Жақсылық жасап жарысқан жастар
Жақсылық жасап жарысқан жастар
«Асарлатып үй салу» жобасы – қазақ халқының кең пейілін, жомарттығын айғақтайтын құндылық. Осындай игілікті іс Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында 1991 жылы туған ауыл жастарының қолдауымен жүзеге асты. Аталған жоба аясында жаңа қоныстың кілті аталған ауылдың тұрғыны, баспанаға мұқтаж Марат Баялиевке тапсырылды. «Бүгін біздің әулеттің, менің отбасымның қуанышында шек жоқ. Жомарт жандардың, ауыл жастарының көмегімен жарқыраған жаңа үйге кіріп жатырмыз. Бұл – өте үлкен қуаныш. Іс-шараға ортақтасқан аудан әкіміне, ауылдың 1991 жылы туған жастарына шын көңілден алғысымды айтамын», – деді баспаналы болған Марат Баялиев. Аудан әкімі Әлихан Балқыбеков аталған іс-шараға арнайы барып, үй иесін баспаналы болуымен құттықтап, өзінің ізгі ниет- тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, осы игі тірлікті ұйымдастырған Бірлік ауылының 1991 жылы туған жастарына аудан халқы атынан рақметін айтып, оларға өзінің Алғыс хатын табыс етті. Осыдан кейін ауыл биі Кемпірбай Сыздықбаев ақсақал құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Мұратхан Иманәлиев ақ батасын берді. Асарлатып салынған үйдің лентасын аудан басшысы Әлихан Балқыбеков пен Кемпірбай Сыздықбаев ақсақал қиып, ақ жаулықты әжелер ақ пейілмен шашу шашты. Жалпы, аталған ауданда биылғы жылы «Асар» жобасымен 6 үй беру жоспарланған болса, бүгінгі Бірлік ауылындағы табысталған үй екінші баспана екен. Енді жыл соңына дейін әлі 4 үй берілетін болады. Бұл да халқымыздың бойындағы кең пейіл мен жомарттық қасиеттің желісін үзбей жалғасып келе жатқанын көрсетсе керек. Мұқтаж жандарға қуаныш сыйлағаннан асқан бақыт жоқ шығар, сірә!
Есет ДОСАЛЫ