Қарт Қаратаудан кәрі құрлыққа дейін
Қарт Қаратаудан кәрі құрлыққа дейін
Дүние дүрбелеңге толы. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы ұрыс-керіс, Украинадағы қақтығыс күннен-күнге белең алып барады. Көптеген іргелі мемлекеттердің өзінде экономикалық дағдарыс халықты қажытты. Ал, біздің еліміз үшін бұл кезең бірқалыпты даму, дағдарысқа қарсы шараларды іске асырған жемісті мезгіл болды. Дегенмен, әлі де 2014 жылдың ел экономикасының қорытындысы шығарылмаса да, белгілі ғалымдар мен экономистердің болжамы бойынша, бұл жылдың даму көрсеткіші 5 пайызға жетіп қалатын көрінеді. Ресейде қалыптасып отырған кері әсерлердің салдарынан өсім алу қиынға соғып, Қазақстан дүниежүзінде экономиканың қалыпты дамуын сақтап отырған шамалы ғана мемлекеттің біріне айналды. Осы жерде мына мәселеге назар аударсам деймін. Қазақстанның негізгі экспорттық өнімі мұнай бағасы біршама түсті. Әрине, ол бізге емес, Ресейге әжептәуір әсер етті. Ел қазынасы мұнайдан түсетін қаржысыз жасақталатынын ескерсек, одан түсетін табыс Ұлттық қорға жиналады. Мемлекет басшысы осындай қор құруының арқасында мемлекетіміз 2007 жылы басталған әлемдік қаржы дағдарысынан да айналып өткенін барша жұрт біледі. Қазір осы қорда Ұлттық банктің сақтық қорын қоса есептегенде 105 миллиард доллардай алтын-валюталық қазына бар екен. Бұл зейнеткерлеріміз, түрлі мемлекеттік жәрдемақы алатын және бюджетте еңбек ететін қазақстандықтар үшін еш алаңдауға негіз жоқ екенін көрсетеді. Сонау 1994 жылдың өзінде Еуразиялық интеграция жайлы ұсыныс жасаған Елбасымыздың алысты болжай білетін сұңғыла саясаткер екенін әлемнің мен деген мықтыларының өзі айтып жатыр. Биылғы 1 қаңтардан бастап жұмысына кіріскен одақ кешегі келмеске кеткен кеңес одағын тірілту емес, Қазақстан Республикасы Президентінің көрегендігі, жүзеге асқан өміршең ұсыныс екенін Ресей Президенті Вдадимир Путиннің өзі дүниежүзі алдында мойындады. Елбасымыздың туындысы-Еуразиялық экономикалық одақ құруда көрегендігін былай аңғаруға болады. Мәселен, Қазақстанның экономикалық қуаты ұдайы өседі. Сондықтан үздіксіз өсетін тауарлы өндірісті қамтамасыз ететін рынок керек болады. Ал енді, Еуразиялық экономикалық одақ – біздің еліміз үшін интеграциялық ынтымақтастық қана емес, оған қоса алып нарық. Мына мәселеге назар аударайықшы, Кедендік одақ кезінде үш мемлекеттің тауар айналымы 50 пайызға өсіпті. Осы үлкен көрсеткіш пе, әрине үлкен көрсеткіш. Бізде экономиканың негізі шикізат екені белгілі. Осы тауарлы өндірістің қосымша құны болмағандықтан тасымал шығынын азайтқанда ғана дұрыс болмақ. Осы жерде одақ арқылы тасымал шығынын азайтатын іргедегі 170 миллиондық аса ауқымды нарыққа қол жеткізіп отырмыз. Бұрында әлемнің бірнеше мемлекетіне өнімімізді шығарып келген біз енді Ресей рыногына еркін еніп, Қаратаудың сары алтынға бағаланған фосфор өнімі көрші алып елдің де, ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамыған Беларусь мемлекетінің де базарын еркін жайлайтын болды. Мен ана жылы «Ақ жол» газетінің тілшісіне берген сұхбатымда Жаңатас қаласы маңындағы фосфор кенінің зерттелген қорының өзі 100 жылға жетеді деп едім. Ал, зерттелмеген қоры одан әрі қанша жылға жетеді? Бұл – қазақ елінің байлығы. Осы өңірді мекен еткен халықтың береке-нәсібі. Өндірген өнімің қоймада тау-тау болып үйіліп жатпай, хан талапайға түскендей қолма-қол өтіп жатса тау қопарып, тас жарып жүрген біздің де жағдайымыз жақсарған үстіне жақсара түседі. Қызметкерлеріміздің жалақысы еселеп артады, әлемдік озық техникамен жарақтанамыз. Әлбетте, кенін алып отырған өңірдің әл-ауқатын арттыруға көмек қолын созған үстіне соза түсеміз. Еуразиялық экономикалық одаққа Армения да мүше болып енді. Қырғызстан алдағы алты айдың ішінде енбекші. Вьетнам, Түркия, Израиль, Үндістан қызығушылық танытуда. Басқа да бірқатар мемлекеттер өздерін одақтан көргісі келеді. Сонда Қаратау фосфоры әлемді жайлайды. Міне, Еуразиялық экономикалық одақтың Жаңатас пен Қаратау қаласындағы кеншілерге тартқан тартуы. Осы елдің бәрі біздің елден өздерінің өндірісін ашуға алдағы уақытта шешім қабылдауы мүмкін. Бұлай дейтініміз, Қазақстан –алып рыноктың мықты ойыншысы әрі салықтық төлемі өте аз, шикізат қорына өте бай мемлекет. Оның үстіне, Еуропаға да, Таяу Шығысқа да, Азияға да оп-оңай шыға береді. Дәл қазіргідей төрткүл дүние алда не күтіп тұрғанын білмей аласапыран күй кешіп жатқанда Қазақстан өз таңдауын жасап, алдағы күндерге қарышты қадамын жасады. «Нұрлы жол» бағдарламасы дер кезінде қабылданды. Ал, оның мәуелі жемісін Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан әрбір қазақстандық көреді. Құдіреті күшті бір Алла соған жазсын!
Мұратқали СӘРСЕНОВ, «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.
Сарысу ауданы.