейінгі стандарттардың өзі көнерді. Қанша ресурс пайдаланса, сонша ресурс шығаруға бейімделген АҚШ, Еуропа қалалары қазір қалдықтардан құрылыс материалдарын өндіруді де мықтап қолға алған. Ал, бізде құрылыстың өзінен қаншама қалдық шығып, оларды қайда жаратуды білмей жатамыз. Мұндай жүйе еліміздегі құрылыс жұмыстарынан күнделікті шығып жатқан қалдықтарды да кәдеге асырып, шығынсыз шикізатқа айналдырар еді. Осының барлығын қаланың толыққанды алгоритмін жоспарлауда жүзеге асыруға болады. Біз ойлап тапқан жүйеде жасанды интеллект, қаланың әр аумағында тұрғындардың шоғырлану тығыздығына қарай қажетті нысандарды математикалық дәлдікпен жоспарлап қана қоймай, оның сейсмикалық жағдайын да саралап, соған лайықты құрылыс материалдарын ұсына алады,– дейді Бостон университетінің магистранты Ердәулет Тастанбек. Тар уақытта таптырмайтын мұндай жедел қызмет жүйелері Еуропа елдерінде қолданысқа енгізілген. Ал әлемдік компаниялар қызығушылық танытқан қазақ азаматтарының бастамасы АҚШ-та оң нәтижесін берсе, алдағы уақытта отандық IT саласының да айы оңынан туар күн алыс емес.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ