Алматыдағы іздеу салынған ер адамның денесі өзеннен табылды
Алматыдағы іздеу салынған ер адамның денесі өзеннен табылды
Алматы полициясы 29 қарашада үйінен шығып, қайта оралмаған ер адамның денесін тапты, деп хабарлайды Kazinform. Бұған дейін Алматының еріктілері жоғалған ер адам жайлы ақпаратты әлеуметтік желіге салған еді. Алматы қалалық полиция департаменті жедел іздестіру іс-шарасы барысында ер адамның мәйіті табылғанын хабарлады. «29 қарашада үйінен шығып, қайта оралмаған 1989 жылы туған Тимур Попов есімді азаматтың мәйіті табылды. Жедел-іздестіру тобы жедел түрде ер адамның жүру бағытын анықтады. Ол таксимен Талғар қаласына барған. 7 желтоқсан күні сағат 11:00-де полиция қызметкерлері жоғалған азаматтың әйеліне телефон арқылы «SOS» дабылын жіберген жерден 1,5 шақырым жерде орналасқан «Талгарка» өзенінің арнасына тексеру жүргізді. Нәтижесінде суға кеткен ер адамның денесі табылды», - деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Адам өлімінің нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталып жатыр.