Мәдениет

Жамбыл облысының үздік мәдениет және өнер ұжымдары марапатталды

Жамбыл облысының үздік мәдениет және өнер ұжымдары марапатталды

Тараз қаласында Облыс әкімдігінің қолдауымен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу мақсатында мамыр-қазан айлары аралығында өткен «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аударының мәдениет күндерінің қорытынды марапаттау салтанаты өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев шараның маңыздылығын атап өтті. - Мәдениет – халқымыздың бай мұрасы, ұлттық руханияттың негізі. Осы мәдениетімізді жаңғырту мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері барлық ауданда өткізілді. Көпшілікке өңір тарихы таныстырылып, дәстүрлі өнер насихатталды. Сонымен бірге, «Өнер көзі – халықта» атты өнер ұжымдарының фестивалі, «Ең үздік» ауылдық мәдениет үйі мен әдістемелік кабинеттер іріктелді. Жамбыл өңірі – Ықылас Дүкенұлы, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаев сынды ұлттық руханиятқа, мәдениетімізге мол мұра қалдырған тарихи тұлғалардың шығармаларын кеңінен дәріптеп келе жатқан тарихи өлке. Ал, ескінің ізін жалғайтын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – қашанда өзекті. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында сөйлеген сөзінде «Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», - деп атап болатын. Осы ретте, келесі жылы облысымызда «Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы» ашылатыны туралы Сіздермен жақсы хабарды бөліскім келіп отыр. Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерлеріне зор алғыс айтамын,-деді аймақ басшысы. Бұдан соң мәдениет күндерінің қорытындысымен қатар, «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының деңгейін анықтау, халық шығармашылығы жанрларын дамыту мақсатында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінің «Үздік би ұжымы», «Үздік хор ұжымы»,  «Үздік ән-би ансамблі», «Үздік аспаптық, фольклорлық ансамблі» номинацияларының және «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023», «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Мәдениет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерінде үздік өнер көрсеткені үшін Меркі және Мойынқұм аудандары ІІІ орынға (1 комплект аппаратурадан) ие болса, ІІ орынға Қордай ауданы лайық деп табылды. Ал, Шу ауданы І орынды жеңіп алды. Қордай ауданына автокөлік, Шу ауданына шағын автобус берілді. Қалған аудандарға ынталандыру жүлдесімен 5 дана домбырадан табыс етілді. Шара жеңімпаз аудандардың өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі