Жаңалықтар

Жалған ақпарат жақсылыққа апармайды

Жалған ақпарат жақсылыққа апармайды

Жуырда ғана Facebook әлеуметтік желісінде бір видеоның әсерінен дүрбелең туды. Бейнежазбада адам өлімінің орын алғаны көрініп тұр. Бірақ ақпаратты таратушы адам мұнда Қырғызстанда жұмыс істейтін қытайлықтар қырғыз адамдарын өлтіріп, етін жеген деген ақпарат таратқан. Осы арада халық пікірі екіге жарылды. Бірі «бұлар жауыздар, біздің елде де қаншама қытай жұмыс істейді. Қаншама қазақтың із-түссіз жоғалуының артында осылар тұруы мүмкін. Көздерін құрту керек» деді. Екіншісі «қырғыздар қытайларға жауап қайтаруы тиіс. Қарап қалмасын, қандастар» дегенге саятын пікір жазды. Осылай кете береді. Бірақ ең соңында мұның Қырғызстанның шахтасындағы апаттық жағдайдан болған адам өлімі екені анықталды. Міне, бүгінде осы сынды ел ішінде қандай да бір қайшылық тудыратын не соңы үлкен дүрбелеңге алып келетін рас-өтірігі айқындалмаған ақпарат көп. Бұл ‒ жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан, бүгінде халық арасындағы негізсіз ақпараттың тарауынан туындауы мүмкін қателіктің алдын алу үшін «fact checking» қабілетін меңгеру аса маңызды. Өйткені, әлеуметтік желі мониторингінен байқап отырғанымыздай, кейінгі кезде көрінеу жалған ақпарат таратушылар жиілеп барады. Олар шындыққа жанаспайтын мақалалар мен пікірлерді, бейнематериалдар мен суреттерді интернетке салып, көпшілікке таратудан танбай келеді. Өкінішке қарай, осындай әрекетке барып, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылып, мәселенің «бояуын қалыңдатып» көрсететіндер бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап беретіндерін түсіне бермейді. Бүгінгі мақаламызда жалған ақпарат таратып, ел ішінде орынсыз дүрбелең туғызған бірнеше оқиғаларды сараптап көрдік.

48 миллиард теңге қайда жұмсалмақ?

Әлеуметтік желілерде Қазақстанда фельдшерлік рюкзактар сатып алуға бюджеттен 48 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отырғаны туралы ақпарат тарады. Stopfake.kz таратқан мәліметке сүйенсек, Денсаулық сақтау министрлігі оны теріске шығарған. «Денсаулық сақтау министрлігі осы мобильдік диагностикалық жабдықты сатып алуға қатысты бүгінгі күні оны бюджет қаражатының есебінен сатып алу қарастырылмайтынын хабарлайды. Сондықтан, оны Денсаулық сақтау министрлігі сатып алғаны туралы таратылған ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған болып табылады», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жалған ақпарат берген студенттер анықталды

Полицейлерге Алматыдағы колледждердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Қаланың төтенше жағдайлар және жедел қызметтері дереу ғимарат пен оның маңайына комиссиялық тексеру жүргізген. Нәтижесінде жарылғыш құрылғылар, жарылғыш заттар, оқ-дәрілер немесе басқа да қауіпті заттар табылмады. Осылайша, жалған ақпарат берді деген күдікпен аталған оқу орнында 1-курста оқитын екі студент ұсталды. Олар – 16 жастағы Ж. есімді және 15 жастағы Т. есімді студенттер. Олардың әрекеті Қылмыстық Кодекстің 273-бабымен (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сараланған. Айғақты заттар тәркіленді, олар бойынша сараптама тағайындалды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеуді Бостандық аудандық полиция басқармасы жанындағы полиция бөлімі жүргізіп жатыр.

Поляк әуе компаниясына шектеу қойылғаны рас па?

Азаматтық авиация комитеті «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы туралы таралып жатқан жалған ақпаратқа түсініктеме берді. Олардың сөзінше, «LOT Polish Airlines» поляк әуе компаниясының Алматы әуежайына ұшуына шектеу қоюға қатысты әлеуметтік желілердегі пікірлер шындыққа сәйкес емес. «LOT Polish Airlines» әуе компаниясы Астанаға 2017 жылдан бастап ұшады. Қазір Қазақстан мен Польша астаналары арасындағы рейстер аптасына 3 рет (дүйсенбі, сейсенбі, жұма) жиілікпен орындалады. Алматы әуежайында «ашық аспан» режимі жұмыс істейді және шетелдік әуе компаниялар үшін ұшуларды орындауға шектеулер жоқ. «LOT Polish Airlines» әуе компаниясынан Алматы әуежайына рейстерді орындауға сұраныс түскен жоқ, – делінген хабарламада.

Мәдениет үйін «бомбалаған» жасөспірім ұсталды

Әзіл үшін Саран қаласы маңындағы елді мекеннің мәдениет үйінде жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған жасөспірім ұсталды. Жуырда Саран қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне белгісіз біреу қоңырау соғып, қалаға қарасты елді мекеннің мәдениет үйінде жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған. Оқиға орнына бірден тәртіп сақшылары аттанған. Ғимаратты және оған тиесілі аумақты қарау барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Қарағанды облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес және Саран қалалық полиция бөлімі қызметкерлері бірлесе жүргізген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 16 жастағы жасөспірім ұсталды. Ол мұндай іске әзіл үшін барғанын мойындады. Аталған дерек бойынша Қылмыстық Кодекстің 273-бабына (терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

«Бомба қойған» әйел айыппұл арқалады

Семей қалалық полиция басқармасына белгісіз әйел адам хабарласып, теміржол бекетінде жарылғыш зат қойылғандығы жөнінде айтқан. Осыдан соң, оқиға орнына барлық төтенше жағдайлар қызметі жедел жеткен. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігі мен эвакуациясын қамтамасыз ету үшін ғимарат аумағын қоршауға алады. Нәтижесінде теміржол аумағынан ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. – Қазір барлық тергеу күштері жалған террористі ұстауға жұмылдырылды. Бұл факт Қылмыстық Кодекстің 273-бабы (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бойынша тіркелген. Енді жалған хабарлама таратқан әйелге 5 мың айлық есептік көрсеткіш яғни, 17 миллион 250 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, түзеу жұмыстарын атқаруға міндеттеліп, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – делінген Абай облысының полиция департаменті таратқан ақпаратта.

«Дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі – контрафакт»

«Қазақстандағы барлық дәрі-дәрмектің алтыдан бір бөлігі контрафакт, ал дәріханалардағы препараттар көбінесе жарамсыз әрі қауіпті». Желіде тараған бейнеақпаратта ер адам Қазақстан Республикасының кеденінде «Фастум гель» препаратының партиясы тәркіленді, оның вазелин бұрыш және лимон сығындысынан тұратыны анықталғанын, ал Қарағандыда 35 жастағы автобус жүргізушісі «анальгин» ішіп, жарты сағаттан кейін қайтыс болғанын, дәрінің құрамында егеуқұйрыққа қарсы у болғанын айтады. Тіпті, ол «Но-шпа» дегеніміз тексеру кезінде бор болып шыққан деген фактіні алға тартады. Алайда, еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды. «Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бұл мәлімдеме бойынша Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласында бұзушылық фактілерін анықтаған жоқ және тіркемеген. Яғни, белгісіз дәріскер айтқан «фактілердің» ешқайсысы расталмады. Демек, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ, елімізде барлық дәрі-дәрмек дәріханаларға жеткізілмес бұрын қауіпсіздік мен тиімділік жағынан міндетті сараптамадан өтеді. Кешенді бағалауды Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптаудың ұлттық орталығының сарапшылары жүргізеді. Сарапшылар құжаттарды мұқият талдайды, клиникалық және клиникаға дейінгі зерттеулер бойынша деректерді зерттейді, зертханалық зерттеулер жүргізеді. Соның қорытындысы негізінде Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тіркеу куәлігін, яғни Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге рұқсат береді. Сонымен қатар, дәрі-дәрмектерге тұрақты фармакологиялық қадағалау және қолдану кезеңінде медициналық өнімдерге мониторинг жүргізіледі, яғни препараттар мен медициналық өнімдердің сапасын талдау және бағалау бүкіл өмірлік циклде жүзеге асырылады. Бұл жұмысты Комитет ұлттық орталықпен бірлесіп атқарады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Айта кетейік, желіде тараған видеоның қазіргі таңда ескі екені анықталып отыр. Суреттерді кері іздеу құралының көмегімен видеоның алғаш рет 2019 жылдың наурыз айында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланғаны анықталды. Бірақ, онда кімнің сөз сөйлеп тұрғаны және оның қайда түсірілгені жазылмаған.

Отпен ойнаған оқушы анықталды

Теріскейде терроризм актісі туралы жалған хабарлама берген күдікті анықталды. Павлодар облысы бойынша полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бірлескен іс- шаралар барысында білім беру ұйымдарына қойылған бомба туралы жалған хабарламалар таратты деген күдікке ілінген кәмелетке толмаған азаматты анықталды. Күдікті Павлодар қаласы мектептерінің бірінде оқитын 14 жастағы оқушы болып шықты. – Оқушы жаңа телефон нөмірлері арқылы аккаунттар құрғаны белгілі болды. Ол арқылы терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды білім беру объектілерінің электрондық поштасына жолдаған. Содан кейін аккаунттарды жойып отырған. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Кәмелетке толмаған заңды өкілдердің кепілгерлігіне берілді, – деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.  

Есен ӨТЕУЛІ