Білім

Миллионер мектеп

Миллионер мектеп

Қай ауданда да озат жұмыстарымен ерекшеленген білім ошақтары бар. Солардың бірі – Сарысу ауданындағы Ақтоғай орта мектебі. Білім ошағының білікті ұстаздары мен зерек оқушылары аудандық, облыстық түрлі байқауларда топ жарып, жүлделі орыннан көрініп жүр.

Аталған мектепте 146 оқушы, 65 қызметкер бар. Олардың ішінде 33-і мұғалім. Мектеп ұжымын 9 жылдан бері басқарып келе жатқан Амина Шегірованың бұл білім ошағына еңбегі сіңген. Институтты бітіріп келе сала осында мұғалім болып еңбек жолын бастап, ұзақ жыл директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары сатыларынан өткен. Бұл мектепте үздік мұғалімдер аз емес. Әсіресе, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасын иеленген Аманжол Саухановтың озат еңбегін әріптестері мойындайды. Математика пәнінің мұғалімі Аманжол аудандық «Үздік педагог» байқауында екінші орыннан көрінген. Асқар Жұмаділдаев өткізетін халықаралық олимпиадаға да қатысып, тәжірибе жинап жүр. Шәкірті Нұрдәулет Жаңабек математика пәнінен аудандық пән олимпиадасында жеңімпаз атанған. Сондай-ақ, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған Гүлжан Нәшірбаева қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатына ие болған Ақбота Піспекбаева да – математика пәнінің маманы. Ақбота облыстық «Педагогикалық озық идеялар» байқауында екінші орын иеленіпті. География пәнінің мұғалімі Ерлан Әміревтің де ұжым алдындағы абыройы жоғары. Сондай-ақ, физика маманы Сәбит Шегірова, тарих пәнінің мұғалімі Жанерке Ыбырайымова, қазақ тілі мен әдебиеті, география пәні мұғалімі Ғазиз Баймұратов пен Динара Жексембина шәкіртке сапалы білім беруде аянбай тер төгіп келеді. Шәкірттердің жетістіктеріне тоқтала кетсек, Сымбат Мадияр «Ақберен» байқауының облыстық кезеңінде «Менің – Отаным» тақырыбында эссе жазып, екінші орынды иеленген. Республикалық «Эко» жоба байқауында екінші орынды иеленген Ернар Олжатай, математика пәнінен аудандық ғылыми жобаның жеңімпазы Махаббат Мадияр, аудандық пән олимпиадасының жеңімпазы Нышан Тоқтасын – мектеп мақтаныштары. Нұрболат Сәбденбек, Алмас Тоқтасын да үздік шәкірттер. Бұл мектептің аса үлкен жетістігі және бар. Былтыр мектеп бітірген 8 түлектің барлығы жоғары балл жинап, жоғары оқу орындарына грантқа түсіпті. Бұл – аудан көлемінде ұзақ жылдар бойы ешкім қол жеткізе алмаған жетістік. – Мектебіміз былтыр «Үздік шағын жинақты мектеп» ретінде облыстық конференцияда 1 миллион теңге ұтысқа ие болдық. Былтыр Алмас Тоқтасын, Махаббат Мадияр, Нұрдәулет Жаңабек деген шәкірттеріміз мектепті «Алтын белгі» алқасымен бітірді. Біздің мектеп әйгілі композитор Илья Жақанов, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек шыққан мектеп. Былтыр Қанатбек Қайшыбекұлы сыныптастарымен бірге келіп 10 жаңа компьютер сыйлап кетті. Шағын орталығымызда Ибагүл Алдиярова, Айнұр Сарыбаева, Эльвира Шәріпбек, Меруерт Байназарова сапалы еңбек етіп жүр. Мектепте қосымша сабақтар, түрлі үйірмелер жақсы жүріп жатыр. Бокс, волейбол үйірмелері де бар. Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Өмірзақ Жексембин, Мадиан Омарова деген ұстаздар балаларды жеңіске жетелеуде. Осындай озат, ұлағатты ұжыммен мақтанамын, – дейді мектеп директоры Амина Шегірова.  

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы