Жаңалықтар

Жылыту маусымында рейдтер жалғасады

Жылыту маусымында рейдтер жалғасады

Тараз қаласында жыл басынан бері 198 өрт оқиғасы орын алған. Өрт салдарынан 8 адам қаза болып, 2 адам зардап шекті. Улы газбен уланудың екі жағдайы салдарынан 6 адам зардап шекті, оның 4-еуі бала.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Осыған байланысты қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында жылыту кезеңі басталмас бұрын облыстық төтенше жағдайлар департаменті қалалық басқарма қызметкерлерімен бірге тұрғын үй секторларын аралау жұмыстарын жүргізді. Аралау кезінде үй иелеріне улы газдың қауіптілігі, өрт оқиғасы кезіндегі іс-қимылдар және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпараттар берілді. Аталған іс-шараларды өткізу кезінде пешпен жылытуды, газ аспаптарын және электр жабдығын ұстауға және пайдалануға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тұрғындарды жас балаларды үйде қараусыз қалдырмауға шақырды. Қалада бүгінде жылыту маусымы басталғалы қауіпсіздік бойынша рейдтер жалғасуда. Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау мақсатында келесідей өртке қарсы іс-шараларды орындау қажеттігін ескертеді: – ақауы бар немесе қолдан жасалған электр жабдықтарын пайдаланбаңыз және қосулы тұрған электр жабдықтарын қараусыз қалдырмаңыздар; – жылыту маусымының алдында пеш пен түтіндікті күйеден тазалаңыздар; – жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмаңыз, жас балаларға жанып жатқан пешті қарауды сеніп тапсырмаңыздар; – отынды, басқа да жанғыш заттар мен материалдарды пеш алдына жақын орналастыруға тыйым салынады; – заттарды, киімдерді пешке жақын маңда кептірмеңіздер; – балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар!  

Жүрсінгүл ЖАҚЫП