Қылмыс саны төмендеген
Қылмыс саны төмендеген
Қазіргі таңда облыс көлемінде республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның басты мақсаты – қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әйелдер мен балаларға қарсы кез келген зорлық-зомбылық деректерінің жолын кесу. Атап өтерлігі, тәртіп сақшыларының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың саны 1183-тен 1024-ке төмендесе, көшелердегі құқықбұзушылық 10 пайызға кеміген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде өңірлік полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрмет Мәжікенов мәлімдеді. Оның айтуынша, полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алуда да көп еңбек сіңірген.
– Автомобиль жолдарында тиісті жұмыстарды жүргізу барысында жол-көлік оқиғалары 28,9 пайызға төмендесе, қаза тапқандар саны 201-ден 167 адамға азайды. Алайда, қара жолда қаза тапқандар мен жарақат алғандардың саны кемігенімен, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығы алғашқы орында екенін еске саламыз. Осы орайда, облыс тұрғындарын жол жүру ережесін қатаң сақтауға шақырамыз, – деді Құрмет Мәжікенов. Жиында сондай-ақ, тонау, ұрлық пен бұзақылық қылмыстары жөнінде кеңінен сөз болды. Спикердің сөзінше, нақ осы қылмыстардың барлығы дерлік едәуір төмендеген. Мәселен, есепті кезеңде бұзақылық – 13, ұрлық – 26,9 және тонау дерегі 7,7 пайызға азайыпты.
Есен ӨТЕУЛІ