Жаңалықтар

Сәндік қолданбалы өнердің қыздарға берері мол

Сәндік қолданбалы өнердің қыздарға берері мол

№1 Балалар өнер мектебі Жуалы ауданындағы талай өнерлі жастарды өнерге баулып, қанатын қатайтқан киелі шаңырақ. Ұлттық мәдениетімізді жас ұрпақтың бойына сіңіретін үлкен шаңырақтың бірі де осы.

Балалардың бойындағы өнерге деген қызығушылығын арттырып, оларды өнерге баулу мақсатында мұнда тәжірибелі, білімді мамандар еңбек етіп келеді. Өнер мектебінде барлығы он үйірме жұмыс істейді. Олар – домбыра, баян, аккордеон, фортепьяно, гитара, театр, хореография, сәндік қолданбалы өнер, көркемсурет, эстрадалық ән үйірмелері. Мектептің сәндік қолданбалы өнер үйірмесінің бөлмесінде көздің жауын алатын ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен балалардың тоқымалары, кестелері қойылған. Мұндай әдемі әрі сәнді дүниелерді үйірменің жетекшісі, білікті маман Манзура Разымбетова өзінің оқушыларымен бірлесіп жасаған. Үйірмеге келушілердің қатары да көп. Қолөнер үйірмесі жалпы 50-ге жуық оқушыны қамтып отыр. Тек аудан орталығынан ғана емес, мұнда Нұрлыкент және Түктібай ауылдарынан да келетін өнерлі оқушылар бар. Өнерлі қыздардың жетістігі де аз емес. Атап айтар болсақ, биыл «Алтын қазына» атты аудандық көркем және сәндік- қолданбалы балалар шығармашылығының көрме-байқауына белсене қатысып, «Ұлттық нақыштағы интерьердің дизайн- жобасы» номинациясы бойынша Светлана Дорош бас жүлдені иеленген. Сонымен қатар, осы байқауда «Металды көркемдеп өңдеу» номинациясы бойынша Ғалия Айтбай да бас жүлдені жеңіп алған. Ал, Бегімай Әбзелбек республикалық «Фламинго» фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталған. Жақында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен әуесқой балалар үйірмелерінің «Бала-ART» байқауы өткен болатын. Байқаудың «Қолөнер» номинациясында жуалылық оқушы Ботагөз Көпбосын үздік өнер көрсетіп, ІІІ орынды қанжығасына байлап қайтты. Үйірмеге алғаш келген қыздарға Манзура Разымбетова алдымен техникалық қауіпсіздік шараларын түсіндіреді. Одан кейін қыздарға қол тігісін үйретеді. Маман өз сөзінде: «Үйірмеге келген оқушылар алдымен қол тігісін білуі керек. Себебі, мұндағы кез келген қолөнер бұйымдарын жасауда тігіс қолданылады. Олар қол тігісін білмей, әрі қарай жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар, үйірме жұмысы сурет сабағымен де тікелей байланысты», дейді. Алғашқы сабақтарда балалар тігістің түрлері, яғни, шыт барқыт, көктеу, барқыт, қайтарма тігістер туралы түсінік алып, оны тігіп үйренеді. – Үйірмеге келуші қыздардың өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Әр баланың табиғаты әртүрлі. Олардың қабылдауы мен қабілеті де әр баланың өзіне сай келеді. Бірі баяу қимылдаса, бірі шапшаң. Дегенмен, олар үйретілген дүниені тез қабылдап, бастаған жұмыстарын аяқтауға тырысады. Қолөнер – қыз баласына ең керекті өнердің түрі саналады. Бала тек өнерді ғана меңгеріп қоймай, бойындағы шыдамдылық, төзімділік, жауапкершілік секілді қасиеттерін де шыңдайды. Әр адамның өзінің бойына ерекше біткен таланты болады. Соның бірі – өнер. Әрбір адамның табиғат сыйлаған дарыны болады. Міне, балалардың бойындағы дарындылықты, өнерді ашу, оны әрі қарай шыңдау – біздің мақсатымыз. Үйірмеге келетін оқушы қыздардың қызығушылығын ояту үшін сабақта түрлі сюжеттік жұмыстарды жасату керек. Олардың көңіл күйін көтеріп, жұмысын сапалы аяқтау үшін көңілді түрлі түсті жіптер қолданған дұрыс. Оларға ұлттық өнерді заманауи үлгідегі дүниелермен ұштастырып үйреткеніміз жемісін береді деп ойлаймын, – дейді сәндік қолданбалы өнер үйірмесінің жетекшісі. Білікті әрі тәжірибелі маман үйірме қатысушыларына жаңа дүниені үйретуге күш салуда. Сабақта қыздар тоқыма тоқып, кесте тігеді, түрлі тұрмысқа қажетті емес заттардан сәндік дүниелер жасайды. Әрқайсысының түсі мен орналасуы бір- бірімен өзара үйлесім тапқан. Қазіргі таңда мұнда қыздар тұрмысқа қажетті үй сүйретпелерін тоқуда. Ол үшін қажетті табандары мен жіптері Алматы қаласынан тапсырыспен алынған. Қыздар да бір- бірімен жарысып, үй тәпішкесін жарыса тоқуда. Одан бөлек, үйірмеде қыздар түрлі сөмкелер, бас киімдер және сәбилерге арнап шұлықтар тоқу үстінде. Алдағы уақытта аталған үйірме жетекшісі оқушы қыздарға киім пішіп, оны тігуді үйретуді жоспарлауда. «Өнерлі бала – өрге жүзеді» десек, осындай өнер мектептеріндегі үйірмелер балалардың өнерін әрі қарай шыңдап қана қоймай, өмірге деген белсенділігін де арттырады. Сонымен қатар, мұнда ұлттық өнерді, оның ішінде, ісмерлік, тігіс тігу, тоқыма тоқу, кесте тігудің үйретілуі –қыз баласының тұрмыстық өмірге дайындаудың алғашқы баспалдағы саналады. Осындай тәрбиелік мәні зор үйірмелер барда ұлттық өнеріміз дамып, жаңғыра берері сөзсіз.  

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

журналист.

Жуалы ауданы