Интернет алаяқтық көбейіп барады
Интернет алаяқтық көбейіп барады
Әділет министрлігі дабыл қақты
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі соңғы кездері жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерден сақтануға шақырады. Өздерін әділет органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып жүрген алаяқтар азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік қызметшінің ID карталарын көрсетуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Оның айтуынша, алаяқтар азаматтарға хабарласып, өздерін Әділет министрлігінің басшылары немесе қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректерін сұрауда. «Осыған орай, Әділет министрлігі бейтаныс азаматтарға немесе телефон шалған бөтен тұлғалар мен интернет- ресурстарға дербес деректері туралы (жеке куәлік деректері, ЖСН нөмірі, банк карточкаларының мәліметі, мекенжайы) мәліметтерін таратпауды сұрайды. Әділет министрлігінің қызметкерлері телефон арқылы азаматтардың жеке деректерін сұратпайды. Егер де сіз аталған фактілермен бетпе-бет келген болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарласуларыңыз қажет», – деді Талғат Уәли. Айта кетейік, Әділет министрлігінің қызметі туралы қандай да бір ақпарат алғыңыз келсе, 119 нөмірі арқылы Call орталыққа хабарласуыңызға болады.
409 интернет алаяқтық қылмысы тіркелді
Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, интернет арқылы тауар немесе қызмет көрсету түрлеріне алдын ала төлем жасаған 314 азамат алаяқтардың құрбаны болған. Бұдан бөлек, жалған сілтемелер арқылы ақша қаражатын жымқыру бойынша – 8, онлайн несие рәсімдеу арқылы 39 және өзгенің атын жамылып жалған аккаунттар ашып алдаудың 6 дерегі тіркелген. Талдауға сәйкес, интернет алаяқтық құрбандары болған 30-50 жас аралығындағы тұрғындар екені белгілі болған. Нақтылай түссек, әйел азаматшалар күмәнді интернет дүкендерден тауар сатып алу арқылы алданса, ер азаматтардың басым бөлігі kolesa.kz және өзге де көлік құралдары мен бөлшектерін сататын жалған хабарламалардың құрбанына айналған. Интернет алаяқтықтың ауқымы кеңейіп, әртүрлі интернет ресурстары мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып алаяқтардың арбауына түскен алданушылар саны күн санап өскендіктен, Атырау облысы полиция департаменті интернет алаяқтықты болдырмау мақсатында телефондағы түрлі спам хабарламаларға сенбеуге шақырады.
Азаматша алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Жасыратыны жоқ, ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы. Өйткені, сұранысқа ие әлеуметтік желілерде кімнің адал, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Бір сөзбен айтқанда, талайдың ақшасын қалтасына басуды мақсат еткендер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алған. Жуырда ғана өңір полицейлері құрықтаған жетісайлық «онлайн саудагер» әйел де мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген. Тараз қалалық полиция басқармасына жүгінген жергілікті тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлаған. Азаматша әлеуметтік желіде Қытайдан арзан бағамен ыдыс-аяқ пен басқа да тұрмыстық керек-жарақтарды сататын интернет дүкенді көрген. Ол өзіне ұнаған тауарларды таңдап, мессенджер желісі арқылы хат жазысқан сатушы әйелдің жеке шотына 141 800 теңге көлемінде ақша аударған. Алайда, көрсетілген уақытта әйел өз тауарларын ала алмаған. Сонымен қатар, онымен сатушы байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттаған. Бүгінгі таңда осы дерекке қатысты Қылмыстық Кодекстің 190-бабының 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал, «Hi-tech» жедел алдын алу шаралары шеңберіндегі жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Жетісай қаласының 36 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Күдікті өз кінәсін мойындап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Иә, технологияның дамуы мен интернеттің кең қолданысқа енуімен байланысты интернет алаяқтық тек Қазақстан ғана емес, көптеген басқа елдерде кездесетін күрделі мәселеге айналды. Сондықтан, өзіңізді және қаржылық мүдделеріңізді қорғау бойынша сақтық шараларына ерекше мән бергеніңіз жөн. Сіз бен біз ең алдымен, дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, спам хабарламаларға сенбеуге тиіспіз.
Интернеттегі алаяқтықтың түрлері
- Фишинг — алаяқтардың өздерін сенімді ұйымдар немесе жеке тұлғалар ретінде жасырып, құпия сөздер, банктік ақпарат және несие картасының нөмірлері сияқты жеке ақпаратты алуға әрекеттенетін әдіс. Бұл жалған электрондық пошталар, веб-сайттар немесе әлеуметтік желілер арқылы болуы мүмкін.
- Карта деректерін пайдаланатын алаяқтық түрі. Бұл жағдайда алаяқтар адамдардың карта деректеріне қолжеткізіп, оны рұқсатсыз транзакциялар немесе сатып алулар жасау үшін пайдаланады. Бұл сканерлеу, жалған веб-сайттар немесе зиянды бағдарламалар арқылы болуы мүмкін.
- Кибер бопсалау — бұл төлем төленбес бұрын компьютерлік жүйелерге кіруге тыйым салу немесе құпия деректерді шифрлау арқылы адамдарды немесе ұйымдарды бопсалау процесі. Бұл ransomware сияқты зиянды бағдарламалар арқылы болуы мүмкін.
Сақтық шаралары және қорғаныс
- Жеке ақпаратты бергенде абай болыңыз. Құпия сөздер, банк ақпараты немесе несие картасының нөмірлері сияқты жеке ақпаратты ешқашан электрондық пошта арқылы немесе сенімсіз веб-сайттарда бермеңіз. Веб- сайт мекенжайларын тексеріңіз және олардың HTTPS арқылы қорғалғанына көз жеткізіңіз.
- Электрондық хаттармен сілтемелерді ашқанда сақ болыңыз.
- Белгісіз жіберушілердің электрондық пошталарын ашпаңыз немесе күдікті сілтемелерді баспаңыз. Әсіресе, электрондық пошта немесе сілтеме жеке ақпаратты немесе қаржылық транзакцияларды сұраса, сақ болыңыз.
- Сенімді антивирустық бағдарламалық құралды пайдаланыңыз. Құрылғыларыңызға сенімді антивирустық бағдарламалық құралды орнатыңыз және оны жүйелі түрде жаңартыңыз. Бұл сізді зиянды бағдарламалардан қорғауға және күдікті веб-сайттарға кіруге тыйым салуға көмектеседі.
- Қаржылық операциялар мен есептерді қадағалаңыз. Қаржылық транзакцияларыңыз бен есептерді жүйелі түрде қарап шығыңыз. Күдікті әрекетті немесе рұқсат етілмеген транзакцияларды байқасаңыз, дереу банкке немесе қаржы мекемесіне хабарласыңыз.
- Білім және хабардарлық. Интернеттегі алаяқтықтың әртүрлі түрлерін және өзіңізді қалай қорғау керектігін жақсы біліңіз. Интернеттегі алаяқтықтың алдын алу бойынша ұсыныстар мен кеңес беретін ресми ақпарат көздеріне немесе мамандандырылған ұйымдарға жүгініңіз.
Есен ӨТЕУЛІ