Қолдау қарқынды жалғасып келеді
Қолдау қарқынды жалғасып келеді
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Биылғы жылы 380,3 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,6 центнерді құрады және 363,2 мың тонна астық бастырылды. Сондай-ақ, 1,1 миллион тоннадан астам көкөніс пен 446,3 мың тонна бақша дақылдары жиналды. Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 543 дана техникалар алынып, 12,2 пайыз жаңартылды. Жалпы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 миллиард теңге субсидия төленді. Техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда. Қант қызылшасынан бүгінгі күні 161,8 мың тонна өнім жиналып, 148,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Биылғы жылы 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді. Жалпы айтқанда биыл 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы қолданылды. Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері 3,6 пайызға, сүт өнімдері 1,4 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,6 мың тонна ет экспортталды. Облыста мал басы да өсіп келеді. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,5 миллион басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны 5,8 пайызға, қой мен ешкі 8,2 пайызға және жылқы 9,7 пайызға, ал құс саны 6,2 пайызға артты. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында шетелдерден 3,1 мың бас мүйізді ірі қара сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынды. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 26 пайызды құраса, асыл тұқымды қойдың үлесі 30 пайызды құрады. Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдары мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде. Одан бөлек, өңірде 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтылған. Жалпы нан пісіретін 62 наубайхана, сүт және ет өнімін тереңдете өңдейтін 70, мақсары майын өңдейтін 4, астықты тереңдете өңдейтін 6, жүн-тері өңдейтін 3, қант қызылшасын өңдейтін 2, көкөніс өңдейтін 1, макарон өнімдерін өндіретін 8, құс етін өндіретін 5, жұмыртқа өндіретін 1 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соңғы 5 жылда 31 өңдеуші кәсіпорын іске қосылды. Аймақта биыл жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асырып, 159 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,4 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде. Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылса, бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге игерілді. Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды. Ал, 2022 жылы республикалық бюджеттен 6 миллиард теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1209 кәсіпкерге несие берілді. Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасымен іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 26 пайызға, ет өндірісі 39 пайызға, сүт өндірісі 19 пайызға артты. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарды. Біздің облыстан басталып, жемісті нәтижесін көсреткен жобаны Президент халыққа арнаған Жолдауында атап айтып, үкімет қолдап, бүгінде республикалық деңгейде масштабталды. Қазіргі уақытта бұл жоба мемлекетіміздің барлық облыстарында жүзеге асырылуда.