Туыңның тұғыры биік болсын
Туыңның тұғыры биік болсын
Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап жеткен тәуелсіз мемлекетіміздің елдігін танытатын айшықты белгілері – Ту, Елтаңба, Гимн. Бір-бірінен ажырамас бұл үш құндылықты қадірлеп, мәртебесін биік ұстау – әрбір қаймана қазақтың азаматтық борышы болуы тиіс. Көк Тудың көк аспанда желбіреуі жүрегі Отанға деген ыстық сезімнен қуат алған барша жанға айрықша күш дарытып, оның бойында еліне деген шексіз махаббатты оятады емес пе? Ал Елтаңба қараған жанға қазақы болмыс пен мінезді, халқымыздың өз бедерін көрсетеді.
Гимнді тыңдаудағы сезім күйі мүлдем басқаша. Ол айтылып жатқанда еріксіз кеудеңізді мақтаныш сезімі кернеп, сол сезіммен ұштасып жатқан жүрегіңіздің бұлқынысын алақаныңызбен құшып, туған еліңіздің мәртебесіне тағы бір марқайып қаласыз. Әрбір азаматқа осындай көңіл-күй бұлқынысын сезіндіріп, еркіндікті ұғындыратын бұл құндылықтарымызды бүгінде лайықты қастерлеп, құрметтеп жүрміз бе? Рәміздеріміздің облысымыздың Қордай және Меркі аудандарындағы мемлекеттік мекемелердегі қолданысы талапқа сай ма? Бұл сауалдардың жауабы облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясының кезекті отырысында дәйектелді. Жиында аты аталған аудандардағы жағдайға қатысты облыстық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының аға прокуроры Сандуғаш Сақыпбекова хабарлама жасады. Оның айтуынша, қос ауданда өткен 2014 жылдың қыркүйек айының 10-11 аралығында 46 мемлекеттік мекеме мен ұйымдарда тексеру жүргізіліпті. Оның ішінде 26 мекемеде яғни, 56 пайызында кемшіліктер анықталған. Еліміздің Ата Заңында әрбір азамат рәміздерді құрметтеп, күтіп ұстауға, оларға ұқыппен қарауға міндетті болса, бекітілген Стандартқа сәйкес рәміздерді кірленген, жыртылған, тозған қалпында ұстауға жол берілмейді. Алайда, Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, №23, 24 орта мектептерінде және Меркі ауданы Ойтал ауылдық округі әкімінің аппаратында, №1 орта мектебінде, мемлекеттік мұрағатында кірленген Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаларды пайдаланып келген. Сонымен қатар Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, салық басқармасында, Степное, Қасық ауылдық округтерінде, Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде, мемлекеттік мұрағатта, Жаңатоған, Ақарал ауылдық округтерінде Ту мен Елтаңбаға тәуліктің қараңғы уақытында жарық түсірілмей, мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы арнайы Ереженің бұзылуына жол берілген. Хабарламашы өз сөзінде мұндай мысалдарды көптеп келтірді. «Тексеру нәтижесі бойынша орын алған кемшіліктерге орай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұмыс тәсілдерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар берілді» деп түйіндеді өз сөзін Сандуғаш Жұмабекқызы. Комиссия отырысында Қордай ауданы әкімінің орынбасары Б.Жамангөзов пен Меркі ауданы әкімінің орынбасары Т.Рысқұлбековтің мемлекеттік рәміздерді насихаттау және қолдану бойынша өз аудандарында атқарылған жұмыстардың барысы туралы есебі де тыңдалды. Жиын соңында облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссиясы жиынның күн тәртібіне сәйкес Қордай және Меркі ауданында орын алған кемшіліктер толығымен жойылып, қадағалансын деген ұйғарым жасады. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жылдан асып кетті. Ал біз әлі күнге азаттығымыздың айшықты белгілерін үкілеп ұстауды үйрене алмай келеміз. Алайда, осы басқосуда аты аталып, түсі түстелгендер сыннан қорытынды шығару ісіне қарқынды кірісер деген сенімдеміз. Барлығы түптеп келгенде Отанға деген ұлы сезімге келіп тіреледі. Әңгіме арқауына айналған тақырыпқа орай бізді қатты қынжылтқаны ел сенім артып отырған көзі қарақты жандардың мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың қарапайым тәртібін білмеуі болды. Комиссия отырысын облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова ашып, жүргізіп отырды.
Фариза ӘБДІКЕРІМОВА, «Ақ жол».