Басты жаңалық

«Жайлы мектептің» артықшылығы

«Жайлы мектептің» артықшылығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатындығын айтты. «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осы арқылы апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», деді Мемлекет басшысы. Президент тапсырмасы аймағымызда да іске асырылады. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9500 орындық 12 мектеп салынады.

Бұл жоба аясында мектептер жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Ауылда да, қалада да бірдей болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқып, әр блоктың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спорт залдары болады. Балалар үшін қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Яғни, бейнебақылау орнатылады. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар жасалады. Жобаның тағы бір артықшылығы – құрылыс толығымен қаржыландырылған. Бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындап келген болса, қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де шешімін табады. Осыған дейінгі білім ошақтарынан ерекшеленетін жайлы мектеп деген – осы. Былтыр аймақта 73 мектеп жаңарса, биыл тағы 75-тен астам мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осының өзінде мәселе әлі өткір күйінде қалып отыр. Сондықтан, ұлттық жоба барысында облысымыз бойынша 2025 жылдың соңына дейін 9500 орындық 12 жаңа, заманауи, жайлы мектептер салу жоспары әзірленді. 2024 жылы 7 мектеп, 2025 жылы 5 мектеп пайдалануға беріледі. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch- экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. «Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал, таңғы сағат 8-ден кешке дейін дене шынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт зал болады. Сондай-ақ, мұғалімдерге де жағдайлар жасалады. Бұған қоса, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталады. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Аудандар бойынша мұндай білім ошақтары Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Шу аудандарында салынады. Ал, Тараз қаласында 4 мектептің құрылысы бой көтереді», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек. Құрылысы биыл басталған 6200 орындық 7 мектепке 15,1 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің жауапкершілігін де күшейтеді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру аймағымыз бойынша да жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына өз әсерін тигізеді.  

Гүлжан РАХМАН