Алғыр жастар аймақ намысын қорғады
Алғыр жастар аймақ намысын қорғады
Іс-шара барысында жасөспірім оқушылар алдында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлесе, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, қазылар алқасының төрағасы, белгілі айтыскер Аманжол Әлтай да сәт сапар тіледі. Біздің облыс құрама командасы бұл жолы қандай нәтиже көрсетті? Атап айтқанда, төрт марапатпен бұл республикалық байқауды қорытындыладық. Облыс намысын қорғаған оқушылар аянып қалған жоқ. Атап айтқанда, «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша Талас ауданынан бақ сынаған Алдияр Жүзбайұлы екінші орынды иеленсе, «Шешендік өнер» аталымы бойынша меркілік Жанайым Есеналы және «Аспапта ойнау» аталымы бойынша Тараз қаласынан Зейін Ахметов үшінші жүлдеден көрінді. «Айтыс» аталымы бойынша тараздық Інжу Жаңабайға арнайы жүлде бұйырды. «Эссе жазу» аталымынан барған меркілік оқушы Алина Тойлыбай да, «Ақындар мүшәйрасы» аталымы бойынша барған тараздық Іңкәр Жаңабай да барын салды. Бұл «Ақберен» – шығармашыл оқушылар арасындағы ең үлкен өнер мен білім жарысы. Қазылар алқасының құрамында Аманжол Әлтай бастаған Айбек Қалиев, Еркебұлан Қайназар секілді танымал айтыскерлер, Жанат Әскербекқызы секілді ақындардың төбе көрсетуімен де бұл жарыс ерекше болды. Өңір құрамасы былтыр екі жеңімпаз және бір үшінші орынмен командалық есепте екінші орынға қол жеткізген болатын. Жамбылдық жас жүйріктер алдағы аламандарда да өңір намысын сәтті қорғай беретін болады.
Есет ДОСАЛЫ