Тегін кәсіп үйрететін шебер
Тегін кәсіп үйрететін шебер
Ол өзінің негізгі мақсат еткен кәсібімен шұғылдануына ұйытқы болған мемлекеттік бағдарламаға дән риза. – Кішкентай күнімізде әжем құрақ құрап, көйлек тіккенінде қасында отыратынмын. Майда-шүйде жұмыстарына жұмсаса, көмектесе жүріп, әжемнің істегеніне қызығып, тігіншілікке құмарттым. Содан 5 жасымнан бастап қолыма ине ұстадым. Содан бері күнделікті тірліктен қолым босаса әлдене тігумен шұғылданатынмын. Бұл менің хоббиім десем болады. Мектепті тәмамдағаннан соң жоғары оқу орнына басқа мамандық бойынша оқуға түстім. Шүкір, екі мамандық алдым. Дипломымды алғаннан соң сол мамандығыммен жұмыс істедім. Дәм бұйырып, Астана қаласында қызметке араластым. Бірақ, тігіншілікті тастамадым, қосымша табыс көзі ретінде пайдаландым. Отбасылық жағдайларға байланысты ауылға қайта көшіп келдік. Бірақ, мұнда жұмыс табылмады. Содан жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Жаңа кәсіп бастауға ниеттілерге арналған мемлекеттік бағдарламаларды естіп, әрқайсысы туралы ақпараттарды іздеп, таныстым. Тиісті құжаттарды тапсырдым, әрине бірден бола қалмады, бірақ адам нақты мақсат қойып, соған жетуге әрекет етсе, жетеді екен. Шүкір, осы қайтарымсыз грантқа қолым жетті. «Кәсіпкерлікті қолдау» ұлттық жобасы аясында алған 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз гранттың қаржысына тігіншілікке керекті үш түрлі машина сатып алдым. Оның біреуі матаға өрнек салып, әріптермен жазуды тігеді. Бұрыннан өз қаржыма алған тағы бір тігін машинам бар еді. Міне, енді осылармен тапсырысқа түрлі бұйымдар тігіп еңбектеніп жатырмыз. Қасыма көмекші қызды жұмысқа алдым. Ол негізі тігіншілікті колледжде оқыған, бірақ жұмыссыз жүрген еді. Әзірге тек тапсырысқа тігіп жатырмыз, сондықтан екеумізден жұмыс артылмайды, – дейді ісмер Жансұлу Мейрамбекқызы. Тігін цехын өз үйінің ауласынан ашып, кәсіп етіп отырған Жансұлу бұл кәсіпкерлігін «Жансезім» деп қызының есімімен атапты. Төрт баланың анасы үш ұлының арасындағы бір тал қызының есімін тігін цехына бере отырып, оған да осы өнерді үйретіп жүр. Осы өнерге қызығатын жас қыздарды киім-кешекті, бұйымдарды сәндейтін бисермен жұмыс істеуге баулуды да жоспарлап отыр. «Егер үйренуге ниеттілер болса, есігім ашық», дейді қолөнер шебері. – Егер адам баласында әлдебір іске деген қызығушылық болса, тез-ақ үйреніп кетеді. Сол ісі кейін күнкөріс болар кәсібіне айналуы да әбден мүмкін, оған өзім дәлелмін. Менің ең алғашқы тіккен бұйымым қуыршаққа арналған ойыншық жұмсақ жиһаз болатын. Бес жасымда губкадан бөлменің бұрышына қоятын ұзын диван жасап, оны әдемі матамен қаптап, шеттерін бедерлеп, сәндеген едім. Кейін қызыққан кісілердің біреуі кішкентай қызына сұрап алды. Қазір де балабақшалардан сондай ойыншықтарға, танымдық кітапшаларға сұраныстар түседі, тігіп те жатырмыз. Мысалы, дәл қазір ауылымыздың балабақшасына ертеңгілік үшін әр балаға әртүрлі жеміс-жидек, көкөністердің пішінінде костюмдер тігудеміз. Жаңа айтқанымдай, дамытушылық кітапшаны да қолдан тігеміз. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған бұл кітапшаларды фетра деп аталатын киіз матадан жасаймыз. Үйшік пішінде жасап, екі жағы жабысатындай, ашылып-жабылатын етіп тігеміз. Сонда ол үйшік болып та құрастырылады және кітапша болып та жиналады. Үйшіктің ішіне әріптер мен сандарды қиып алып жабыстырамыз. Осындай танымдық кітапшалар балаларды қызықтырып ойната отырып, аң, жануар, көкөніс, жеміс-жидек пішіндерінде де жасалып, түрлі түстерді, қоршаған ортаны, математикалық фигураларды танытып, дүниені білуге үйретеді. Бұлардан бөлек, қыз жасауын, бесік жабдықтарын да тігеміз. Оларды ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен сәндейміз. Сонымен қатар, машинаның ішіндегі орындықтарына қап тігеміз, ондай бұйымдарды тапсырыс берушінің қалауымен арнайы жазуын жазып әзірлей аламыз. Құда түсер қызға салынатын сырғаны алып баратын шағын сәукелелер, тойбастарға берілетін алуан бұйымдар, сәнді себеттер де тігеміз. Машинаның ішінде отырғанда мойын ауырмау үшін қолданатын жұмсақ мойынтірегіш те жасаймыз. Қазіргі нарыққа қарай тұрғындарға қолжетімді бағаны ұстаймыз. Тапсырыс тек өз ауылымыздан ғана емес, таныс-тамырлар және әлеуметтік желілердегі жарнамамыз арқылы басқа өңірлерден де түседі. Қолымыздан шыққан өнімдерімізді, барлық тігістерін көрсетіп, әлеуметтік желідегі парақшаларымызға салып отырамыз. Көбіне содан көріп, сапасымен танысып, тапсырыс береді. Қажетті материалдарды Тараз қаласынан аламын. Менде қазір көрпені өрнектеп, көктейтін машинкам жоқ, оны алуға әлі қаржы қорын жинақтай қойған жоқпын. Цехымды жақында ашқандықтан, енді аяққа тұрып келеміз. Сондықтан, көрпені өрнектеп және көктеп беретін Тараз қаласында тұрақты серіктесім бар, – деген Жансұлу Данабекова алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазір ол тек Ұйым ауылындағы жалғыз тігінші емес, орталық саналатын Байқадамда да қыз жасауы, бесік жабдықтарын тігетін цех жоқ екен. Сондықтан, Жансұлу Байқадамға көшіп, сол жерден цехын қазіргіден де кеңейтіп ашуды көздеп отыр. Ол үшін әлі біраз жұмыс істеп, табысты арттыруға талпынуда. – «Талаптыға нұр жауар» дейді халық, талпыныс болса, адамның жетпейтін асуы жоқ. Мен де жеке кәсіпкер боламын деп ойламағанмын, бойдағы қабілет, көкейдегі талап осыған жеткізді. Әрине, мемлекеттің қолдауы болмаса әлі де жеке цехымды аша алмас па едім. Сондықтан, еңбектенемін деген тұрғындарына қолдау көрсетіп отырған мемлекетіме, билік басындағыларға үлкен рақметімді айтамын. Адам еңбекпен есейеді, өседі. Қаншалықты оқып, білім алсақ та еңбектенбесе, тәжірибе жинамаса алған білімнің жемісін көре алмайды. Мысалы, ауылымызда тігіншілікке оқытатын колледж бар, сол жерден диплом алғанымен жұмыссыз жүрген келіншектер кейде хабарласып, жұмыс сұрайды. Бірақ, менің цехым әлі бірнеше адамды жұмысқа алатындай деңгейге жеткен жоқ. Егер ондай кісілер келіп, іс барысында білімін толықтырып, қолын үйретемін десе, қарсы емеспін. Бірақ, жалақысын төлеп, жұмысқа алуға әлі шамам келмейді, дегенмен, олар менен тегін кәсіп үйрене алады, – дейді шебер. «Өнерлінің өрісі кең» деген рас екен, Жансұлу үлкен қаладан шағын ауылына көшіп келіп, жұмыссыз қалғанында бойындағы өнері қиындықтан алып шықты. Еңбектің қайнаған қазанына қайта келіп, қосылды. Қазір бұл кәсіпкерлігі тек өзіне ғана табыс көзі болып қоймай, көмекшісін де күнкөріс көзімен қамтамасыз еткен.
Сарысу ауданы
Қамар ҚАРАСАЕВА.