Әлеумет

Заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігі маңызды

Заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігі маңызды

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыстық сотта өткен «Әкімшілік істер бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың өзекті мәселелері» атты жиынға қатысты. Облыстық сотының ұйымдастыруымен өткен басқосуда жергілікті атқарушы, мемлекеттік және құқық қорғау органдардың, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы, жеке сот орындаушылар палатасы және адвокаттар алқасының басшыларымен тақырып аясында бірқатар мәселелер талқыланды.

Аймақ басшысы өз сөзінде мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, құқық қорғау органдары мен соттар әкімшілік істерді қарау барысында тығыз байланыста жұмыс атқарып, заң аясында шешу жолдарына ықпал ету қажеттігін, ең бастысы, азаматтардың заң алдындағы тепе- теңдігін сақтаудың маңыздылығын айрықша атап өтті. – Бүгінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Мемлекет басшысы саясатының маңызды элементтерінің біріне айналып отыр. Бұл билік пен қоғам арасындағы әріптестіктің бір түрі. Ең алдымен, мемлекеттің ашықтығын, тек өзекті мәселелерді талқылауға ғана емес, сонымен қатар, қабылданып жатқан шешімдерге де қатысты – бүкіл ел үшін маңызды шешімдер жабық форматта емес, олардың қатысуымен қабылдануын білдіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады. Сот жүйесіндегі реформалар биліктің сот тармағын жетілдіру үшін түбегейлі жаңа әдістер мен жүйені енгізу керектігін де айтқан болатын. Сонымен қатар, судьялардың кәсібилігі тақырыбын көтеріп, елдегі сот төрелігінің сапасын арттыру мәселесін де қозғады. Халықтың сот жүйесіне деген сенімі – басты міндет. Әрине, судьяларға ешқашан жеңіл болмаған және болашақта да оңай болмайтыны белгілі. Еліміздегі сот жүйесінің дамыған мемлекеттер сапына қосылуына үлес қосу – мәртебе әрі мақтаныш, – деген Ербол Қарашөкеев ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Өз кезегінде облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров те тақырып аясында өзінің орамды ой-ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ, облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов Әкімшілік Әділетті құрудағы негізгі мақсаттарға қысқаша тоқталды. – Әкімшілік әділеттің басты мақсаты – бір жағынан азаматтарға басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне белсенді қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктерді қамтамасыз ету, екінші жағынан – жоғары тұрған мемлекеттік органда немесе сотта жария – құқықтық дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін (механизмін) белгілеу болып табылады. Мемлекет басшысы сот билігі биліктің өзге тармақтары сияқты қоғамдық келісімге, саяси тұрақтылыққа, экономикалық дамуға және басқа да негізгі конституциялық қағидаттарға жауапты екендігін айтқан болатын. Әкімшілік Әділетті құру «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде билік өкілдерімен өзара қарым-қатынаста азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын сот арқылы қорғау кепілдіктерін барынша толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың тәртібін арттыруға үлкен маңызға ие, – деді Е.Ахметжанов. Сондай-ақ, жиында Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Нұрлыбаева, әкімшілік істері жөніндегі сот алқасының судьясы Оспан Мамытбеков, ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Аманжан Жасұзақов, облыс әкімінің аппарат басшысының орынбасары Ерлан Байболат және тағы басқалар баяндама жасап, пікірлерін білдірді.  

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.