Депутаттар әрдайым алдыңғы қатарда болуы қажет
Депутаттар әрдайым алдыңғы қатарда болуы қажет
– Құрметті депутаттар! Бүгінгі жиынның мән-маңызы өте зор деп есептеймін. Себебі, бүгінгі басқосу билік өкілдері мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының пікір алмасуы және облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының көкейкесті мәселелері бойынша сұрақ-жауаптар арқылы нақты конструктивті шешімдер қабылдау алаңы болатынына сенемін. Бүгінгі форумның басты мақсаты – мемлекет пен қоғам алдында тұрған, халықты толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерді бірлесіп, ашық талқылау, оларды шешу жолдарын іздеу. Бұл – уақыт талабы. Қазіргі таңда барлық деңгейдегі мәслихаттардың 210 депутатының 148-і «аманаттықтар», оның ішінде 136-сы бірмандаттық жүйемен сайланғандар. Сондықтан, өңір дамуы мен қоғам дамуы жолында сіздерге үлкен жауапкершілік жүгі артылып отыр. Халықтың сенімі сіздерге күш беруі тиіс. Оның үстіне, Аmanat партиясының барлық деңгейлі мәслихаттардағы депутаттық фракциясы басым бөлігін құрайды және партияның барлық аудандарда филиалдары бар үлкен күш болып табылады. Яғни, сіздердің алға қойған міндеттеріңізді іске асыруға толық мүмкіндіктеріңіз бар. Сондықтан, бүгінгі форумға қатысу біз үшін маңызды. Өйткені, бұл облыста жүзеге асып жатқан жұмыстарды қоғамның ең белсенді мүшелеріне жеткізудің тағы бір мүмкіндігі. Баршамызды бір мақсат – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету миссиясы біріктіреді. Қазір қоғамның сұранысы күшейді. Алайда, азаматтар жергілікті атқарушы органдар мен сіздерден орындалмайтын нәрсені сұрап отырған жоқ. Сондықтан, сіздер мен біздердің жұдырықтай жұмылып, бел шеше жұмысқа кірісетін шағымыз келді, – деген Ербол Шырақпайұлы облыс басшысы және партия мүшесі ретінде депутаттардың жұмысын жандандыруға бағытталған бірқатар ойларымен де бөлісті. Аймақ басшысының сөзінше, алдымен «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беруші Үкімет» қағидаты аймақтарда да көрініс табуы қажет. Яғни, партияның барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық фракциялар және партия филиалы жанындағы қоғамдық кеңестердің отырыстарында облыс әкімдігі басшыларының есептерін тыңдау үрдісін күшейту керек. Сонымен қатар, «Жол картасы» аясында салынып жатқан нысандардың сапасын бақылау мақсатында партиялық рейдтер жасап, зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, баянды бастамалар мен жұмыр жоспарлардың игілігін халық көруі қажет. Екіншіден, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бағытында жергілікті билік өкілдері кең көлемде халық қабылдауларын жүргізуде. Бұл үрдіс фракция мүшелерінің де басты қағидаты болуы керек. Сайлаушылармен кері байланысты күшейту мақсатында партия филиалдарының қоғамдық қабылдауларында азаматтарды қабылдау, «Мобильді қоғамдық қабылдауларға» белсене қатысу, әлеуметтік желілерде онлайн қабылдаулар жүргізуді назарда ұстау қажет. Яғни, қоғамдық қабылдау халықтың партияға сенімін күшейтіп, өз электоратының аясын кеңейтуге үлкен серпіліс болатыны анық. Партия жұмысының тағы бір маңызды саласы, ол – партиялық жобалардың жүзеге асырылуы. Партияның халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған 15-тен аса жобалары бар. Amanat партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларын Мемлекет басшысы өз Жолдауында ерекше атап өткен болатын. Міне, осы бағдарламаларды іске асыру, оны халық арасында түсіндіру, оның игілігін әрбір сайлаушыға жеткізуде депутаттар алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұқаралық ақпарат құралдарынан және әлеуметтік желілерден жиі көріп жүргендей, Парламент Мәжілісінің депутаттары қоғамның кез келген өзекті мәселелерін Үкімет мүшелері алдында өткір көтеріп жүр. Бұл жұмыс аймақтық деңгейде де көрініс табуы қажет. Депутаттар мәслихат сессияларында облыстағы қордаланып жатқан мәселелерді еш қысылмай ашық көрсетіп, депутаттық сауал жолдау арқылы оң шешілуіне ықпал етулері керек. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары өз жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялап, халықпен кері байланыс жасап отыруы қажет. Әлеуметтік желілерде сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын жазып алып, оның орындалуына атсалысып отырса, тіпті жақсы. Сондай-ақ, облыс әкімінің ойынша, әрбір депутат жыл соңында атқарған жұмысы бойынша есебін беруі қажет. Бұл бір жағынан жыл бойы атқарған жұмысының қорытындысы болса, екінші жағынан оның белсенділігін байқаудың негізгі жолы болмақ. Егер жыл бойы жоғарыда аталған мәселелер бойынша лайықты жұмыс жүргізбесе, оның мандатын қайтаруға, осылайша фракцияға жаңа мүшелерді тартып, жұмысына жаңа леп әкелуге себеп болатын еді. – Шын мәнінде, біз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет. Сонда ғана Мемлекет басшысының реформаларын бірлесіп, табанды түрде жүзеге асырамыз. Туған өлкеміз, киелі жеріміз дамиды, халқымыздың тұрмыстық табысы артады. Осы бағытта сіздер барлық күш-жігерлеріңізді, тәжірибелеріңізді жұмсайды деп ойлаймын. Мәслихат депутаттары өздерінің игі істерімен, ұлағатты ойларымен, нақты қадамдарымен халыққа үлгі болып, жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастырудың эталонына айналуы керек, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев. Форумда сөйлеген облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева партияның өңірлік сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасында» әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салалары қамтылғанын айтып, өңірлерде «Аймақтың экономикасының дамуы және ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту», «Инфрақұрылымдық жүйелерді жақсарту», «Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларының қолжетімділігін арттыру», «Әлеуметтік санаттағы азаматтар мен жастарды қолдау», «Экологиялық жағдайды жақсарту бойынша шараларды күшейту» деп аталатын 5 басым бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Депутаттардың аймақтық форумында «Партияның мәслихаттардағы депутаттық фракциясының жұмысы және алда тұрған міндеттер туралы» «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов баяндама жасады. Спикердің айтуынша, өңірдегі депутаттардың 70 пайызы «Amanat» партиясының мүшелері. Бұл – өте үлкен күш. «Аманаттықтар» жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің өзегін құрап, көшін бастап келеді. Мәслихаттардың рөлі мен мәртебесі айтарлықтай өзгерді. Мажоритарлы жүйемен өткен сайлауда халық өз таңдауын жасап, мәслихат құрамына халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдері сайланып, барлық тарап қамтылды. Сайлаудан бері 8 ай уақыт өтті. Осы мерзімде депутаттар бірқатар тірліктер атқарып, халықпен бірге болды. Біріншіден, сайлауалды уәделердің орындалуын басты бақылауға алды. Мәселен, «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қабылданған өңірлік «Жол картасының» 103 көрсеткішінің 48-інің орындалуына қол жетті. «Жол картасы» аясында 12 нысан қолданысқа берілді. Бүгінгі таңда қоғамның түрлі әлеуметтік топтарына бағытталған 16 партиялық жоба жүзеге асырылуда. Биыл «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек» және «Кітап-Аманат» жобалары іске қосылды. Тағы бір ауқымды жобаның бірі – «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты». «Ауыл аманатының» аясында қазіргі таңда 2136 жоба мақұлданып, өтінім берген тұрғындарға 12 миллиард 187 миллион теңге қаражат аударылды. Былтыр «Жер аманаты» жобасы аясында облыста жалпы көлемі 208,2 мың гектар жер қайтарылса, оның 199,7 мың гектары – жайылымдық жерлер. Ал, биыл жоба аясында мемлекет меншігіне 140 мыңға жуық жайылымдық жер қайтарылып отыр. – Депутаттық мандатқа ие әрбір «аманаттық» партия мүшесінің маңызды міндеті – азаматтардың өтініш, талап-тілектерін орындау. Биыл фракция мүшелері 332 қабылдау жүргізіп, онда 817 адам қабылдап, оның 538-інің өтініші оң шешімін тапты. Қалғандарына заң аясында түсініктеме берілді. Депутаттар белсенділігінің және партия филиалдарының жіті бақылауының нәтижесінде осындай көрсеткішке жетіп отырмыз. Өңірдегі барлық деңгейдегі депутаттық фракция мүшелерінің алдына қойған басты мақсаттарының бірі – сайлаушылармен кері байланыс орнату. Бұл орайда, халық қалаулылары әлеуметтік желіде белсенділік танытып, ақпарат ағыны арқылы атқарып жатқан жұмыстарын үздіксіз көрсетіп келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз айқын, ол – Мемлекет басшысы қолға алған реформаларды аяғына дейін табысты жүзеге асыру, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. Форумның пленарлық отырысынан кейін панельді сессиялардың жұмысы басталып, секция жұмысына салаларына қарай облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары қатысты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.