Адамға емес, Аллаға жағынайық
Адамға емес, Аллаға жағынайық
Бүгінгі өмірімізде керемет бір жарысты өткізу естен шығып барады. Ол –жағымпаздар жарысы десек болатын шығар. Бұл бәсекені алаулатып-жалаулатып, оның мазмұнын байытып, сапасын арттырып, жүлдесін аямай ұйымдастырып жіберсе ғой, шіркін! Шашасына шаң жұқтырмайтын талай жүйріктерді осы бәсекеде көріп қалатын едік. Ал, жақсылықтың жарысын өткізуге ешкімнің қолы тимей жүр. Дұрысы, ешкімнің ойына кіріп-шықпай жүр. Ал, біз бір-бірімізге жылылық таныту, жақсылық жасау жөнінде толғанып көрдік пе? Жағымпаздар шеруі бүгінде шектен шығып бара жатқандай. Өте белсенді, ешкім тоқтата алар емес. Жарамсақтар да жағаңнан алып, жұтқыншағыңды жұлып алардай, жөн сөзіңді сөйлетпей, делебелері қозып тұрған қатерлі шақ. Куба деген шағын мемлекет бар. Осы елде бостандық жолында басын бәйгеге тігіп күрескен ұлы революционер Фидель Кастро жеңіске жетіп, жаңа қоғам орнатты. Жан- жағында алпауыт елдер болғанына қарамастан, өздері таңдаған жарқын жолмен алға басып келеді. Қаншама жыл өтсе де, құрыштай беріктігін сақтап, революцияның ұлы мұраттарына адалдық танытып, нық қадам жасауда. Фидель Кастро 95 жастан асып, дүниеден қайтты. Көсемнің тірі кезінде айтқан сөздеріне қайран қаласың. «Маған ескерткіш қоюдың, біреуге табынып өмір сүрудің қажеті жоқ. Мен оған қарсымын», – депті. Елінің азаттығы жолында аянбай алысқан қайраткер жүректегі сөзін осылай жеткізіпті. Сосын: «Біздің революция жеке басқа табыну идеясына негізделмеген. Біздің революция тек принциптерге негізделген», – деген сөзін кейінгілерге шегелеп айтыпты. Куба елінің парламенті өздерінің сессиясында бірде-бір қалаға, бірде-бір көшеге Фидельдің атын бермеу жөнінде шешім шығарыпты. Жүрегінде Құдайы бар иманды адамда артық ештеңе болмайды екен. Таза болып өмірге келіп, таза болып өмірден өтеді екен. Атақты жазушы Лев Толстойды патша шақырып, құрмет көрсетпекші болыпты. Ол шақыртудан бас тартыпты. Ұлы қаламгер құрметке зәру еместігін білген. Ең бастысы, билік иесіне бас шұлғып, жағынып, жалтақтап, жақсы болып көрінуді ар санаған. Ар-ұжданды бәрінен жоғары қойған. Батыстың аса танымал жазушысы Уильям Фолкнер Нобель сыйлығын алғанда оған ілтипат танытып, сол кездегі Американың президенті шай ішуге шақырыпты. Сонда жазушы: «Бір шыныаяқ шай ішуге бола мен неге 200 шақырым жерге жанармайды шығындап, баруым керек» деп бармай қойыпты. «Пайғамбар жасына келген соң адам Аллаға мұқтаж болуы керек. Ал, біздің біраз ақсақалдарымыз әлі күнге әкімге мұқтаж боп жүр», – дейді көрнекті жазушы Рахымжан Отарбаев өзінің «Көрген -баққан» деген еңбегінде. / «Ақ жол» газеті, №16, 9 ақпан 2022 жыл/. «Герольд Бельгер өзінің «Тень дней минувших» деген күнделігінде Сафуан Шаймерденовтің ұлттық әдебиеттен, ұлттың жай-күйінен гөрі өз басын көбірек күйттеп кететінін бір емес, бірнеше жерде нақты әрі жағымсыз деректер келтіре отырып жазады. Ал, Әлжаппар Әбішевтің «Біз сізді 25 жыл зарыға күттік қой» деп, Колбиннің қолынан сүйгенін өз көзімізбен көргенбіз. Дүкенбай Досжанов пен Сәбит Досановтың кім екені, қандай қайраткер және қайдан шыққан қайраткер екені болса да әмбеге аян. «Қазақстан Президентінің қабылдауына неге бұлар кіреді де, қазақтың мұрат-мүддесін айта алатын жазушылар сырт қалып қояды?» деп әрі қынжылып, әрі өкінеді Герағаң. Герағаңның қынжылысы қандай қасиетті!» деп ой толғайды қаламгер Әмірхан Меңдеке өзінің «Дос жылатып айтады» деген мақаласында. /«Жас Алаш» газеті, №9, 4 ақпан 2016 жыл/. Жазушылар одағында Колбинмен болған жиында бір ағамыз залдан көтеріліп, төрде отырған орыс басшыға жақындап, алдындағы стақанға су құйып ұсыныпты. Ол міз мақпай отыра беріпті, «рақмет» демепті. Тағы бір ағамыз «Әкем тірі болғанда, сіздің келгеніңізге қуанар еді» дегенімен шектеліп қоймай, Колбиннің бетінен сүйіпті. «Ең бастысы, сол оқиғаның болғаны, бола білгені еді. Рух тірі еді! Күйгенім – біздің «сорлы ағаларымыздың» сорлы қылығы. Мұны айту керек. Өзім қайталамауым үшін. Кейінгілер сорлы бола бермес үшін. «Ұят» дегенді ең болмаса, өз ұлдарым біліп өсуі үшін. Менің архивімде Колбиннің атына жазылған екі топ жазушылардың хаты жатыр. Әрқайсысы «кімді құрту керегін» айтады!» деп толғанады ақын Мейірхан Ақдәулетұлы өзінің «Сорлы ағаларымыздың сорлы қылығы» атты мақаласында./ «Қала мен дала» газеті, №35, 2 қазан 2020 жыл/. Колбин қатысқан сол жиында ұлт зиялыларының абыройын Жұбан Молдағалиев сақтап қалды. «Мен қазақтың ұлын қорлап, қызын қарға отырғызып, астынан теуіп, шашынан сүйреп жатқанын көргенше, Ұлы Отан соғысында өлуім керек еді!» деген болатын арлы ағамыз. Өзгелер жаны қалмай жапырылып, жарамсақтанып, қайтсем жағамын деп аласұрғанда жалғыз Жұбан ағамыз төрдегі кісіге өткір сөзін айтқан. Жарлы емеспін, зарлымын, Оны да ойла толғанып. Жұртым деуге арлымын, Өзге жұрттан ұялып... – деп ұлы Абайдың зарлануы тегін емес. Желтоқсан көтерілісінің дүбірі басылмай тұрған сол бір ауыр күндерде біздің редакцияда партия қатарына адам алынатын болды. Облыстық «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген кезім. Партия ұйымының хатшысы Қыстаубай Байтуов партия мүшелігіне мені ұсынатындығын айтты. Бірден қарсылығымды білдірдім. «Колбин басқаратын Қазақстан коммунистік партиясының қатарында болғым келмейді. Сондықтан, партия мүшелігінен бас тартамын» дедім. Қыстаубай ағам шошып кетті. «Бұл сөзді қалай айтасың?» деумен болды. Мені көндіруге барынша әрекеттенді, ақыл-кеңесін аямады. «Ешқандай кінәсі жоқ халқымның өрімдей жас жігіттері мен қыздарын итке талатқызып, соққыға жыққан, ешбір тексерусіз, сотсыз түрмеге қамап, талай сұмдықты ұйымдастырушы коммунистік партияның қатарында болғанша, болмағаным жақсы» деп партия ұйымының жетекшісіне жазбаша түрде өтініш жаздым. Ол «Мұны ешкім естімесін» деп қағазды менің көзімше жыртып тастады. Газет редакторы шақырып алып, ағалық ақылын айтты. Мен амалсыз көндім. Партия қатарына ықтиярсыз кірсем де, Колбиннің Қазақстанға, қазақ халқына ешқандай жақсылық жасамайтындығына, қайта ұлтымыздың құндылықтарын аяққа таптап, орыстандыру саясатын одан әрі жалғастыра беретіндігіне еш күмәнім болған жоқ. Көп кешікпей кеңестер одағы күйреп тынды. Жағымпаздық дертіне шалдықпаған бір адам болса, ол Шерхан Мұртаза ағамыз дер едім. «Жау жаманы – жарамсақ» деген сөзді де Шерағамыз айтқан. Қаламын қару етіп күрескені өз алдына, қайраткерлігімен де қазақ халқының ұлттық рухын сергек ұстап, тәуелсіздікке жеткізді. Парламент Мәжілісінің төрінде арыстандай ақырған айбатымен танылды. Тіл мәселесіне келгенде де алмас қылыштай тіліп сөйледі. «Қос тіл жыланда ғана болады. Қазақстанда бір ғана тіл болу керек. Ол – қазақ тілі», деп өткір мінезімен ел жадында жатталып қалды. Республикалық телерадиокорпорациясын басқарып тұрған заманда да ұлттық мүддені алдыңғы кезекке қойды. Оның бұл әрекетіне жоғары жаққа шағым айтқандар да болды. Президент қатысқан үлкен жиында Шерағамызға сындар айтылды. Кешегі кеңестік империяның зымиян саясатына тосқауыл болған елдің намысы, қазақтың атақонысы үшін басын қатерге тігіп, қасқайып мінез танытқан екі адам болса, соның бірі Нұртас Оңдасынов болатын. «Ел басқару өте қиын. Ел басқару біреуге бақыт, біреуге мехнат. Мен өзіме мехнат жолын таңдадым. Мен өз бала-шағамнан гөрі қазақ халқының жағдайын ойладым. Ел қатарына қосылса екен дедім. Үш нәрседен тазамын. Бірінші, сонша жыл ел басқарып, біреуге нақақтан жала жауып, қиянатқа барған емеспін, арым таза. Екінші, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға да қол қойған емеспін, қолым таза. Үшінші, адамдарды жершілдікке, атаға, руға, жүзге бөлген емеспін, жүзім таза!», – деп жазыпты Нұртас ағамыз өзінің естелігінде. Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған басшы ағамыз Мәскеудің ығына жығылмай, оның көсемдерінің айтқанына көнбей Қазақстанның үш ауданын Өзбекстанға бергізбей күресті. «Өзбектер мақтаны жақсы егеді» деп діңкілдеген Н.Хрущевқа: «Ол үш аудан менің жерім емес, оны беру-бермеуді халық шешеді. Ал, мақтаны біз де жақсы өсіреміз. Өткен жылы жоспарды асыра орындадық», – деп жауап қатады Нұртас ағамыз. Міне, асыл қасиетінен айнымаған, жоғары лауазым иесіне жалтақтап жасқанбаған, жарамсақтанып жанын сатпаған, арыстан жүректі, жолбарыс мінезді есіл ер осындай болса керек- ті. Н.Оңдасыновқа талай шүйліккен Н.Хрущев ақыры оны 58 жасында зейнеткерлікке кетуге мәжбүрледі. Нұртас ағамызды кетіргеннен кейін Бостандық, Мақтаарал, Киров, Жетісай, Шымқорған сияқты шұрайлы өлкелер Өзбекстанға беріліп кетті. Н.Хрущевтың алдында тайсалмаған екінші азамат Жұмабек Тәшенев екендігі даусыз. Кремль төрінде отырған ұлыққа жалпақтап бас имеген қалпында қазақ елінің жүрегінде қалған қайраткерді бүгінде қалай дәріптесек те жарасады. Оның ерлік істерін ұмыту еш мүмкін емес. Н.Хрущев 1960 жылдардың басында Тың өлкесін құру идеясын қозғап, сол мақсатына жету үшін Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын бөліп алуды, Тың өлкесін осылайша тікелей Мәскеуге бағындыруды көздейді. Қазақстан Үкіметін басқаратын Ж . Тәшеневті өзіне шақырып алып, осы мәселеге келісім беруін сұрағанда қасқайып қарсы тұрады. «Конституцияда көрсетілгендей, жер халықтыкі. Қазақстан халқы рұқсат етсе алыңыз. Мен түбегейлі қарсымын», деп жауап қатқан рухы мықты тау тұлғалы Ж.Тәшенев. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаев Жұмекеңе қарап: «Сіз нағыз ержүрек батырсыз, арыстан жүректі азамат екенсіз», деп бағасын береді. Димекеңнің бұл бағасына: «Туған халқым үшін тозақтың отына түсуге дайынмын», деп жауап қайтарады. Міне, болсаң Жұмабек Тәшеневтей болу керек. Болмасаң, билік басында отырғаннан отырмаған жақсы. Жағымпаздық деген кеселді жұқтырмаған қайсар қазақ осылай жерін қорғап қалған. «Елім мен жерімді таққа айырбастамаймын», – деп ұлтына адал қызмет еткен, ел мүддесін бәрінен жоғары қойған. Бұл екі азамат жарамсақ болып, мықтыға жағып майысқан жоқ. Жағымпаз болып құрдай жорғалаған жоқ. Осындай есіл ерлері бар қазақ халқы талай зұлматтардан аман өтіп, бүгінгі жаҺандану заманына тап келіп отыр. Бұл кезеңнен қалай өтеміз? Өгізді өлтірмей, арбамызды сындырмай өтудің жауапты шағында ел басқарған ерлеріміз қандай мінез танытпақ? «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден. Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», деген еді Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан. Әлихан сынды ағаларымыз адамға жағынған жоқ. Аллаға жағынып, Алаш идеясымен ғұмыр кешті. Осы идея жолында мерт болды. Тәуелсіздік жолында жандарын қиды. Алаш көсемдерінің ұстындарын басшылыққа алып, алдағы істерімізге темірқазық етіп алғанымыз маңызды болмақ. Нұртас пен Жұмабек секілді ағаларымыздай елімізге тұтқа болуға жарайтын азаматтарымыз Қазақстанды өркениет жолына бастай берсін деген тілек бар бізде. Бұрын біз қайсар мінезді едік, айбатты едік. Кеңестік империяның әсері болар, асыл қасиеттерден айырылып қалдық. Жетпіс жыл құлдық психологиядан арыла алмай, соның зардабын тартып келеміз. Большевиктер партиясы ұлтымыздың қаймақтарын қырғаннан кейін қазақтың мысы басылып қалды. Жағымпаздық пен жалтақтық белең алды. Осы жаман қасиеттер бізге кеңестік биліктен мұра болып қалған сияқты. Сондықтан, құлдық санадан арылып, ұлттық сананы қалыптастыруға жедел бет бұрғанымыз абзал. Ол үшін ұлттық идеямыздың болғаны маңызды. «Ұлт бар жерде сол ұлттың өсіп-өнуін қамтамасыз етіп отыратын ұлттық идея да болады. Ұлт жоқ жерде ұлттық идея да жоқ. Екеуі – егіз. Бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Ұлтшылдық арқылы ғана ұлт қалыптасады, ұлтшылдық ұлт тудырады. Сондықтан да ұлттың өмір сүруінің бірден бір шарты – ұлтшылдық. Ұлтшылдық болмаған жерде ұлт та болмайды. Ұлтшылдық – ұлттың өмір сүруін қамтамасыз етіп отыратын басты қорғанышы. Ұлтшылдығы әлсіресе, ол елдің ұлттық иммунитеті де жойылып, жеке ұлт ретінде өмір сүру қабілетінен айырыла бастайды», – дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы өзінің «Ұлттық идеяның үлкен жауапкершілігі» атты мақаласында. / «Түркістан» газеті, 8 қаңтар 2015 жыл/. Қазіргі алмағайып ауыр кезеңде тұтас ұлт болып ұйысудың маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Ел басқарған азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қарияларымыз ұлтымыздың асыл қасиеттерін қастерлеп, ауызбірлігі мықты елдер қатарына қосылудың қамын жасап, алдымызда тұрған ұлы істерімізді тыңғылықты атқару жолында жол бастап, жол көрсетіп жүргендері абзал. «Орыс жазушысы Гоголь Құдайға деген алғашқы махаббаттың өз халқыңа деген аяушылық сезімнен басталатынын жазыпты. Яғни, жүрегінде өз ұлтына деген аяушылық сезімі бар адам ғана Құдайды шын сүйе алады. Егер біз өз ұлтымызды сүйе алмасақ, Құдай бізді кешірмейді. Халық – Құдайдың бір аты болғандықтан, Құдайды сүю де, қазақты сүю де – бір-ақ ұғым. Мына жалған дүниеден өз қазағымызды сүйе алмай өтсек, ертең Құдайдың алдына барғанда не үшін өмір сүрдік деп ақталамыз?», – деп толғаныпты сыншы, әдебиетші Амангелді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» атты мақаласында./ «Жас қазақ» газеті, №28, 21 шілде 2006 жыл/. Құдай сүйетін қазақ болып ғұмыр кешіп, қазіргі тағдырлы кезеңдерден аман өтуден артық қандай мұрат болуы мүмкін?! Ұлтты ұлы жолға салып, ұлы мақсаттарға жетелейтін заман туды. Ол үшін бірлікті – ту, татулықты – тұғыр етуден басқа амал жоқ. «Біріңді қазақ, бірің дос» көрмесең, бәрі бекер! Бұл Абайдан жеткен аманат екенін ұмытпайық!
Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.