Әлеумет

Тағдырлы тұлға, тарихи тағылым

Тағдырлы тұлға, тарихи тағылым

25 қараша – ұлт қайраткері, жалынды ақын, жазушы Міржақып Дулатовтың туған күні. Өкінішке қарай, өз халқын ілім-білімге шақырып, аштықтан зардап шеккен адамдарға алғашқы боп қор құрған Міржақыптың ғұмыры қуғынмен басталып, азаппен аяқталды. Жастық жалыны мен бар қайратын ұлт болашағының жолында құрбан қылған ол «Оян, қазақ!» кітабы жарық көргенде небәрі 24 жаста еді. Отаршылдардың езгісін көріп, қиналған ел-жұртының азаттығы үшін күрескен оның қайраткерлік тұлғасы да осы шақтан қалыптасады. Бүгінде «Qazaqstan» телерадиокешені түсірген «Міржақып. Оян, Қазақ!» телехикаясының негізіндегі толықметражды көркем туынды қалың көрерменге етене таныс. Күн өткен сайын бұл фильмді көрушілердің қатары көбейіп, әсіресе, жастардың қызығушылығы арта түсті. Біз бүгінгі мақаламызға осынау 6 бөлімді туындыны жүк еттік.

Еліміздің барлық кинотеатр желісі арқылы қалың көрерменге жол тартқан тарихи туындыда Міржақып Дулатұлының 1909- 1935 жылдардағы өмір кезеңі қамтылған. Телехикаяда ақынның жары Ғайнижамалдың рөлін Зарина Кармен, ақынның қызы Гүлнар Дулатованың рөлін Гүлжан Әспетова ойнады. Ал, бас кейіпкер Міржақып Дулатовтың рөлін сомдау елордалық «Жастар» театрының актері Бақыт Қажыбаевқа бұйырған. «Рөлге кастинг арқылы таңдалдым. Режиссердің таңдауы маған түскен екен. Негізі жауапкершілігі зор рөл деп айтар едім. Міржақып атамыздың аты Қазақ еліне аян. Өзінің бозторғай жаны шырылдап, елі, жері үшін жанын қиған асыл азамат. Осы рөлді сомдайтын кезде қуанышымнан гөрі қорқынышым басым болды. Түсірілім барысында қатты қиналдым деп айта алмаймын. Өйткені, режиссердің, сценарийдің мықтылығы шығар деп ойлаймын. Қиындықтар да болды, әрине, уақытқа, әсіресе түнгі түсірілімдерге байланысты. Рөлді сомдаған кезде актер ретінде әттеген-ай деген сәттер де болды. Бұл әрбір актерде болады деп ойлаймын. Фильмді көріп отырып мына жерін басқаша ойнауым керек еді дейтін сәттер де болады, – дейді бас кейіпкер рөліндегі актер. Ал, «Qazaqstan» телерадиокешенінің басқарма төрағасы Ләззат Танысбай тарихи сериалдарға көрерменнің сұранысы көп екенін айтады. «Бұл біз үшін тәжірибе деуге болады. Себебі, фильм түсіру корпорацияның міндетіне жатпайды. «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалын шығардық. Сұраныс өте көп болды. Түсірген тарихи сериалға бірде-бір сын болған жоқ. Мұны мақтанышпен айта аламыз. Біріншіден, ол – режиссер Мұрат Есжанның жұмысы. Екіншіден, біз осы уақытқа дейін жинаған тәжірибемізді, бар күшімізді салдық. Сондықтан да керемет туынды шықты. Халықтың сұрайтыны, әсіресе жастарға керек фильм екенін түсінеміз. Сондықтан, сол туындыны қайтадан монтаждадық, керек жерлерін қайта түсіртіп, өңдеп шығардық. Бүкіл қазақ көретін, санамыз үшін, қоғам үшін пайдалы фильм болды деп ойлаймын», – дейді Ләззат Танысбай. Мұрат Есжанның фильмінің қазақ қоғамында сілкініс тудырғаны жайдан жай емес. Себебі, қазақ оянуға мұқтаж. Анығында, жаңа сұраныстарға, жаңа заманға әрі тағдырлы кезеңге байланысты оянуға мұқтаж. Өйткені, қазіргі кезеңді оңай уақыт деп айта алмайсың. Қазақ көрермендерінің «Оян, қазақты» көріп, жастардың жылап қайтуы жайдан жай емес. Бұл – бабаларымыздың ойымызда жүргенінің көрінісі. Жастардың ана тілі мен мәдениетінің болашағына бейжай қарамайтынының белгісі. Оған себеп – шығармашылық топ көрермен көңілінен шыққан Міржақып бейнесінде ақын, қазақтың алғашқы романын жазған қаламгерден бұрын, қайраткер ретінде алып шығуға о бастан бекінгендей. Алғашқы бөлімдегі 1911 жылы Қызылжарда бала оқытып жүрген Міржақыптың образынан, «оқыған кісі өз тілін ұмыта ма?» деген сөзінен оның азаматтық ұстанымы бірден менмұндалайды. Режиссер мен сценарий авторлары осы тұста қазақ тілінің мәселесін көркем фильмге жымын білдірмей, сыналап енгізіп жіберген. Ойлы адамның оған ден қоймауы әсте мүмкін емес. Ал, сабақ аяқталған соң сыныпта жазу жазып отырған Міржақып сырласы Сейдазымға: «Қалам жүріп кетті, тоқтамайды, лықсып келді», – дейді. Бұл фильмді көрген көрермен де сөйтеді. Экран алдынан тапжылмайды, телехикая көрген адамды бір демде жетелеп алып кетеді. Жазықсыз әкенің адал атын қайтарғысы келген перзент табандылығына бас иесіз, құрметтейсіз. Гүлнар Міржақыпқызының образы, ғұмыр бойғы арман-тілегі, ізденісі, талпынысы, ерік-жігері, әкеге деген сағынышы, перзенттік парызы Гүлжан Әспетованың шеберлігімен мінсіз құйылып түскен. Тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтың сөзінше, осынау туынды жарық көргеннен кейін қазақстандық кинорежиссерлар коммерциялық ғана емес, тарихи фильмдерді түсіруге күш салады. «Біз студенттерге сабақ береміз. Сонда байқағаным, «Міржақып. Оян, Қазақ!» фильміне жастардың көзқарасы түзу. Шынымен, жаңа замандағы қазақтарды оятып жатқан тәрізді. Кәсіби тарихшылармен әңгімелескенде, көп жағдайда Алаш қайраткерлерін жалпылама образ есебінде қабылдайтынымызды айтады. Ал, негізінде олардың әрқайсысы бітімі бөлек тұлғалар ғой. Фильм режиссерінің шешімдері көңілден шықты. Өз басым туындыны тамашалаған соң, қатал жігіттердің де көз жасына ерік бергенін көрдім. Киноның, идеологияның мықты тұсы осы деп ойлаймын. Бұл туынды қазақ киносындағы шоқтығы биік фильм болды. Осыдан кейін отандық кинода жаңа тыныс ашылады деп ойлаймын. Енді біздің режиссерлар «Бизнес по казахски в Африке» деген секілді коммерциялық ғана емес, осындай терең мағыналы фильмдерді түсіре бастайтыны анық», – деді Рахым Бекназаров. Сонымен, фильмде Алаш үкіметінің автономия туралы жоспары жүзеге аспай қалатын сәт Абылайдың шетінеуімен параллель беріледі. Осы тұста Ахмет Байтұрсынұлының Міржақыпқа айтқан «Жақантай, қылған жұмыс ешқашан зая кетпейді» деген сөзі күллі Алаш зиялыларының байламын ұғындырғандай. 6 сериялы деректі хикаятты көріп тауысқанда сіз кәдімгі денеңіздегі жарақат жазыларда теріңіз түлеп, өлі клеткаға жан біткендей күй кешесіз. Сондай-ақ, рухыңыз оянып, санаңыз сілкінеді. Сондықтан бұл фильмді ұлттың жан жарасын емдейтін туынды десек артық бола қоймас. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына жазған хатында: «Шырағым Ахмет! Шырағым Міржақып! Сендер қайта-қайта абақтыға түсе бересіңдер. Оған налымаңдар. Атам заманнан, Прометейден бергі уақытта ел үшін күрескен азаматтардың көргені – абақтының есігі. Баяғыда доңыз бен аққу дос болыпты. Доңыз сонда аққуға: «Ей, аққу, сен айтшы, күн бар дейсің, сол күнді мен неге көрмеймін?», – депті. Сонда аққу: «Әй, доңыз, сені Алла төмен қаратып жаратқан. Сондықтан, сен күнді көре алмайсың», – депті. Шырағым Ахмет! Міржақып! Болашаққа күнді көре алатын ұрпақ керек. Сол ұрпақ сендердің аттарыңды атап, құрмет көрсетіп жатса, бақытты емессіңдер ме!?» – деп жазуы Бөкейхановтың еш қателеспегенін айғақтайды. Себебі, бүгінгі ұрпақ олардың атын атап, құрметтеп қана қоймай, қалың халыққа тез таралатын фильм – құрал арқылы қайраткер бабалардың адамдық бейнесін, азаматтық ұстанымын, ұлт болашағы жолындағы идеясын тәптіштеп жеткізе білді.  

Есен ӨТЕУЛІ