Биыл 16 мәдениет нысаны ашылады
Биыл 16 мәдениет нысаны ашылады
Басқосу барысында басқарма басшысы өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар мен алдағы жоспарларға кеңінен тоқталды. Айтуынша, биыл салаға 14,7 миллиард теңге қаралып, елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту мәселесі де оң шешіліп келеді. – Биылғы жылы 1,4 миллиард теңгеге 16 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі күнге 6 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 4 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, 30 мәдениет нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 641,5 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, биыл 4 мәдениет нысанын күрделі жөндеуге бюджеттен 445,4 миллион теңге бөлінді. Байзақ ауданы, Көктал ауылында, Меркі ауданы, Ақермен ауылында, Сарысу ауданы, Өндіріс ауылында Мәдениет үйлерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Т.Рысқұлов ауданы, Луговой ауылдық Мәдениет үйі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Ал, ағымдағы жөндеу жұмыстары 26 нысанда жүргізілуде. 20 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды, – деді Ерлан Жүнісбай. Сонымен қатар, спикер биылғы жетістіктерді де атап өтті. Өңір өнерпаздары ел аумағында ғана емес, шетелдің шығармашылық байқауларында да жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Жыл соңына дейін аймақта Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жас, «Тараз» триосының 50 жылдық мерейтойымен қатар, «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының облыстық фестивалін ұйымдастыру жоспарланып отыр екен.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ