Әлеумет

Тірек мектебінің тиімді тәжірибесі

Тірек мектебінің тиімді тәжірибесі

Бүгінде еліміз бойынша 80-нен астам тірек мектебі бар. Дәл қазір облысымызда мұндай 3 білім ошағы жұмыс істейді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасын Оқу- ағарту министрлігі, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және Назарбаев Зияткерлік мектептері бірлесіп жүзеге асырады.

Қор қанша мектепті заманауи құралдармен жабдықтайды? Мұғалімдер біліктіліктерін қалай арттырады? Тірек мектеп деген не? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы – білім саласын дамыту мақсатында қолға алынған ең ерекше жоба. Әлеуетті жобаның жемісін өңірдегі бірқатар ауылдық мектептер де сезіне бастады. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар оң нәтиже беріп отыр деуге болады. «Ауылдағы білім беруді қолдау туралы айтылғанда ең алдымен тірек мектептерді көтеруді ойлау керек. Былтыр Білім беру саласын тұрақты дамыту қорымен бірлесіп, 17 өңірде 17 ауылдық тірек мектеп құрдық. Материалдық-техникалық базаны толығымен жаңарттық. Сондай-ақ, мектепке талдау жүргізіп, мұғалімдер мен оқу орны әкімшілігінің біліктілігін арттырдық. Серіктестеріміз үш жыл бойы әдістемелік қолдау көрсетеді. Осылайша оқу үдерісіне деген көзқарасты өзгертіп, жаңа білім беру технологияларын енгіздік. Енді бұған биылғы тізімге енген мектептерді қоссақ жүзге жуықтап қалдық деуге болады. Жалпы, еліміз бойынша 200 білім ошағын тірек мектептерге айналдырамыз», – дейді «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев. Жоба білім сапасын арттыруға, озық педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізуге және тірек мектептерді қажетті материалдық- техникалық базамен қамтамасыз етуге бағытталған. Енді мыңдаған оқушы мен мұғалім жаңа мектеп жабдықтарымен, ортақ әдістемемен қамтылады. Мектеп базасында педагогикалық ұжым мен мектеп басшылығының біліктілігін арттыру бағдарламасы іске қосылды. Мұғалімдер 5-6 ай бойы оқытудың заманауи әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді. Сарысу ауданы Саудакент ауылындағы Балтабай Адамбаев атындағы мектеп ауылдық тірек мектептерді дамытудың кешенді бағдарламасына енгізілген аймақтағы алғашқы тірек мектеп атанды. Бұл білім ошағында арнайы жабдықтау стандарты бойынша 35 оқу кабинеті мен шеберхана, сондай-ақ STEM-зертхана, АРТ-студия, интеллектум холл, кітапхана және телестудия жаңартылған. Бүгінде бұл мектепте 935 бала білім алады, 116 педагог жұмыс істейді. «Қор құрылғаннан бері 20-дан астам қайырымдылық бағдарламасы мен жобасын іске асырудамыз. Жобаның міндеті – ауылдық аймақта ауданның өзге де оқу орындары үшін құзыреттілік орталығына айналатын тірек мектептерін құру. Сондықтан, барлық оқу кабинеттері мен қосымша білім беру кабинеттері заманауи талаптарға сәйкес жабдықталды, ал мұғалімдерге білім технологияларын жетілдіру мен тәжірибесін өңір мектептеріне одан әрі тарату мақсатында оқыту курстары ұйымдастырылды», – дейді «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында тірек мектептердің таныстырылымы әлі де жалғасуда. Биыл аймағымыздан аталмыш жобаға тағы екі мектеп кірді. Әр тірек мектебі 250 миллион теңгеге толық жаңғыртылды. Сондай-ақ, ұстаздарға арналған Назарбаев зияткерлік мектептерінің тағылымдамасы да басталып кетті. Мойынқұмдағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектеп 1979 жылы пайдалануға берілді, ал былтыр күрделі жөндеуден өтіп, тірек мектептерді дамыту жобасына қатысуға мүмкіндік алды. Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан тірек мектепте 784 оқушыға лайықталған, алайда қазір 479 оқушы білім алып жатыр. Т.Рысқұлов мектебінде 70 педагог сабақ береді. Олар кезең-кезеңімен Назарбаев зияткерлік мектептерінің қарқынды оқу бағдарламасына қатысады. «Жоспарға сәйкес, ай сайын оқыту процесіне жүйелі түрде қолдау көрсетеміз. Қыркүйек айының алғашқы аптасында физика, химия, биология сияқты пәндердің мұғалімдеріне жаңадан жеткен құрал-жабдықтарымен жұмыс істеуге үйреттік және әлі де әдістемелік көмек көрсетіп келеміз. Олар әртүрлі зертханалық жұмыстар жасауды бастап кетті. Біз оларды 3 жыл көлемінде сүйемелдейміз. Нәтижесінде ауылдағы балалардың білім деңгейі өседі деп сенемін», – дейді Тараз қалалық Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Қаракөз Абдрахманова. Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де тірек мектебінің қатарына қосылды. Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры аймағымызда осымен үшінші мектепті тірек мектептер желісіне қосты. «Біз келесі жылы аймақтың тағы 8 мектебін тірек мектептер желісіне қосамыз. Басты мақсатымыз –еліміздің әр ауданында кемі бір мектептен ашу. Ал, бұл білім ордалары жақын орналасқан шағын жинақты мектептерге тәжірибесін бөліседі. Нәтижесінде тіпті ең шағын ауылдың балалары да сапалы білімге қол жеткізеді», – деді қор жетекшісі Данияр Тоқтарбаев. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы бойынша серіктестер 2024 жылдың соңына дейін еліміздің әр ауданы мен моноқаласында 200 тірек мектебін ашуды көздеп отыр.  

Гүлжан РАХМАН