АЙТБЕК АШҚАН ЕКІ ЖАҢАЛЫҚ
АЙТБЕК АШҚАН ЕКІ ЖАҢАЛЫҚ
Еңбек өнімділігінің артуына себеп болды
Әбілхайыр өңіріне қоныс тепкен «Раушанбектегі» шаруа қожалығының иелігінде небәрі 300 гектар ғана тәлімі жер бар. Екі қуатты «К-700», екі «ДТ-75», төрт «МТЗ-80» тракторы, екі «СК-5» астық комбайны бар қожалыққа бұл не тәйірі. Сондықтан, ала жаздай шаруашылық механизаторларына «егінімді орып, тұқымымды сеуіп берші» деушілер үзілмейді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, алғашқы тың игеруші Раушанбек Бүкетовтің балалары бүгінде есейіп, ер жетіп, атпал азамат болған. Ағайынды Мәди, Айтбек, Нұрбек, Нұржан, Ержан Бүкетовтердің бүгінгі тірлігіне ел қызығады.
Айтайын дегеніміз, диқандар ашқан жаңалық. Дәлірек айтқанда, Айтбек ашқан екі жаңалық. Біз аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маман-инженері Қайырбек Әутәліповпен бірге осы қожалыққа келдік. Айтбек Раушанбекұлы: – Әдетте, аптап ыстықта, дәлірек айтқанда комбайнның радиаторындағы суы қайнап кетеді. Бұл әрине комбайнерлердің уақытын алады. Олар сөйтіп шаң-тозаңнан арылтып тұратын «хлопушканы» жиі тазалауға мәжбүр болады. Өйткені, әлгі тетік шаң-тозаңды айдамай қалады. Осы кедергіні жою үшін радиатордағы суды салқындатып тұратын қондырғы ойлап таптық. Осы өткен жазда екі комбайнға да жаңа қондырғы орнаттық. Науқан кезінде радиатордағы судың температурасы 55-60 градустан асқан жоқ. Егін оруда кідіріс болған жоқ. Осы тәсілді «К-700» тракторларының ауа тазалағышына да қолданып көрдік. Бұрын моторға шаң кетіп қалатын, енді ауа кернейін бір жарым метрге ұзартып, майлағыш ауа тазалағыш қойған соң қозғалтқыш кідіріссіз жұмыс істейтін болды. Иә, ағайынды Бүкетовтер тұқым сепкішке де жаңа қондырғы жасады. Бұған дейін сеялкалы агрегат тракторға үш бұрышты тіркемемен жалғанатын. Тұқым сепкішпен қосарланып жүріп отыратын кішкентай дөңгелектер де тұқым себу кезінде кәдімгідей кедергі жасайтын. Айтбек үш дөңгелекті де алып тастады. Содан соң, әлгі тіркемені бір тұқым сепкішке дәнекерлеп жалғап, қалған екі агрегатты екі жанына тіркеді. Осыдан соң агрегаттың жүрісі де жеңілдеді. Бұл еңбек өнімділігінің артуына айтарлықтай септігін тигізді. – Біз бұл өнертапқыштық ұсыныстарды облысқа жібереміз. Өнертапқыштарға авторлық құқық берілген соң «СК-5» комбайндарын шығаратын «Ростсельмаш» зауытымен де байланысуға әбден болады. Егер зауыттықтар Юбилейное ауылындағы механизаторлардың жаңашыл ұсынысын «пайдалануға болады» деп тапса, онда «М-1» «СНД-22» қозғалтқыштарына Бүкетов ойлап тапқан қондырғыны орнату қолға алынатын шығар деп ойлаймын,– дейді инженер Қайырбек Әутәліпов. Сонымен, «Раушанбектегі» қожалығының мүшелері бір емес, екі жаңалық ашып отыр. Олар өздері тапқан жаңалықпен жұмыс істеп те жүр. Осы өнертапқыштық ұсынысты естіген «Ақтоған», тағы басқа шаруашылықтардың механизаторлары ол қондырғыны өздері қолдан жасап та алды. Қалай дегенмен де Бүкетовтің жаңалығы жерде қалмауы тиіс. Ал, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміндегілер қожалық базасы негізінде басқа қожалықтарға сервистік қызмет көрсететін орталық ашу жағын да ойластырғандары жөн-ау, деп ойлаймыз.
Сейсен Қожеке, журналист.
Т. Рысқұлов ауданы.