Әлеумет

Балаларға бақыт сыйлаған шаңырақ

Балаларға бақыт сыйлаған шаңырақ

Бүгінгі таңда қай салада болмасын бәсекелестік бар. Бәсекелестік бар жерде істің алға жүретіні шындық. Бұл үрдіс мектепке дейінгі мекемелерде де жоқ емес. Жұмысы жүйелі, ісі ілгері ұжымның бірі – Тараз қаласындағы 15 бөбекжай бақшасы.

32 жылдан бері бүлдіршіндер тәрбиесімен айналысып келе жатқан аталған бөбекжайдың қазіргі таңдағы 12 тобында 280 бала бар. Оларға 69 қызметкер қызмет етсе, 36-сы педагог. Бөбекжай бақшасын Әмина Сәттібаева іскерлігі мен тәжірибесін аямай жұмсап, басқарып келеді. Балабақшадағы тәрбиеленуші балалардың жетістігі өз алдына бір төбе. Мәселен, Ахмедияр Ауданбек «Күзгі бояулар» республикалық байқауынан жүлделі бірінші орынды иеленсе, «Егемендігі жарасқан Жаңа Қазақстан» республикалық байқауында Милана Ауданбек жеңімпаз атаныпты. Былтыр Республика күніне орай өткен халықаралық ән байқауында «Вокал» аталымы бойынша Ерке Өмірәлиева, Айлин Қыдыралы, Айым Даныш жүлделі орыннан көрінді. Балалардың жетістігін әрі қарай тізе беруге болады. Бөбекжайда ұзақ жылдан бері тер төгіп келе жатқан тәрбиешілер Балғаным Сәрсенбаева, Бақыт Қайсекенова. Екеуі балабақша ашылғалы осы мекемеде қызмет етеді. Білікті маман Айман Әбдірайымованың да еңбек өтілі отыз жылдан асып кетіпті. 17 жыл бойы осы бөбекжай бақшасында тәрбиеші болып еңбек етіп келе жатқан озат педагог Фарида Исабекова жақында әдіскер болып тағайындалыпты. Бұл да еңбектің бағалануы болса керек. Жас мамандар Ұлжан Әбдіқұл мен Гүлзия Үмбеталиева өздерін озат еңбектерімен танытуда. Олардың тәжірибелі мамандардан үйренерлері әлі көп. Музыка жетекшісі Құралай Ізтаева, дене тәрбиесі нұсқаушысы Рабиға Алтынбекова, мейірбике Фарида Акпарова – өз істерінің шеберлері. Үлкен еңбек ұжымы болған соң, озаттары кездесетіні заңдылық. Аспазшы Сәуле Майманова, логопедтер Әлия Іңкәрбекова, Асмира Ниязқұлова балалардың дұрыс тамақтануы мен дұрыс қалыптасуы жолында барлық еңбектері мен тәжірибелерін аямай жұмсауда. Бөбекжай меңгерушісі Әмина Сәттібаевамен бірге бірқатар топтарды аралап көрдік. «Балдәурен» даярлық тобындағылар өздерінің кішкентай парталарында әріп үйренуге талпынып жатыр. «Қарлығаш» пен «Ботақан» тобындағылар түрлі ойындар ойнап, қызыққа толы бала күндерін өткізуде. 4 жасар балалар «Кім жылдам?» деген ойынға қызығушылық танытты. Тәрбиеші Райса Әбуова бұл ойынның саусақ моторикасын дамытуға оң әсер ететінін айтады. – Бізде жұмыстар жан-жақты жүргізіледі. «Ашық есік» күнін өткізіп, ата-аналармен жиі байланыс жасаймыз. Өнерлі және шығармашыл бөбектердің қабілетін ашуға күш саламыз. Себебі, тәрбиенің негізі бізде қаланады. Адамның қалыптасуына ең алғашқы тәрбиенің маңызы зор. Сондықтан, мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына немкетті қарауға болмайды. Бөбекжай бақшамыздың ғимаратын күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттарын өткізіп жатырмыз. Бұйырса, келесі жылы бірінші кезекте қаржы бөлініп, жөнделіп қалар деген үмітіміз бар. Соған қарамастан, тәрбие жұмыстары мұнда тоқтаусыз жүріп жатыр. Екі спорт залымыз бар. Ол жерде де балалардың жаттығуына және түрлі ойындар ойнауына мүмкіндіктер жасалған. Алдағы уақытта да еліміздің бақытты балаларына жоғары деңгейде қызмет көрсетуге барлық жігерімізді жұмсай береміз, – дейді балабақша меңгерушісі Әмина Сәттібаева.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы