Бірқатар отбасы баспанамен қамтылады
Бірқатар отбасы баспанамен қамтылады
Сонымен бірге, он айдың қорытындысымен бюджет қаражаты есебінен 579 пәтерлі 10 тұрғын үйдің, оның ішінде Таразда 561 пәтерлі тоғыз кредиттік үй, Жуалы ауданында 18 пәтерлі бір арендалық үй және жекеменшік инвестиция есебінен 474 пәтерлі 11 үйдің құрылысы аяқталған. Жалпы, бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 557,7 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,2 пайызға асыра орындалған. Биыл жер кезегіндегі азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 14 жаңа алқапта 20 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысын жүргізуге бюджеттен 5,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында құрылыс жұмыстарының жай-күйі туралы мәлімдеген облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Абдыбековтің баяндамасынан білдік. – Өздеріңізге белгілі, облыс аумағында тәрбиелік мәні бар «Асарлатып үй салу» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Бұл игі істің мақсаты – әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту. «Асар» жобасы басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 338 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 105 отбасына қуаныш сыйласақ деген ниетіміз бар. Жыл басынан бері 49 жанұя баспаналы болды. Қалған 56 үйдің құрылысын жоспарға сәйкес, жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Жоба бойынша көмек көрсетілетін мұқтаж отбасылардың тізімі ауылдық округ әкімдігі және ауылда төрағалық ететін ақсақалдар кеңесі арқылы анықталады, – дейді Данияр Темірбекұлы. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, жыл қорытындысымен екі жаңа алапта, атап айтқанда Жамбыл ауданындағы Аса ауылында 811 жер телімі, Жаңатас қаласындағы Құрылысшы алабында 58 жер телімін таратуға дайындау жоспарланған. Одан бөлек, алты алап 2024-2025 жылдары таратуға дайындалмақ. Ал, қалған алты алап 2021-2022 жылдары таратылған. Баспасөз конференциясының соңында баяндамашы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.
Мақпал СҮЙІНБАЙ