Әлеумет

Трактор тізгіндеген келіншек

Трактор тізгіндеген келіншек

Кеңестер одағының кезінде Кәмшат Дөненбаева деген тракторшы жаңалық болып, ақпарат құралдары арқылы бүкіл елімізге танымал болды. Ал, бүгінгінің Кәмшаты болып, трактор тізгіндеп жүрген келіндер қазір де аз емес. Бұл жолғы кейіпкеріміздің мені таңдандырғаны – жас келіннің ауылдан алыс шаруа қожалықтың басында ата-енесінің, жұбайының жағдайын жасап отыруы және трактор жүргізуді меңгеруі.

Трактор тізгіндеген келіншекпен тілдесу үшін Жамбыл ауданы, Ерназар ауылына жол тарттық. Әуелі қайынатасы Гауһарбек Шонтаев аппақ көңілімен, аңқылдап қарсы алды. Кісімен емен-жарқын сөйлесе алатын, мінезі жайдары кісі екен. Әуелі тракторшы келін дайындаған таңғы астан дәм таттық. Жас тракторшының аты-жөні – Гүлдана Пайыз. Қазір 22 жастағы Гүлдананың келін болып түскеніне үш жылдан асыпты. Жары Нұрбақыт екеуі екі перзенттің ата-анасы. Нұрбақыт та жастығына қарамастан істің адамы екен. Әкесі ашқан «Шонтаев және жанұя» шаруа қожалығының тасын өрге домалатып жүрген жігіт. Қожалықта 25 жылқы, 10 сиыр, бір отар уақ мал өсірілуде. Сонымен қатар, 50 гектар арпа, 7 гектар жоңышқа егетін алқап бар. Егістікке, мал азығын жинауға қызмет етіп жүрген 3 трактор бар. Былтыр мемлекеттің жеңілдіктері арқылы аталған шаруа қожалық жаңа тракторға қол жеткізіпті. Нұрбақыт бала күнінен техникаға жақын болып өсті. Бұзылған жерін әкесінің жанында жүріп жөндесіп, қызығушылық танытатын. Жаздың күні даладан трактормен мал азығы үшін шөп оратын Нұрбақытқа сол шөпті тайлайтын тағы бір тракторшы керек болады. Екінші трактор бар, бірақ механизатор жоқ. Ол үшін не істеуі керек? Алдында көктемгі егіс кезінде келіншегі Гүлдананы трактор руліне отырғызып, жер жырту жұмысында алғашқы тәжірибеден өткізіп алғаны бар. Жаздың кезінде де келіншегі Гүлданаға тракторды жүргізу үшін тетіктерді қалай басуды үйретіп, рулге отырғызды. Анау-мынау емес, шөп тайлайтын трактор. Гүлдананың да қызығушылығы бар екен. Бір-екі күн қиналып жүріп, трактор жүргізуді үйреніп кетті. Жай ғана трактор жүргізбей, шөп тайлауға да көндікті. Сөйтіп, биыл ала жаздай ерлі-зайыпты екеу екі трактормен даладан шөп дайындады. Гүлданаға трактор жүргізген қызық көрінді. Өзінің де қызығушылығы басым болды. Ол бұған дейін Тараз қаласындағы Жамбыл сервистік колледжін кондитерлік өнім дайындау маманы ретінде бітірген. Он саусағы он кісі дегендей, торттың, самса мен бәліштердің неше түрін өзі дайындай береді. Енесі Сәрсенкүлдің де жұмысы едәуір жеңілдеп қалды. Гүлдана Қайратқызы сонымен қатар, қазір көршілес Өрнек ауылындағы №17 кәсіптік колледжінде трактор жүргізушісі-механизатор мамандығын оқу үстінде. Бұйырса, алдағы жазда дипломымен қоса, тракторшы екенін растайтын куәлікті де қосып алады. Онан соң Гүлданаға трактор жүргізе беруіне болады. Әзірге жұбайы Нұрбақытпен бірге дала төсінен шөп дайындау жұмыстарына белсене қатысып жүр. Бір қызығы, Нұрбақыт пен Гүлдана Өрнек ауылында көрші тұрған. Нұрбақыттың 8 жас үлкендігі бар. Уақыт өте келе Алланың бұйрығымен, жүректерінің қалауымен бірін-бірі тапқан. Енді атқаратын жұмыстары да бір болып отыр. – Көңілімнің қалауымен Нұрбақытты таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Ата-енем де керемет ақкөңіл, жақсы кісілер. Шаруа қожалықтың басында осы үлкен кісілердің алғысын алып отырғаныма қуанамын. Менің мақсатым – Нұрбақытты қуанту, жарымның жұмысының сәтті болуына көмектесу. Жарымның ризашылығын алу үшін тракторды үйрендім. Осы әулетке қызмет ету үшін барлық қиындыққа көнуге бармын. Ата-енеме қызмет етіп жүргенімді бақыт санаймын, – дейді Гүлдана. Біз де Гүлдананың ұяң мінезі мен биязылығынан өнегелі де ұлағатты келін екенін байқадық. Алыстағы шаруа қожалықта тракторшы болып жүрген жас келіннен өзгелер үлгі алса, қанеки!  

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы