Ұлттық құндылықты насихаттау маңызды
Ұлттық құндылықты насихаттау маңызды
Конференция аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, «Аналар» кеңесінің төрайымы Ғалия Шубаеваның модераторлығымен өтті. Аудан орталығындағы орта мектептердің жоғары сынып оқушылары, жас ұстаздар мен белсенді жастардың қатысуымен өткен іс-шарада аудандық орталық мешіттің бас имамы Рысбай Еспенбетов қатысып, дін және салт-дәстүр тақырыбын ашып айтып, имандылық жолын ұлттық тәрбиемен байланыстыра сөйледі. Ол жасөспірімдер ауылдағы аталар мен әжелер институтынан тұнық тәрбие алып жатқанын, ол өте керек дүние екенін айтты. Бірлік ауылдық аналар кеңесінің төрайымы, ауданның Құрметті азаматы Раушан Жетібаева «Отбасы – тәрбие бастауы» тақырыбында әңгіме қозғады. Ол: «Бала тәрбиесі, жасөспірімдер тәрбиесі – бәрімізге ортақ. Бұл орайда мынау менің жұмысым, анау сенің жұмысың деуге болмайды. Ауыл баласы қартқа сәлем береді, үлкенді сыйлап өседі. Ол да – асыл қасиет. Үлкеннен бата мен тәрбие алған бала жаман болмайды. Өмірде барлық баланы тәрбиелеуге болады. Мектептерде қиын балалар деп аталып жүрген мінезі өзгеше жасөспірімдерді де жақсы бағытқа тәрбиелеуге болады. Ол үшін сіз бен біз жас ұрпақ алдындағы жауапкершілігімізді толық сезінуіміз қажет. Жас ұрпаққа берілер кешегі тәрбие қандай еді, бүгінгі тәрбие қандай? Кешегі тәрбиенің озық тұсы қандай, бүгінгі тәрбиенің жетістігі неде? Осыны ойланып нақты істерге көшуіміз керек. Уақыт бізден осыны талап етіп отыр», – деді. Ол отбасының бүгінгі мәселелерін, жаңадан шаңырақ көтерген жас отаулардың босағалары берік болуы үшін тәрбиенің, ұлттық құндылықтың маңызды екенін алға тартты. Ал, аудандық білім бөлімінің педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінің психологы Маржан Жылқыбаева жасөспірімдердің ойларын қозғау мақсатында психологиялық тренингтер жүргізді. Ол: «Мұндай тренингтер балаға пайдалы. Балаға әсер етуі тиіс басқа да құндылықтарымыз бар. Жасөспірімдер тәрбиесі – басты мәселе. Баланың тәрбиесі алғашқы бастауында дұрыс қалыптасса, ондай жасөспірімнен жақсы болашақ шығады», – деді. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мади Күнту қазіргі жастардың проблемалары жайлы және болашақ білімді жастардың қолында ғана екенін жеткізді. Аудан әкімі аппаратының басшысы Мейірхан Төлеулиев конференцияны қорытындылап, осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралардың ұлт тәрбиесіне қосар үлесі орасан зор екенін айта келіп, жастарға жарқын болашақ тіледі.
Есет ДОСАЛЫ