Зейнетақы да, жәрдемақы да... көбейді
Зейнетақы да, жәрдемақы да... көбейді
Жыл жаңарды. Бұл күнде қай-қай мекеме де жылды жаңа парақтан бастап жатыр. Қайсыбірінде құрылымдық қайта құрулар орын алуда. Облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің қызметтік міндеттеріне де ішінара өзгерістер енгізіліпті. Яғни, бұдан былай «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Жамбыл облыстық департаменті» болып атауын өзгерткен мекеменің басшысы Әлімқұл ТҰРЫСОВ саладағы ел көптен күткен ақжолтай жаңалық – жаңа жылдан бастап зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылар көлемі өсетіндігі жөніндегі сауалдарымызға да ықыластана жауап берді.
– Бұл зейнет жасындағы, сондай-ақ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарымыздың тұрмыс жағдайлары жақсаруына едәуір көмек қой. Осы мәселені тарата айтып берсеңіз...
– Зейнетақы мөлшерінің инфляцияға, басқа да индексациялау талаптарына сәйкес мемлекеттік республикалық бюджетті жоспарлау барысында қабылданып, жылма-жыл өзгертіліп отыратыны белгілі. Тек оның орташа республикалық көрсеткіші әр жылы әрқалай болуы мүмкін. Биыл статистикалық мекемелер тарапынан алынған мәліметтер ескеріліп, зейнеткерлерге берілетін негізгі зейнетақы көлемі 9 пайызға көбейтілді.
Яғни, былтыр ең төменгі зейнетақы мөлшері 21 736 теңге, ал биыл 23 692 теңге болып отыр. Cондай-ақ, биыл базалық зейнетақы 11182, күн көріс деңгейі 21 364, айлық есептік көрсеткіш 1982 болып белгіленіп, бәрі де 9 пайызға арттырылды.
Бүгінгі таңда облысымызда 100 мыңға жуық азамат зейнетақы алады. Жалпы, өңіріміздегі 1 миллион 100 мың тұрғынның 297 мыңы зейнетақымен және жәрдемақымен қамтылған. Күнкөріс деңгейіне, айлық есептік көрсеткішке және мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақылардың бәрінің де мөлшері 7 пайызға арттырылып отыр. Мұның барлығы да Елбасы алға қойған міндеттердің нақты іс жүзіне асырылуы екені анық. Мемлекет басшысының былтырғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүгедектігіне және асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырғаны белгілі. Бұл міндет өз мерзімінде мүлтіксіз орындалатын болады. Бұл іске қазірден бастап дайындалу үстіндеміз. – Осы орайда зейнет жасындағы азаматтарға зейнетақы тағайындалу ерекшеліктері жөнінде де айта кетсеңіз. – Бір анық жай, 2017 жылдан бастап базалық зейнетақы әркімде әртүрлі болмақ. Азаматтың 1998 жылдан бастап еңбек өтілі 10 жылды құрайтын болса, 21182 теңге көлеміндегі базалық зейнетақының 50 пайызын ала алады. Ал еңбек өтілі 10 жылдан асса, әрбір жылға 2 пайыздан үстеме қосылып отырады. Ал 35 жылдық еңбек өтіліне ие азамат базалық зейнетақыны толық көлемінде алу мүмкіндігіне ие. – Зейнетке шығу жасы ұзартыла ма? – Иә. Бұл қағидат ешбір өзгеріссіз күйінде қалып тұр. Тек 2018 жылдан бастап нақты іс жүзіне асырыла бастайтын болады. – Зейнетақы жинақтаушы қорларының жұмысын үйлестіріп, күшейтуде қандай нақты шаралар жүзеге асырылуда? – Бұл істі үйлестіру бұрынғыдай бірнеше құрылымның емес, Бірыңғай зейнетақы қоры құзыретіне беріліп отыр. Қалған қорлар да осынау бір ғана құрылым аясына біріктірілген. Бұл инвестицияға салынған қор қаражатының табыс әкелуіне де едәуір септігін тигізбек. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».