Ерекше балаларға айрықша қолдау
Ерекше балаларға айрықша қолдау
Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев нысанды қайта жөндеуден өткізуге атсалысқан «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорларына облыс тұрғындары және ем алушы балалардың ата-аналары атынан алғыс білдірді. – Кез келген мемлекеттің құндылығы мен ізгілігі балалар мен қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға қарым-қатынасымен айқындалады. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қоғамда тең жағдай жасау және оларға қамқорлық көрсету мемлекеттің борышы болып табылады. Мемлекет басшысының бастамасымен әлеуметтік жағынан әлсіз, мүмкіндігі шектеулі жандар жан-жақты қолдауға ие болуда. Нәтижесінде, ерекше қажеттілігі бар адамдарға республика бойынша айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта облыста да игі істер атқарылуда. Облыста 45 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркеліп, оларды қолдауға ағымдағы жылы 3,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Тиісті бұйымдармен толық қамтамасыз етілуде. Сондай-ақ, ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соның бірден-бір көрінісі ретінде 110 орындық осы аутизмі бар балаларды қолдау орталығының ашылуын айта аламыз, – деді облыс басшысы. Орталықта логопед, психолог және дефектолог және басқа да мамандар ерекше балаларға ава-терапия, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және емдік-денешынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, музыкалық терапия, сенсорлық интеграция, әлеуметтік- тұрмыстық бағдарлау бойынша сабақтар жүргізеді.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.