Жамбыл облысында ветеринария саласын дамыту бойынша жол картасы әзірленеді
Жамбыл облысында ветеринария саласын дамыту бойынша жол картасы әзірленеді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте ветеринария саласындағы өзекті мәселелері талқыланды. Айта кетейік, аймақ басшысының бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, «Ветеринария бойынша Ұлттық референттік орталығы», «Қазақ Ұлттық ғылыми-зерттеу институты» мамандарынан құрылған жұмысшы тобы облыс аумағындағы ахуал бойынша толық талдау жүргізген. Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек талдау қорытындысымен анықталған кемшіліктер бойынша бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Тіркелген ауру ошақтарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп, 9 896 бас ауыл шаруашылығы жануарлары қайта вакцинациялаудан өткен. Жалпы қазіргі таңда өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты. Биыл сібір жарасына қарсы 4 млн. 827 мың бас малға вакцинация жүргізілген. Бір ай ішінде жануарларды және ет өнімдерін тиісті құжатсыз тасымалдау ережелерін бұзған 9 ветеринариялық бақылау бекетіне 118 хаттама толтырылып, жалпы көлемі 4,8 млн. теңге айыппұл салынған.
Бүгінде облыстың ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты шаралар қабылдануда. Нақтырақ айтсақ, орталықтандырылған ветеринариялық қызметті құру, ветеринариялық мамандардың жалақысын 50-ден 100 пайызға дейін ұлғайту бойынша белсенді жұмыстар жүруде. Сондай-ақ, қызметкерлер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, салалық басқарма, ауылдық округ әкімдері мен статистика департаменті арасында деректерді жедел жаңарту туралы үшжақты келісім жасалған. Бұдан бөлек, сібір жарасына қарсы вакцинациялауға жататын азаматтардың тізімі жасақталып, ауыл шаруашылығы жануарларын сібір жарасына қарсы 2 рет вакцинациялау жүргізу жоспарлануда. Ақпараттық-түсіндіру шараларына баса назар аударылуда. Облыс әкімі жауапты тұдлғаларға өңірдегі ветеринария саласын дамыту бойынша арнайы Жол картасын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев табиғи ауру ошақтарын анықтауда ауыл үлкендерімен бірлесіп, зерделеу шараларын жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі