Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі биік

Мемлекеттік қызметтің мәртебесі биік

Мемлекеттік қызметші тек өзінің кәсіби біліктілігімен, мінез-құлқымен ғана емес, жүріс-тұрысымен, киім-киісімен де өзге жұртқа үлгі болуы тиіс. Сол себепті, бүгінгі таңда қоғамда мінсіз мемлекеттік қызметшінің нағыз бейнесін жасау аса маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында жауаптыларға қойған міндеттерінің бірі де осы. Бұл жауапкершілікті яғни, кәсіби мемлекеттік аппарат құруды әр мемлекеттік қызметші «өз міндеті» деп түсінуі керек.

Осы ретте Әдеп Кодексі әдеп стандарттарын белгілеп, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырудың негізі екені рас. Кодекске сүйеніп елге қызмет ететін мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби білімімен пайда келтірумен ғана шектелмей, адамгершілік тұрғыдан басқалар бой түзейтін тұлғалық болмысы арқылы қоғамға үлгі әрі қарапайым халықтың сенімін арттыруға ықпал етуі тиіс. Сондай-ақ, ол Кодекспен белгіленген нормаларды қатаң сақтап, азаматтармен дұрыс қарым-қатынас орнатып, олардың мәселелеріне тереңірек үңілуге және оның шеңберінде мемлекет пен қоғамның мүдделерін ғана басшылыққа ала отырып, оларды шешуге бар күш-жігерін салуы қажет. Ал, мұнда оның бойынан патриоттық, саяси бейтараптық пен заңға адалдық қасиеттері көрінсе құба-құп. Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаментінде қазіргі таңда барлық мемлекеттік қызметшілерге әдеп нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Соған сай семинар сабақтар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында осы мазмұндас мақалалар жариялануда. Бұдан бөлек, әдеп жөніндегі уәкіл корпоративтік ұжымдық мәдениетті нығайту мақсатында жұмысқа енді ғана қабылданған мемлекеттік қызметшілермен мемлекеттік қызметті атқарумен байланысты шектеулерді сақтау бойынша тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғарғы моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген адалдық, адамгершілік қағидаларды қатаң ұстанған жағдайда елдің ертеңі нұрлы болмақ. Сондықтан, баршамыз үшін де егемен еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында барлық күш-жігерді жұмсап, абыроймен қызмет ету – мәртебелі міндет. Әрбір мемлекеттік қызметші қоғамдағы оң өзгерістерге өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр.  

Гузаль ТУРДЫЕВА,

Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары.