Әлеумет

Инфрақұрылымды жаңғырту жүйелі жүргізілуде

Инфрақұрылымды жаңғырту жүйелі жүргізілуде

Бүгінде билік өңірлерді дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Халықтың сапалы өмір сүруіне қажеттінің бірі – елді мекендердегі инфрақұрылымның жеткілікті деңгейде жүргізілуі. Мәселен, Сарысу ауданында 25 елді мекен бар. Оның ішінде Жаңатас қаласын қоса алғанда 20-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 5 елді мекенді, атап айтсақ, Шағалалы, Үшбас, Майлыкөл, Ақтам, Кіші Көкдаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету кезең- кезеңімен жоспарланған. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен аудандағы 5 ауылдың ауыз су жүйесінің құрылысына, күрделі және қайта жаңғырту жұмыстарына 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда еліміздің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына сәйкес мердігері анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәуренбек Шалбаевтың айтуынша, биыл аудандық жол құрылыс саласына 639,3 миллион теңге бөлініп, барлығы 11 жол жөндеу жобалары іске асырылған. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 1 жоба, яғни 9,2 километрлік Шағалалы ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмысы басталыпты. Бұған облыстық бюджеттен 134,9 миллион теңге қаржы қаралған. «Ауыл – ел бесігі» жобасымен Саудакент, Игілік, Жаңаталап, Ұйым, Жайылма және Тоғызкент ауылдарының ауылішілік 11 көшесінің жол жабындысына орта жөндеуге және 1 көшені жарықтандыруға 353,4 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда асфальтбетон төсеу жұмыстары толығымен аяқталған. – Ауылдарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету де бүгінде маңызды істің бірі болып отыр. 25 қазан – Республика күні мерекесінде ауданымыздағы Досбол ауылдық округі, Шағалалы ауылына салтанатты түрде табиғи газ қосу шарасы өткізілген болатын. Ал, қоғамдық көлік жөнінде айтсақ, бүгінде қалаішілік «Орталық базар – Шоқай Датқа көшесі», «5 А ықшам аудан – Ертегі әлемі аялдамасы – Әулие ата көшесі» бағыты және ауданішілік «Жаңатас-Жайлаукөл», «Жаңатас-Игілік-Саудакент», «Жаңатас-Жайылма-Саудакент», «Жаңатас-Тоғызкент-Әбілдә», «Жаңатас-Ә.Бүркітбаев-Үшбас-Арыстанды», «Жаңатас-Ұ. Сыздықбаев-Ақтоғай» бағыттары бойынша жолаушы тасымалы ұйымдастырылған. Келесі жылға «Жаңаталап-Ұйым-Жаңатас» және «Қызылдихан-Маятас-Жаңатас» бағыты бойынша әлеуметтік маңызы бар маршрут ашу жоспарланып отыр, – дейді бөлім басшысы Дәуренбек Әсембайұлы.  

Қамар ҚАРАСАЕВА

Сарысу ауданы