Мәдениет

Филармонияның киноконцерт жобасы

Филармонияның киноконцерт жобасы

Көрермендердің көңілінен шықты

Әрбір мазмұнды кинода бір ән немесе күй орындалатыны көрерменге жақсы белгілі. Бас кейіпкер шырқаған ән кейде өзге әншінің дауысы болатыны жасырын емес. Кино тарихында есімдері титрға жазылмай қалған әншілер де болған.

Облыстық филармония ұжымы жыл бойы халықтың мәдени-рухани демалуына бар жағдайды жасап жүргені мәлім. Облыстық филармонияның директоры Сәуле Жанпейісованың шығармашыл ұжымы тұңғыш рет Қазақ және әлем классикалық кинофильмдері музыкасынан киноконцерт ұйымдастырды. Мазмұнды кеште қазақ киноөнерінің жұлдызы Ш.Аймановтың «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Біздің сүйікті дәрігер», сондай-ақ «Махаббат бекеті», «Менің күнәлі періштем», «Қоштасқым келмейді», «Шаңырақ», шетел киноларынан «Титаник», Ресейдің «Үш Ноян» тағы басқа танымал фильмдерінен әндер мен музыкалық композициялар әншілердің жанды дауысында орындалды. Мектеп қабырғасындағы бозбала мен бойжеткеннің арасындағы сезімді режиссер Талғат Теменов «Махаббат бекетінде» сан қырынан ашып көрсетті. Ал осы кинодағы әсем әуенді Жанар Өстемірова домбырада құлақ құрышын қандырып күмбірлетті. Біртуар режиссер Ш.Аймановтың қызықты сюжетке құрылған комедиялық «Тақиялы періште» картинасы көрерменге 1968 жылы жол тартыпты. Осындағы Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы «Мама» әнін «Иірім» триосы тамылжытып әуелеткенде көрермендер де қосылып шырқады. Талантты режиссер Едіге Болысбаевтың 1987 жылы тұсауы кесілген «Шаңырақ» фильміндегі «Дедімай-ау» халық әнін Балжан Ділдәбекова нақышына келтіріп әуелеткенін көрермен жылы қабылдады. Концерт барысында тек қазақ киносы ғана емес, сонымен қатар әлемге әйгілі фильмдерден де саундтректер орындалды. Соның бірі – «Титаниктегі» әсем әнді бебеулеткен жас әнші Балнұр Аққубай. Ресейлік «Мосфильмнің» алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Кавказдық тұтқын қыз» фильміндегі «Ақ аюлар» әні сахна төрінде шырқалды. Филармонияның ұжымының қала тұрғындарына тұңғыш рет киноконцертті тарту еткені облысымызда мәдени жаңалық болып қалды.

Қанат ТІЛЕПБЕРГЕН,  «Ақ жол».