Білім

Дэниел Сноу: Бала өз әке-шешесін тәрбиелейді

Дэниел Сноу: Бала өз әке-шешесін тәрбиелейді

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасы АҚШ университеттерімен байланыс орнатуды қолға алып отыр. Осы орайда университетке Линкольндегі Небраска университетінің профессоры Дэниел Дэвидсон Сноу шақырылды. Профессор Дэниел Сноу университетіміздің ғалымдарымен тұрақты түрде бірлескен жобалар аясында жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқылануда.

PhD Дэниел Сноу Дулати студенттеріне дәріс оқып, зертханада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, оқытушылармен де бірігіп ғылыми жұмысты қолға алған. Профессор Небраска университеті Су ғылымдары зертханасының директоры. Ол судың қалай ластанатынын және оның алдын алу үшін не істей алатынымызды түсіну мақсатында талдамалық химияны пайдаланып, зерттеу жүргізеді. «Су сапасын жақсарту үшін не істеу керек?» деген сауалдың жауабын тынымсыз зерттеген ғалым магистранттар мен аспиранттарға тәлімгер ретінде кеңес береді. Бүгінде ғалым Химия және химиялық технология кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Маржан Қалмахановамен бірлесіп бірнеше жоба бойынша жұмысты бастап кетті. Жобалардың бірі АҚШ білім министрлігі тарапынан қаржыландырылады деп күтілуде. Нәтижесінде сол елдің докторанттары мен магистранттары университетке келіп, судың химиялық құрамын зерттеу бағытында жұмыс жүргізіп, тәжірибе алмасатын болады. PhD Дэниел Сноу мен Маржан Қалмаханова Аса ауылы маңындағы тұрмыстық қалдықтан жиылған судың құрамын анықтау мақсатында үш ай көлемінде эксперимент жүргізіп, үлгісін Америкаға жіберді. Нәтижесінде құрамында адам денсаулығына қауіп төндіретін зиянды қоспалар анықталған. Алдағы уақытта фильтрациялық жүйе орнату жұмыстарын атқару көзделіп отыр. «Жамбыл облысындағы үлкен проблема – фильтарциялық жүйенің болмауы. Қаланың барлық тұрмыстық суы Аса елді мекені маңына барып құяды, ол жерге сіңеді. Зиянды суды қайта өзіміз тұтынамыз», – дейді Маржан Қалмаханова. Профессор Дэниел Сноудың лекциясына студенттер ерекше ынтамен қатысады. «Студенттердің ғылымға қызығушылығы жоғары. Сұрақ қойып, судың құрамын зерттеу бойынша жан-жақты білгісі келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай», – дейді профессор Дэниел Дэвидсон Сноу. Жер бетінде климаттық өзгерістердің болуы барша ғалымдарды толғандырып отыр. Климаттық өзгеріс үлкен экологиялық апат әкелуі мүмкін. PhD Дэниел Сноу ғылымды климаттық өзгеріске бағыттау керек деп есептейді. Судың, ауаның тазалығын үнемі зерттеп, оны жақсарту бойынша жұмысты жетілдіру адамзат өмірі үшін аса қажет екенін айтады. Сондай-ақ, қоршаған ортаны таза ұстау, адамдарды тазалыққа тәрбиелеу де аса маңызды. «Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Туған жерімізді, туған қаламызды аялау, оны көздің қарашығындай қадірлеу – ортақ іс. Ауа ластанбай, тазалық шарасы сақталған жерде ғана қоршаған ортаға зиян келмейді. Өскелең ұрпаққа тазалық мәселесін тереңнен түсіндіріп, адам өміріндегі маңыздылығын айта беруіміз керек. Өз мекеніне зияны тиетін іс жасамауына кепіл болайық. Қоршаған ортаны таза ұстауға тәрбиелеуді ең алдымен баладан бастауымыз керек. Ал, бала өз әке- шешесін тәрбиелейді», – дейді ғалым. Иә, қоршаған орта тазалығына ересектердің немқұрайлы қарауы өкінішті жағдай. Расымен, мектеп қабырғасында тазалық туралы баланың құлағына әбден құйсақ, сол бала ата-анасына түсіндіріп берер. Шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасу, өзара кеңесе отырып зерттеу жүргізу жақсы нәтиже берері анық. Студенттеріміз үшін де үлкен ғалымнан дәріс алу пайдалы болар деп сенеміз. Профессор Дэниел Дэвидсон Сноу Дулати университетінде бір ай көлемінде студенттерге дәріс оқитын болады.  

Гүлжан РАХМАН