Интернет алаяқтарынан сақ болыңыздар
Интернет алаяқтарынан сақ болыңыздар
ЕЛ-ЖҰРТТЫ АЛДАҒАН АЛАЯҚ КІМ?
Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев Парламент қабырғасында елге Аси Мұратова есімімен танымал (шын аты – Арайлым) азаматшаның алаяқтық әрекеті бойынша құзырлы органдарға депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы өз сауалында Арайлымның жұрттан жинаған 30 миллиардқа жуық теңгенің ұшты-күйлі жоқ болғанын және оның соңында сан соғып мыңдаған отандасымыздың қалғанын жеткізді. Сондай-ақ, депутат осы сауалына қатысты Instagram-дағы парақшасында да жазба қалдырды. «Қытайдан арзан тауар әкелемін деп елді сендірген Айс Муратоваға алданғандар саны 5000-нан асады. Айсқа сеніп, аударыммен кеткен ақша көлемі 30 миллиард теңгеге жетіп отыр. Ойлаңыздаршы, бұл сома елде 10 мектеп салуға болатын ақша! Немесе орта есеппен 2000 пәтердің ақшасы! Мен тек чек жиналған 3-4 папканы көрсеттім. Мұндай 3 пакет бар! Әділетті Қазақстан десек, тергеу жұмыстары әділетті жүру керек. Әрі бұл іс Бас прокурордың жіті бақылауында болуы керек. Сол себепті де депутаттық сауал жолдадым. Себебі, алданған қарапайым халық Айс жазасыз қала ма деп қорқады! 30 миллиард теңгеге судьяны да сатып алуы мүмкін!!!» деп жазған ол әлеуметтік желі арқылы да бұл мәселенің қоғамдағы өзектілігіне ерекше тоқталды.
ПИРАМИДА ҚҰРҒАН ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ҚҰРЫҚТАЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы полицейлері қаржылық пирамида құрды деген күдікке ілініп, құзырлы органның құрығына түсті. Осылайша, Қызылжардағы экономикалық тергеу департаменті «Qnet» компаниясының өкілдеріне қатысты қылмыстық іс қозғап отыр. Белгілі болғандай, экс полицейлер жетекшілік еткен заңсыз кәсіпорын 2018- 2021 жылдары жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында қаржы пирамидасының арбауына 70 адам түскен. Шығын көлемі 80 миллион теңгеден ас ады. Қазір экономикалық тергеу департаментінің өкілдері аталған топтан жапа шеккен тағы бірқатар азаматты іздестіріп жатыр. – Қаржы пирамидасын құрған бұрынғы полиция қызметкерлері халық арасында сыйлы болған. Олар жұрттың сенімін пайдаланып, «Qnet»-ке тартып отырған. Жапа шеккен азаматтардың арасында қарамағында жұмыс істеген әріптестері, жолдастары, таныстары бар. Әрқайсысы бастапқы жарна ретінде 600-800 мың теңге салған. Алайда, ақшасын қайтара алмаған. Қаржылық пирамида өкілдері қамауға алынды. Тергеу аяқталған соң олардың істері сотқа жолданады, – деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкері Жанна Сарымсақова.
ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ ЗАР ЖЫЛАТҚАН ЖАС ЖІГІТ ҰСТАЛДЫ
Семейде 15 күн ішінде 6 зейнеткерді сан соқтырған 19 жастағы жігіт ұсталды. Абай облысы бойынша полиция департаментіне бағынысты криминалдық полиция басқармасы дәл қазір осы іске қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады. КТК арнасының мәліметінше, жас жігіт алаяқтықпен 24 миллион теңгені қалтасына басқан. Ер адам ғаламтордан ересек баласы бар зейнеткерлер туралы мәлімет жинаған. Содан кейін оларға қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, қызы немесе ұлы жол апатына себепкер болып, қамауға алынғанын хабарлаған. Сонымен қатар, баласын абақтыдан босату үшін зейнеткерлерден ақша талап еткен. Сендіру үшін көмек сұрап, ұлы немесе қызының даусын салып тілдесіпті. Жас жігіт 15 күннің ішінде алты зейнеткерді сан соқтырып кеткен. Ал, ақшаны курьер арқылы алып отырған. Қазір қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. – Күдіктінің тұрғылықты жерін тінткен кезде ірі ақша аудармаларының түбіртектері табылды. Мессенджермен, хат-хабарламалар болған ұялы телефон тәркіленді. Сондай-ақ, жігіттің нұсқауларға сәйкес әрекет еткені анықталды. Қазір осы қылмысқа қатысы бар басқа адамдар анықталып жатыр, – деді Абай облысы бойынша полиция департаментіне бағынысты криминалдық полиция басқармасының бастығы Шалқар Құнанбаев.
«ЖЕР ТЕЛІМІН АЛЫП БЕРЕМІН» ДЕП АЛДАҒАН
Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылдың тамыз айында сырттай танысы «Рысқұлов ауылының ішінен жер алып, заңдастырып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 1,7 миллион теңгесін алған. Алайда, арада бір жылдан астам уақыт өтсе де не жерін, не ақшасын ала алмаған. Аталған жайт Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша тіркелді. Қазіргі таңда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. – Аудандық тәжірибелі полицейлерден құралған жедел тергеу тобы тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәгерлерден жауап алу барысында жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Ол өз кінәсін толық мойындады. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Ұсталған ер азамат қолхатпен босатылды, – делінген ақпаратта.
АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАТЫСТЫ 808 ІС СОТҚА ЖОЛДАНҒАН
Бас прокуратура осындай қылмыстарды азайту үшін цифрлық технологияларды енгізуді, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіруді, ІТ-бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеуді көздейтін арнайы Жол картасын әзірледі. Бұған дейін Жол картасын жүзеге асыру аясында бұқаралық ақпарат құралдарында 2 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. Сондай-ақ, кибер қылмысқа қарсы күрес орталығының да, оның аумақтық бөлімшелерінде штат саны көбейіп, онлайн несие алу тәртібін қатаңдату мақсатында биометрика және ЭЦҚ қолдану міндетті болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге заңсыз онлайн несиелер бойынша ақпарат алмасу туралы меморандум жасалды. Бұл интернет алаяқтарына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызды бөлігі. Қазірдің өзінде алдын алу шаралары оң нәтижелерін беруде. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда интернеттегі алаяқтық фактілерінің саны 7-ден 4,5 мыңға дейін яғни, 34 пайызға азайған. Ал, сотқа 808 іс жолданған. Сонымен қатар, өңірлерде осындай іспен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды. Нақтылай түссек, біраз уақыт бұрын Шымкентте өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған 5 адам қашықтан қол жеткізу бағдарламалары арқылы азаматтарға несие беріп, ол қаражатты өздері иемденіп отырған. Осы ретте құзырлы органдар онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартуды қатаң ескертеді. Мамандар банк картасының деректерін, шот номерін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермей, банктердің күмәнді сілтемелерін ашпауды ұсынады. Ал, егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабарласыңыз!
ҚАСКӨЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСПЕС ҮШІН...
Әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ интернет арқылы өз қылмыстарын жасай беретін алаяқтардың құрығына түспес үшін не істеу керек? Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар әртүрлі сайттарға кіріп көрем деп, қажетсіз сілтемелерді басып, қаскөйлердің арам ойларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Сондықтан, интернет алаяқтарына жем болмау үшін олардың түрлері мен әдістерін біліп, сақ жүргеннің артықтығы жоқ.
ТҮРЛЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ
- Интернет алаяқтарының кең тараған алдап-арбау жолдарының бірі – OLX жеке хабарландыру сервисі арқылы тауар сату. Олар тауарды сату мен сатып алу арқылы пайда табады. Негізінде тауарлар шын мәнісінде жоқ болуы да мүмкін. Олар өздерінің басқа қалада екенін айтып, ақшаны картаға аударуын сұрайды. Сосын «сілтеме жіберемін, сондағы мәліметтерді толтырсаңыз, ақша аударамын» дейді. Толтырған соң алаяқтар дереу картаңыздағы ақшаны шешіп ала қояды. Сондықтан, олх.kz арқылы тауар сатсаңыз, сізбен сатып алушы хабарласып, курьерлік жеткізу қызметі арқылы тапсырысты рәсімдеу сілтемесі арқылы өтуді сұраса, сенбеңіздер. Бұл алаяқтардың ісі. Оlх.kz сайтында жеткізу қызметі жоқ.
- Биржа арқылы ақша табу. Жалған сайттар кейбір биржаның атын жамылып, алаяқтық жолмен жұмыс істейді. Олардың қайсысы жалған, қайсысы шын екенін халық айыра алмай, үлкен қаражаттарынан айырылып жатады. Сондықтан, сайттарды ең алдымен тексерген жөн.
- Сіздің электронды поштаңызға немесе ұялы телефоныңызға «сіз ұтыс ұттыңыз» деген хабарлама келуі мүмкін. Кейін сол ұтысты шешу үшін салық төлеуіңіз қажет болады. Кей адамдар қомақты қаражатқа ие болдым деп, қолдарындағы бар ақшасын аударып жатады. Айтарымыз – жалған ақпаратқа сенбеңіз!
- Іnstagram желісі арқылы тауар сату. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, косметика, киім-кешек болуы мүмкін. Алаяқтар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты алдайды. Сол үшін тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеріп алыңыз.
- Сізге банк қызметкері болып қоңырау шалады. Ол сіздің шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтып сендіреді. Сондай-ақ, сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдеу қаупі бар деп ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кей адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға сеніп, өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жібереді. Сөйтіп ол адам гипноз сияқты өз қолымен мәліметтерін қалай жібергенін де білмей қалады. Ал негізінде банк қызметкері хабарласып, сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етпейді.
Сондай-ақ, пәтер, көлік алып берем, құжат рәсімдеп берем деушілер, интернет арқылы қайыр сұраушылар да бар. Заң бойынша Қылмыстық Кодексте алаяқтарға қолданар жазаның түрлері мен мерзімдері бар. Олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер бұл алаяқтық қылмыстың жеңіл түрі болса, 4000 АЕК айыппұл салынады. Егер ауыр түрі болса немесе қылмыс бірнеше рет қайталанған жағдайда алаяқ 5 жылдан 10 жылға дейін түзеу мекемелерінде жазасын өтейді.
Есен ӨТЕУЛІ