Құқық

Жаңа өзгерістер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме?

Жаңа өзгерістер жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме?

Жыл басынан бастап еліміздегі «Жол қозғалысы туралы» Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жүргізушілерге қойылатын талаптар күшейді. Міне, сондықтан да оқырмандарымызды жаңа өзгерістердің жай-жапсарынан хабардар етуді жөн санадық. Осы мақсатпен облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қанатбек Әлімжановқа жолығып, бірқатар сұрақтарымызға жауап алдық.

– Жаңа талаптарға сай, 12 жасқа дейінгі балаларды арнайы орындықсыз көлік ішінде алып жүруге тыйым салынғалы жатыр екен. Осының мәнісін түсіндіріп беріңізші.

– Иә, жаңа заң бойынша, енді көлік салонында қанша бала отырса, сонша автоорындық болуы шарт. Сәбиден бастап он екі жасқа дейінгі жеткіншек көліктің артқы орындығына жайғасса да, арнайы креслода, белбеу тағып отыруға міндетті. Өйтпеген жағдайда 10 мың теңге айыппұл салынады. Балаларды ұстап тұратын орындықтарды пайдалану жолаушы-балалардың арасында жазатайым жағдайларды төмендетуге сеп болары сөзсіз. – Түсінікті. Осыдан жеті жыл бұрын үлкен трассаларда көлік шамын жағып жүру міндеттелген еді. Осындай талап енді елді мекен аумағында да қойылатын болған ба? – Жаңа өзгеріске сәйкес, солай. Мұны әрбір көлік жүргізушісінің есте сақтағаны абзал. 2008 жылы үлкен жолдарда көлік шамын жағып жүру туралы өзгерістер енгізілгенде «оның не қажеттілігі бар» дейтіндер болған. Бірақ, уақыт өте келе бәрі соған дағдыланып кетті. Бұл да солай. Жүргізушілер елді мекен ішінде де көлік шамын жағып жүруге міндетті. Сонымен қатар жылдамдық шектеулерін де естен шығармағаны жөн. Автобустар мен үлкен салмақты көліктер елді мекен сыртында жылдамдықты сағатына 90 шақырымнан асырмауы керек. Ал жеңіл көліктер үшін сағатына 110 шақырымнан аспауы тиіс. Кейде өзіміздің облысымыздың аумағынан өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы арқылы құйындай құйғытатын жүргізушілерді тізгіндеп жатамыз. Сонда олардың айтатын уәжі: «110-нан асырмау туралы белгі қай жерде тұр?» дейді. Қарапайым ғана жол жүру ережелерін оқымаған осындай жүргізушілерге қарның ашады. – Көлікті сенімхат арқылы басқару мәселесі туралы сұрап жатқандар бар... – Ендігі жерде сенімхат талап етілмейді. Бірақ, сақтандыру полисі болуы қажет. Онда көлік иесі мен жүргізушісінің аты-жөні жазылады. Сақтандыру полисі болмаған жағдайда, автокөліктер бірден айып тұрағына кіргізіледі. – Айыппұлдарды төлеу тәртібі туралы да айтып өтсеңіз. – Азамат өзіне салынған айыппұл-мен келіскен жағдайда жеті тәулік ішінде оның тек жартысын ғана төлеуіне мүмкіндігі бар. Мысалы, сізге жол ережесін бұзғаныңыз үшін 20 мың теңге айыппұл салынды делік. Сіз жеті тәулік ішінде соның жартысын, яғни, 10 мың теңге төлеп, түбіртегін тиісті орынға өткізіп кетуіңізге болады. Ал жеті тәуліктен асырып алғандар айыппұлды 100 пайыз көлемінде толық өтейді. – Ішімдік ішіп, көлік жүргізетіндерді қандай жаза күтіп тұр? – Бұрын мас күйінде көлік жүргізетіндер үш жыл мерзімге дейін жүргізуші куәлігінен айырылатын. Биылдан бастап ішімдікке тойып темір тұлпар тізгіндейтіндер үшін де жаза қатаңдатылып отыр. Яғни алты айдан бастап он жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады. Онымен қоймай, он тәуліктен қырық бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады. – Жол қозғалысындағы жаңа заң күшіне еніп қойды ма? – Жаңа заң 6 қаңтар күні түнгі сағат 12.00-ден кейін, яғни, 7 қаңтардың түнінде күшіне енеді. Сол сәттен бастап біз де жаңа өзгерістерге сәйкес іске кірісеміз. – Әңгімеңізге рахмет!

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».