Топырағына тартқан талант
Топырағына тартқан талант
Осы тұста кейіпкерімізді кеңінен таныстыра кеткен жөн болар. Болатбек Әбішев 1949 жылы Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. Негізгі мамандығы агроном-экономист. Алматы ауыл шаруашылығы институтын сонау жетпісінші жылдардың орта тұсында бітірген. Ол агроном мамандығын алған соң «Хантау» совхозының №1 бөлімшесінде сушы, кейіннен 8 жыл аталған бөлімшеде егіс бригадирі болып еңбек етті. Ол кезде бір бөлімшеде 30-ға жуық машина-трактор бар. Болатбек алпысқа жуық диқандарды басқарып, 1 мың гектарға дейін егістік жерді игеріп жүрді. Әсіресе, 650 гектар алқапқа егілген жүгерінің әр гектарынан 32 тонна таза дән алып, аудандағы кеңшарлар арасында көш бастады. Ақсақал қазір сол бір еңбекке толы жылдарын сағынышпен еске алады. Жалындаған жастық шағында аудандық комсомол, аудандық атқару комитеттерінде жауапты қызметтер атқарғаны да күні кеше ғана секілді еді. Аудандық жастар комитетін және спорт бөлімін басқарған жылдардың да жемісті сәті елдің есінде. Қай жерде жүрсе де құрметке бөленді. Кейіннен Құмөзек ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Міне, осы тұста өнерге де мықтап ден қояды. Құмөзектен халық театрын ашты, ауыл өнерпаздарынан ансамбль құрды. Оның ұйымдастыруымен құрылған халық театры талай байқауларда жеңімпаз атанса, өнерпаздар ансамблі де мақтаулы өнер ұжымына айналды. Болатбек Әбішев – жүрегін жыр кернеген ақынжанды азамат. Өлең мені жетелейсің қайда сен, Қиналмай-ақ апарасың айға сен. Ілесейін нар тәуекел бәрібір, Тоқтамайсың, тыңдамайсың қой десем,– немесе: Сыр ашпайды сенің құла түздерің, Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің. Сенің бүкіл болмысыңның бояуын, Домбырамның пернесінен іздедім, – деп толғануы да жүректің тереңінен шықса керек. Осы кезге дейін «Өмір – дария, өмір – өлең», «Қозғалтсаңшы кеудемнің бір жартасын», «Шөкім бұлт» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жоғарыда айтылғандай, жауапты қызметтермен бірге сазгерлік, ақындық қабілеттерді бірге алып жүру қиынның қиыны болса керек. Ол бұл қиындықты еңсере білді. Қызметін де тастаған жоқ, шығармашылығынан да қол үзбеді. Осы күнге дейін елуге жуық әндердің авторы атанды. Әсіресе, «Мойынқұм – алтын бесігім!», «Жамбыл баба», «Нағашы», «Ақбота», «Шәмшінің әні», «Ауылым», «Сағыныш», «Жеңіс келді», «Жазата», «Атақоныс» атты әндері көпшілікке жақсы танымал. Елімізге белгілі өнер саңлақтары және мойынқұмдықтар бұл әндерді шегіне жеткізіп, шырқайды. Болатбек Әбішев жайлы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тараз» триосының жетекшісі Асылхан Шүңіреков: «Ағамызды сонау шаруашылықта жүрген кезінен білемін. Бірақ, бұл кісінің ақындығы мен сазгерлігін білмейтін едім. Он жылдай бұрын «Тараз» триосына төрт-бес әнін ұсынды. Қазір біз орындап жүрген «Нағашы», «Ақбота» деген әндері көпшіліктің көңілінен орын алып жүр» деді. Ал, мәдениет саласының үздігі Мақсат Сейдалиев: «Болатбек Әбішев Мойынқұм ауданы құрылған 1965 жылдардан бері әр шаруашылыққа өз үлесін қосып, кірпішін қалады. Туған жерін жақсы көрді, аялады. Өскен елім деп маңдай терін төкті. Мойынқұмда жүзеге асқан әр тірлікте Болатбектің қолтаңбасы бар», деп ағынан жарылады. Еңбек әр кезде де еленетіні рас. Осы кезге дейін Мойынқұмда және Таразда өнерін көрсетіп, көпшіліктің алдына шығып жүрген Болатбекке 2021 жыл өте сәтті болды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың және Мойынқұм аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Болатбек Әбішевтің кеші аталған кітапханада өтті. Ұлттық кітапхана – еліміздегі барлық кітапханалардың үлгі тұтатын орыны. Күллі қазақстандықтардың рухани орталығына айналған бекзат мекенде кеш өткізу екінің бірінің маңдайына жазылмаса керек. Аталған кешке Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбеков арнайы барып, сөз сөйледі. Аудан әкімі: «Таулары тарих, даласы шежіре саналатын қабырғалы Мойынқұмның топырағынан нәр алып, жусаны мен сексеуілін жырына арқау еткен ақынның жазар жыры мен шертер сыры таусылмасын. Болатбек Әбішев бойында ақындығы мен сазгерлігі қатар тоғысқан тұлғалы азамат. Ауданымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі зор, – деп ерекше атап өткен еді. Ал, Мойынқұм аудандық кітапханасының директоры Ғалия Шубаева: «Жамбыл бабамыз туған жер, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек ата, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков секілді дара перзенттердің алтын бесігі болған Мойынқұм жері шынында да киелі ғой. Сол қасиетті топырақтан шыққан ақын- сазгер Болатбек Әбішев «Мойынқұм деп жыр жазамын» деп Астананың төрінен шырқап тұрса, ол да – заңдылық», деп толғанған екен. Ақын-сазгер Болатбек Әбішевті Мойынқұмның еңкейген қарты мен еңбектеген баласына дейін құрметтейді, таниды. Жамбылдың жыры, Жазылбектің абыройы, Қайраттың балалығы қалған топырақта өнерін өрістетіп жүрген азаматқа қандай құрмет жасалса да артық емес. Себебі, оның бойында ән, өнер, өлең тұнып тұр!
Есет ДОСАЛЫ
Мойынқұм ауданы