Құм қойнауындағы қуаныш
Құм қойнауындағы қуаныш
Жыл сайын ауданның Мойынқұм өңіріндегі малшы балалары желтоқсан айының 25-і мен 30 күндері аралығында аудан әкімін асыға күтетіні бар. Себебі, осы аралықта аудан басшысы малшы балаларына жаңажылдық сыйқалтасын тарту етуді дәстүрге айналдырған. Бұл дәстүрдің жалғасын тауып келе жатқанына жиырма жылдан асқан. Бұл жолы аудан әкімі Рүстем Дәулеттің жаңажылдық сыйқалтасын арқалай жолға шыққан аудан әкімінің орынбасары Бақыт Қазанбасов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманалы Құрбанов және аудандық ветеринариялық қызметтің басшысы Мейірхан Жаманқұловпен бірге біз де жолға шыққанбыз. Құмды өлкенің терең түкпіріне орналасқан «Шоқаев» шаруа қожалығының қыстауына атбасын бұрғаннан-ақ шопан үйі маңында үш кішкентайдың жолға қарағыштап жүргенін көзіміз шалды. Біз тоқтар-тоқтамастан әлгі бүлдіршіндер жүгіріп қасымызға жеткен. Бақыт Алпысбайұлы олардың қолына сыйқалтаны ұсынды, жылы лебізін, құттықтау тілегін жеткізді. Балалар жағы тақылдап тақпақтарын айтып мәз. Осы тұста балғындардың анасы: «Менің балалық шағымды еске түсірдіңіздер-ау. Өйткені, мен де осы ауданның тумасымын. Әкем талай жыл шопан атаның құт таяғын ұстаған. Балалық балғын шағымның бір бөлігі осы құмды өңірде өтті. Кезінде мен де сол тұстағы аудан басшыларының сыйқалтасынан дәм татқанмын. Сонда мына балапандарым секілді басшылар келетін күнді асыға күтетінмін. Енді, міне, балаларым сондай шақты басынан өткеруде. Шынымды айтсам, балапандарыммен бірге менде қуанып тұрмын. Аудан басшысына балаларымның атынан алғысымды айтамын», – деген. Расында, бала қуанышы – баршамыздың қуанышымыз. «Алтын алма, алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» деген аталы сөз осындайда айтылса керек.
Дүйсенбек Орманов, журналист.
Жамбыл ауданы.