Басты жаңалық

Әулиеатада әйелдер қанаты құрылды

Әулиеатада әйелдер қанаты құрылды

Әйелдердің гендерлік теңдігін, өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өміріне араласуына бағыттау мақсатында Amanat партиясы облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды. Бұл туралы партияның облыстық филиалы ұйымдастыруымен өткен Жамбыл облысы әйелдер активінің отырысында айтылды. Жиында әйелдер қанатының кеңесшісі лауазымына Саяси Кеңес Бюросының қаулысына сәйкес, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшесі, кәсіпкер Айман Ашимова ұсынылып, бекітілді.

Нәзікжандылардың мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруды негізге алған кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова «ZOOM» платформасы арқылы қатысты. Одан бөлек, облыс әкімінің кеңесшісі Берік Бегалиев және өңірдегі саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдарда табысты қызмет атқарып жүрген арулар жиынның ортасында болды. Іс-шарада алғаш сөз тізгіндеген партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов партияның Сайлауалды бағдарламасында демографиялық өсім мен балаларға барынша жағдай жасау – басты міндет екенін жеткізді. Кездесуде әйелдер нәзікжандылардың қоғамдағы өзекті мәселелерін талқылады. Оның ішінде, партияның «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ауыл аманаты» және «Қарызсыз қоғам» жобалары туралы да айтылып, оның шапағатын отбасының ұйытқысы әйелдер қауымы да көріп отырғандығы айтылды. Сондай-ақ, «Кедергілерден өтіп, табысқа жету», «Әйел – отбасы ұйытқысы, тыныштық тірегі», «Саяси көшбасшылықтағы әйелдердің рөлі», «Партияның іргетасы, басты күші – ол бастауыш партия ұйымдары», «Қоғамдағы жастардың рөлі» тақырыптарында баяндамалар оқылып, талқыланды. Айта кетейік, бүгінде облыс көлемінде 1,2 миллион халық болса, оның 50,3 пайызын әйелдер құрайды. Ресми статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда облыстағы нәзікжандылар барлық салаларда жемісті еңбек етіп келеді. Аймақта шамамен 109 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 41,4 пайызы басшылық қызметтегі арулар. Ал, әйел азаматтарының басым бөлігі білім беру мен денсаулық сақтау саласында жұмыс атқарады. Сонымен бірге, өңір бойынша 54 мыңнан астам партия мүшесінің 69,5 пайызы әйелдер болса, 266 бастауыш партия ұйымының 149-на нәзікжандылар жетекшілік етеді. Ал, облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттарда 207 мандат болса, оның 18,8 пайызы әйелдер екен. Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру – партияның алға қойған мақсаттарының бірі. Осы мақсатта партия жанынан құрылған әйелдер қанаты нәзікжандылардың гендерлік теңдігін, елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік- экономикалық өміріне араласуына бағыттау жолында жұмыс атқаратын болады.  

Назерке СӘНДІБЕК