Жаңажол ауылындағы жарқын істер
Жаңажол ауылындағы жарқын істер
Аталған ауыл тұрғындарының 40 пайызы жергілікті ұлт өкілдерінен құралса, 42 пайызы әзербайжан ұлтының азаматтары. Сонымен қатар, орыс, дүнген, қырғыз, ұйғыр, түрік, шешен ұлтының өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Әртүрлі ұлттың өкілдерін бір мақсат, бір мүдде жолына бағыттап, бір ауылда айрандай ұйытып отыру оңай шаруа емес. Жаңажол ауылдық округінің әкімі Дархан Әліпбаев көптің көңілін табатын, барлық тұрғындарды татулық пен берекелі тірлікке бастай білген іскер басшы. Аталған округте 300 оқушы білім алатын орта мектеп, 100 бүлдіршін тәрбие алатын балабақша, дәрігерлік амбулатория, ветеринарлық пункт, «Қазпошта» ауылдық бөлімшесі, наубайхана, дәріхана, жанармай бекеті, мешіт жұмыс істейді. Аталған мекемелердің сапалы қызметі ауыл экономикасының көтерілуіне жол ашады. Ауылда кәсіпкерлік те жақсы дамыған. Бірнеше дүкендер, жанар-жағармай бекеті жұмыс істейді. Маусымдық кезде бақша өнімдерін сату жұмысы да қарқынды жүреді. Мал шаруашылығында да ілгерілеу бар. Төрт түліктің басы өз төлінен өсіп келеді. Атап айтқанда, округтегі тұрғын үйлер бойынша 465 жылқы, 2670 мүйізді ірі қара, 5100 қой мен ешкі тіркелген. Мұнан бөлек, шаруасы шалқыған шаруа қожалықтар бар. Шаруа қожалықтарда 535 жылқы, 1530 мүйізді ірі қара, 16770 қой- ешкі өсірілуде. Биыл жаңажолдықтар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайызбен несие алуға қол жеткізді. Мемлекет тарапынан жасалған бұл қолдаудың нәтижесінде округтегі мал саны одан әрі арта түседі деп болжам жасалып отыр. – Еңбек етем деген азаматтарға, кәсіп ашамын деген кісілерге мүмкіндік береміз. Ауылымызда түрік, дүнген, қырғыз, әзербайжан ұлтының өкілдері қоныстанғандықтан, тұрғындар егіншілікке көңіл бөліп, мол өнім алу жолында маңдай терлерін төгіп жүр. Тұрғындардың татулығы мен бірлігін сақтай отырып, түрлі мерекелер мен атаулы күндерді жоғары деңгейде ұйымдастырамыз. Көпшіліктің көңілін тауып, еңбектерін елеп, жасы үлкен қарттарымызды құрметтеп отыруға үнемі күш саламыз. Елмен етене жүріп жұмыс істеп келеміз, – дейді округ әкімі Дархан Әліпбаев.
Есет ДОСАЛЫ