Облыс әкімі Шу ауданындағы ауылдықтардың мәселелерін тыңдады
Облыс әкімі Шу ауданындағы ауылдықтардың мәселелерін тыңдады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу ауданындағы Бірлік және Жаңақоғам ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен басқосуға облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Алдымен Бірлік ауылының тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы шараларға қысқаша тоқталып өтті. Облыс әкімінің айтуынша, қаңтар-қыркүйек айыларының қорытындысымен өңірде экономикалық өсім 101,3 пайызды құраған. Оның ішінде өнеркәсіп өнімі көлемі 3,7 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған өнімнің көлемі 2 пайызға өскен десек, жыл басынан бері 501,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 50,2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Сондай-ақ, Шу ауданында 2022 жылы 11,0 млрд. теңгеге 38 жоба іске қосылса, биыл 12,0 млрд. теңгеге 137 жоба жүзеге асуда. Ал, Бірлік ауылдық округінде 2 жылда 114,7 млн. теңгені құрайтын 13 жоба іске асырылған. Жиында ауылдық округ әкімі Нұрбек Қараулов есеп беріп, баяндама жасады.
Бұдан соң ауылдықтар көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Атап айтқанда тұрғындар спорт кешенін салу, суармалы су, кейбір көшелерге газ, таза ауыз су жеткізу, балабақшаны кеңейту немесе жаңадан ғимарат салу, жайылым тапшылығына қатысты және басқа да мәселелерді көтерді. Облыс әкімі мен аудан басшылығы барлық сұрақтарға алдағы жоспарлы жұмыстарды негізге ала отырып, жауап берді. Аймақ басшысы кейбір мәселелерді жіті зерделеу бойынша жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Дәл осындай форматтағы кездесу Жаңақоғам ауылдық округінде де өтті. Кездесулерден соң Ербол Қарашөкеев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Сондай-ақ, облыс әкімі Бірлік ауылындағы “Алпамыс” бөбекжай балабақшасының ғимаратына барып, жай-күйімен танысты. Іргесінің қаланғанына жарты ғасырдан асқан нысанның тозығы жеткен. Орын тапшылығы бар. Аймақ басшысы алдымен балабақшаның шатырын ауыстыру жұмыстарын қолға алу керектігін айтып, жауаптыларға жалпы мәселені шешу мүмкіндіктерін қарастыру бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі